
Риддермен қимай қоштасқан Қонаев туралы қала тұрғындары не дейді?
Димаш Ахметұлы соңғы сәтке дейін Риддерден кеткісі келген жоқ. Бірақ Орталық комитеттен шешім түсті, соны орындау керек. Мәскеуде көп өзгеріс болып жатыр, одақ көлемінде соғыс өрті әлі басылмаған. Ал кеншілер шаһарындағы комбинат соған әбден бейімделіп үлгерді. Жоғарыдан жеткен хабарды естіген соң облыс бойынша емес, күллі республикаға есімі белгілі кеніш ұжымымен қимай-қимай қоштасты. Риддер көшелерінде кетіп бара жатқан егде жастағы кез келгенін тоқтатып, Мемлекет қайраткері туралы сұраса, кемі бір-екі ауыз жылы естілікпен бөлісіп жатады. Бірақ сонаау соғыс жылдары тұрған үйінің қазіргі келбеті жанды жабырқатарлық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиындардағы алғашқы жүздесу
Өскеменнен солтүстік-шығысқа қарай тартсаңыз түкпірде орын тепкен таңғажайып шаһардан Мәскеуге шұғыл жүріп кетті. Барып-келгенше он бір күнін сарп етіп, мамырдың 20-на таман Алматыға оралды. Дінмұхамед Қонаев Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалған соң да Лениногордағы барлық дерлік өзгерістен хабардар болды. «О моем времени» атты естеліктер кітабында шаһардағы сүйінші хабар мен түрлі жаңалықты қызғана бақылап, риддерліктердің оны 1959-шы жылы республикадағы Жоғарғы Кеңес депутаты етіп сайлағанын жазады. Айтқанда сөзі, атқанда оғы далаға кетпейтін шенеуніктер Орталық комитетте жиі өзгеріс жасайтын. Ол әдебиетте де, мәдениетте те жиі байқалып жүрді. Енді Димаш Ахметұлымен жолығып, тіпті әңгіме ауаны қалыпты диалогтан келісті қалжыңға айналған ситуация куәсі болған бірнеше адамның естелігімен бөлісейік. Биыл қаңтарда 85 жас мерейтойын атап өткен Зинаида Степанова Димаш Ахметұлы Риддерге келіп-кетіп жүргенде идеологияға жауапты адам болатын. Алматы, арысы Мәскеуден жететін делегация өкілдерімен жүздесіп, маңызды жиындардың ішінде жүрді. Қонаевпен қалай, қашан жолыққандығына тоқталмас бұрын, еңбек жолындағы ең бір шешуші сәттерге тоқталып өтейік қысқаша. Әкесі Федор Степанов фин және Екіншідүниежүзілік соғыс ардагері. Бірақ неміс басқыншылары тегеуірінін күшейткен 1941-ші жылы оқ тиіп, айқас кезінде ажал құшты. Кейін Ресейдің іздеу тобы майдангердің қызына қоңырау шалып, әкесінің 1941-ші жылдың қыркүйек айында бомбалау кезінде ажал құшқанын хабарлаған. Өзі Кемеров облысына қарасты Прокопьевск қаласында орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, Алматыдағы С.Киров атындағы ҚазМУ-ға «Заң факультетіне» түседі. Оны 1962-ші жылы ойдағыдай аяқтап, Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар коллегиясында жарты жылдай тағылымдамадан өтті. Содан барып Лениногордағы заңгерлік кеңестегі қауырт жұмысқа кірісті. 22 жасында «комсомол» ретінде есепке тұрып, басшылықтағылардың сынынан өтті. 1963-ші жылдың ақпаны мен қазаны аралығында еңбектенген соң бір шешімге келді. Комсомол конференциясы ұйымдастырылып, Зинаида Степанова сол жерде идеология бойынша қалалық комитет комсомолының хатшысы болып сайланды. Әуелде екінші, сосын бірінші хатшы болды. Ол Қонаевты оған дейін етене танитын.
– Конференция мен жиындардың барлығына дерлік барып жүрдім. Сонда залда отырғанда, сөйлегенде көрдім ол кісіні. Сосын тұрмысқа шығып, комсомол құрамынан шығып кеттім. Кішкентайлы болып, оның күтіміне мән беріп, арада үзіліс пен кідіріс болды. Сосын атқару комитетіне жұмысқа шақырды. Ол кезде Қонаевты республика деңгейіндегі жиындарға қатысып, залда президиумда отырған кезінде көрдім, – деді ол.
«Қонаевты құрметтей алмадық»
Кейінірек облыстық атқару комитетінде еңбектеніп, саяси өмірдің қазанында төрт жыл қайнады. Сосын қайта Риддерге келіп, әкімшілікте (кейін әкімдік болып өзгерді) жұмыс істеді. Қызметі уақ-уақ ауысып, 1993-ші Риддер қалалық Ардагерлер кеңесінің Төрағасы етіп сайланды. Кейін аттай 21 жыл сол жерде жұмыс істеп, осы аралықта біршама тарихи тұлғамен жүздесті.
– Дінмұхамед Қонаев та, Назарбаев та келді. Назарбаев Риддерде ауқымды жиын өткізіп, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар оны «Қаланың құрметті азаматы» атағына лайық көрді. Сол кезде көпшілік Қонаевты неге ұсынбады деп өкінемін. Неліктен екенін білмеймін, осы жылдары Димаш Ахметұлын төмендете бастағаны сезілетін. Оның соңына шырақ алып түсудің қажеті не еді? Тіпті ол кісіні КОКП Орталық комитеті құрамынан шығарып тастады ғой деймін. Осының бәрі біреудің жеке амбициясы болған шығар, алайда мұндай шеттетулер жаныма қатты батты, – деді Зинаида Федоровна.
Қонаевтың қатысумен 1985-ші жылы өткен XXXVI қалалық партиялық конференция Риддерде көптеген лауазымды адамның басын қосты. Желтоқсан айында жиыны 30-ға тарта адам түскен фотосуретті Зинаида Степанова көрсетті. Бірақ өзі жоқ. Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысын жиында жақыннан көрді. Түрлі естелігімен бөлісіп жатқан қария сондағы басшылық қызметтегі бір азаматпен сөзге келмей қалған көрінеді. Конференция үзілісі кезінде сол кісіге барып, өз ісінің дұрыстығын және ол адамға ешқандай мін тағып тұрмағанын жеткізген. Кейін көңілде дақ қалмауы үшін жағдайдың ақ-қарасын қазір анықтап алған жөн.
Екеуара әңгіме шиеленісіп бара жатқанын байқаған Димаш Ахметұлы жақындап келіп, «Сіздерді бір ыдыстан тамақтандыру керек екен» деп қалжыңдаған екен.
– Сөйтсем, ол кісі менің айтқанымды толық естіпті. Не болғанын зерделеп үлгерген болуы керек, әлгі адамға оның дұрыс істемегенін айтты. Мінекей, ұзақ болмаса да, азды-кем диалог орнаған сәт осы. Иә, ол адамды халқының асыл ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері деп айта аламын. Солай қала бермек. Өте ақылды, қарапайым жан. Лениногорды сүйді. Қаланың дамуына, тау-кен ісінің ілгерілеуіне сүбелі үлес қосты. Ол кісінің алдында қарыздармыз. Көпшілік болып ұлықтауымыз керек едік, бірақ олай істемедік. Бір жағынан идеология жөніндегі хатшылар бірінші хатшының жанында еріп жүрмейтін. Бірақ ол маңызды емес, Дінмұхамед Ахметұлы қандай құрметке болса да лайық, – деді Зинаида Степанова.
