
Мәдениет басқармасы Риддер тарихи-өлкетану музейіне Франц Иванчуктың фотоальбомын табыстады
Уақытты бір сәтке тоқтатып қоятын фотографтар мен суретшілер қашан да қоғам тарапынан ерекше мәртебе ие. Кейбірі мұнымен келіспеуі мүмкін. Бірақ кейін мұрағатқа үңілгенде өткенге оралып, естеліктер еліне шегініс жасайды. Жуықта Риддер тарихи-өлкетану музейіне осы үшін арнайы бардық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәдениет ордасы болғандықтан мұнда көнерген суреттер көп кездеседі. Әрбірі туралы жекелей тақырып өрбітсе де артық емес. Барлығы қамтылмаса да, оқырман үшін тартымды бірнешеуін ұсынуға болады. Музей қызметкерлері қазір Франц Иванчуктің жүріп өткен жолы туралы жиі айтып жүр. Біз естігеніміздей, тығыршықтай, орта бойлы, өңі сұсты азамат болған. Бірақ сталиндік қуғын-сүргін кезінде Мәскеуден жырақтап, Риддерге табан тіреген. Отбасын сонда қалдырып, тағдырдың айдауымен кеншілер қаласында өмірдің жаңа парағын ашты. Өнер иесінің өмір жолына алда аз-кем тоқталып өтеміз. Музей өкілдерімен жүздескендегі мақсатымыз сол, облыстық Мәдениет басқармасы тарапынан мұндағы мекемеге аталған адамның салған суреттерін сапасы жақсы күйінде табысталған фотоальбоммен танысу. Риддер тарихи-өлкетану музейі директоры Гүлнар Бәкібаеваның сөзінше, альбомды дайындау үшін бірнеше ай жұмсалып, арнайы технология қолданылды.
– Франц Иванчук қолындағы қарындашымен парақ бетін сызып, әлденені шырамытып салса да, онысы дәлдікпен шығатын еді. Осыған дейін мұқабасы ескі альбомда кей суреті көмескілене бастаған-тұғын. Енді міне, жыл басында Мәдениет басқармасы тарапынан тамаша сыйлыққа ие болдық. Көбінде 1909-1910 жылдары, 1917-1920 жылдары салған суреттері бар. Оның бойында ерекше дарын болды. Сурет салумен ерте кезінен айналысқан, – деді Гүлнар Саттарқызы.
Суретте музей директоры Гүлнар Саттарқызы мен Марина Петрачкова
Шынымен де, Франц Иванчук 1892 жылы Мәскеуде өмірге келгенімен, 14 жасынан бастап көрген бейнесін параққа түсіре бастады. Музейдегі тарих бойынша маман Елена Путинцева бұл адамның шығармашылық интеллигенция өкілі саналғанын айтты. Мәскеуді қайта құру бойынша сәулетші де болған. – Одан бөлек, сәулетке қатысты басқа да жобаларға қатысты. Әйелі – опера әншісі, қызы – кино актрисасы болды. 1936 жылы троцкиші деген күйе жағылып, тағдыры төңкеріліп шыға келді. Қысылтаяң кезде таланты қалқан болғанға ұқсайды, жер аударумен шектелді. Сөйтіп Риддерге аялдады. Өзімен бірге сурет салуға арналған кітаптары болды. Ол мұндағы Риддер полиметалл комбинатына сәулетші болып тағайындалды. Бірақ ол уақытта қала биік ғимараттар жоқ-тын. Сол себепті сәулетші еркін көсіле алмады. Содан ешқандай партия құрамында болмауға бекініп, саяси өмірден алшақтауды қалады. Жалпы, мінезі қатал, түзу жүретін адам еді, – деді Елена Путинцева.
Франц Иванчук Риддер сәулетшісі ретінде көшелердің өзі кәдімгі үй сияқты ыңғайлы болуын қалаған көрінеді. Халық саны көбейіп, құрылыс белең ала бастағанда бар әлеуетін төккен. Гүлнар Бәкібаеваның сөзінше, сәулет, сурет өнерінен бөлек, өлкетануға мән берген адамның атына қаладағы Балалар көркем-сурет мектебіне есімі берілгені орынды. Жуықта сәулетішінің қызы Марина Петрачкова музейге соға кетіп, директорымен аз-кем әңгіме шертісті.
– Қала үшін сіңірген еңбегі орасан. Із қалдырды. Мәскеуден басқа, Риддерде басқа өмір ағысымен жылжыды. Көркем-сурет мектебі бойынша директорына да бардым. Әзірге өтініш ұсыныс қолдау таппады, – деді директор.
Не болса да, бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған суреттер өшіп қалады, бүлініп қалады деген қауіп жоқ енді. Шараның өзі Франц Иванчуктың ақпан айындағы туған күніне орайластырылған. Жыл есептеудің ескі әдісі бойынша 29-шы қаңтарда туса, жаңа тәсілге сәйкес тағы екі апта қосылуы тиіс. Сонда дейді Гүлнар Саттарқызы, сәулетшінің туған күні ақпан айының 13-не тұспа-тұс келеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер