Риддер қаласы аумағында мекен ететін жануарлар әлемін бақылап, олардың қайталанбас бейнесін фотосуретке түсіруді Александр есімді азамат бұрыннан ермек еткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Фотографтың қолында оның жапондық «Canon 60» камерасы. Фокустық қашықтығы 100 – 400 миллиметр болатын объектив оның бүгінде жан серігі. - Ең алғаш фотоаппартқа, жалпы фотосуретке түсіруге қызығушылықтың қалай басталғанын айтып берейін. «Зенит» камерасын алып, таудағы сілеусінді түсіргенмін. Бұл сезім уақыт өте келе нағыз тәуелділікке айналды, міне он жыл уақыт өтсе де жаным таудағы тылсым жаратылыстарды түсіруге құмар. Бос уақыт туа қалса мойным жан-жануар әлеміне бұрылып тұрады. Көбінде өмірлік серігімді ертіп, тау-тасты кеземін. Сөйтіп жүріп сәтті кадр шығатын шақты күтумен боламыз, - дейді фотограф. Александр өскен өлкенің табиғатын жатқа білетіндіктен оның суреттер топтамасында аң-құстар ғана емес, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкерлерін таң қалдырған таңғажайып өсімдіктер мен гүлдер бар. - Осыдан екі жыл бұрын таудың ең биігіне көтерілген тұста, қолың тисе бірден гүлін жаба қалатын ерекше өсімдікті байқадым. Суретке түсіріп алып, қорық мамандарына көрсеткенімде олар таң қалды. Анықталғандай, бұл гүлдер тау биігінде кездеседі екен. Әсіресе, Гималай тауының биігінде көп таралған, - деп қызық оқиғасымен бөлісті Александр. Дәл осылай риддерлік фотограф аймақтың флорасы мен фаунасының тарихына өз үлесін қосуда.
Пікірлер