Кейуана сөзінен түйгеніміз, саясат тақтасындағы ойындар әр уақытта, әр тап арасында үздіксіз жалғасып отырды. Идеологияның бір шетінде жүргендіктен ондай жайттарды анық білмесе де, топшылаған болуы тиіс. Тарихтан белгілі, ел ішінде ордадай орны, хандай қадірлі басы бар адамдардың өздері әлдебір жайттарға байланысты кек қазанына түсіп күйіп жатады. Заманауи тілмен айтсақ, интрига барлық салада, кез келген ортада бар. Тіпті, Димаш Ахметұлы етене жұмыс істеген Жазушылар одағында прозашылар арасындағы бітіспес дау әр жиында өрши түсетін. Бұл туралы жармалық қаламгер Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» роман-толғауында жазылады. Әркімнің өз шындығы бар, ұнамағанын тұғырдан тайдыруға тырысады.
Бүлінген үйде біреу тұра ма?
Осыдан бір-екі жыл бұрын Риддер тарихи-өлкетану мұражайы өкілдері Қонаевтың көзін көрген қарттардың басын қосып, жергілікті телеарнада естеліктерімен бөліскен еді. Тау өнеркәсібінде ұзақ жыл тер төккен Рыспек Дәрменбаев жас күнінде Береговая көшесінде тұрған. Ол кезде екі қабатты ағаш үйлердің бірнешеуі бар-тын. Оның Дінмұхамед Қонаевты кездестірген сәті өз алдына қызық жайт.
– 1974-ші жылдың жазы еді. Көшеге жартылай жалаңаш шықтым. Бақшада шұқылана бастап едім, қашаның сыртына қара Волга келіп тоқтады. Қарап тұрсам, көліктен Дінмұхамед Ахметұлы түсіп жатыр. Артында Александр Протозанов бастаған азаматтар, журналистер бар. Сасқалақтаған күйі тұрып қалдым. Бірақ Президентімізді бірден таныдым. Ол маған жақындап келіп, қолын созды. Жаспын ғой, толқып кеттім. Менен «Қазақсың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім бірден. Ары қарай қазақша сөйлестік біраз. Лениногор кенішінде істейтінімді айтып едім, қуанып қалды. Кетерінде жылы сөйлеп, иығымнан қақты. Сондағы алақан арқылы сезілген қуат әлі бойымда сақталған сияқты. Көзге жас келеді екен, – деді ол.
Рыспек Дәрменбаевқа осыған дейін бірнеше мәрте қоңырау шалып едік, тілдесудің сәті түспеді. Анығы сол, ол кісі қазір Астанада тұрып жатыр. Ал біршама естелік дәл сол Береговая көшесіндегі үйде сақталғандықтан, жуықта ол жаққа арнайы бардық. Мұндағы музей директоры Гүлнар Саттарқызы айтып еді, ол көшеге «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы Мақсұт Тайшыбаевтың есімі берілген деп. Вокзал жаққа жеткенімізде Светлана есімді орта жастағы әйел жөн сілтеді. «Қонаев тұрған үй қай жерде?» дегенімде, «Ол Тайшыбаев көшесінде, тура жүріп оңға бұрылғанда көрінеді» деп бағыттап жіберді. Бір айта кетерлігі, Елена Лямкина есімді экскурсия жүргізуші көктем шыға әлеуметтік желіде бейнероликпен бөліскен болатын. Онда Дінмұхамед Ахметұлы тұрған үйдің кетеуі кетіп, жылдар жүлгесімен жалғасып жатқанда қирап қалуы мүмкін екендігі айтылады. Ескере кетер жайт, бейнеролик желісіне сенсек, аталған баспанада әлі тұруға болады. Ал біз барғанда сұрқы кетіп, сүрі қашқан құрылысты ғана көрдік. Оған қоса, Риддер тарихи-өлкетану музей басшылығы ол жерде Димаш Ахметұлы тұрған үй әлдеқашан сүріліп тастағанын, қазіргі уақытта дәл содан айнымайтын баспана бар екенін жеткізді. Енді осы жерде ақиқатына жету керек. Елена Лямкинамен хабарлама жазысқанымызда қажет болса, тозған үй маңында жолығып, ол туралы ақпаратпен бөлісуге бар екенін жеткізді...
Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ (Жалғасы бар)
Фотосурет fi.pinterest.com
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер