
Түзеу мекемесіне жіберіліп, тәубесіне келмегендер өкініштің алауына қайта күйіп отыр. Ал жазықсыздан емес, жаза басқан кейбірі тағдырдың айдауымен тағы бір тосынсый берілсе, енді ол жаққа аттап баспауға бекінді. Бірақ бұл жолы істі болғандар оқиғасы емес, ел көлемінде, Шығыс Қазақстан шеңберінде түзеу мекемесі не себепті көп, колониялардың кетеуі кетіп, жылдар өтсе де, не себепті тозған кейпінен арыла алмай отыр деген сауалға жауап беріп көрмекпіз. Әуелі оған республика деңгейіндегі ресми дерек керек. Ол үшін Ranking.kz сайтының кей ақпаратың азық еткелі отырмыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қамауда қанша адам отыр?
Соңғы жылдары Қазақстанда қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және жазаны орындау тетіктерін жетілдіру бағытында бірқатар өзгеріс қолға алынды. Алайда осындай реформаларға қарамастан, қылмыстық-атқару жүйесінің материалдық-техникалық базасы әлі күнге дейін өткен ғасыр мұрасынан толық арыла қойған жоқ.
Елдегі түзеу мекемелерінің басым бөлігі бірнеше ондаған жыл бұрын, қалалардың аумағы шағын, халық саны аз әрі пенитенциарлық жүйеге қойылатын талаптар мүлде басқа кезеңде салынған. Бүгінде олардың орналасуы, инженерлік инфрақұрылымы мен қала құрылысы талаптарына сәйкестігі өзекті мәселеге айналып отыр.
Биыл 1 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 38,5 мыңнан астам адам қамауда отыр. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы – әйелдер, 75-і – кәмелетке толмағандар.
Өңірлер арасында ең көп сотталғандар Қарағанды облысында тіркелген – шамамен 4,6 мың адам. Алматы және Ақмола облыстарының әрқайсында 3,7 мыңнан адам жазасын өтеп жатыр.
Сотталғандар саны бойынша статистика төмендегідей:
Шымкент қаласы мен Түркістан облысы – 3,4 мың адам;
Жамбыл облысы – 2,9 мың;
Шығыс Қазақстан облысы – 2,8 мың адам.
Қазір республика бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты 79 мекеме жұмыс істейді.
Олардың ең көбі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан – ұзын-саны 10 мекеме. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында да жалпы саны 10 түзеу мекемесі бар (әр өңірде – бесеуден). Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент және Түркістан өңірінде де мұндай мекемелердің саны көп.
Жүйе құрылымына 29 орташа қауіпсіздік мекемесі, 16 тергеу изоляторы, 15 ең төменгі қауіпсіздік мекемесі, 11 ең жоғары қауіпсіздік мекемесі, бес аралас қауіпсіздік мекемесі, бір туберкулезге қарсы аурухана, бір төтенше қауіпсіздік және бір толық қауіпсіздік мекемесі кіреді. Сонымен бірге бір мекеме кәмелетке толмағандарға арналса, алты мекемеде әйелдер жазасын өтейді. Оның бесеуі – орташа, біреуі – ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесі.
Айтпақшы, мақала басында жаза басқаны үшін бүгінде бармақ тістеп отырғандар енді қайтіп колонияға барғысы жоқ деген едік. Материал арасында сондай бір мысал бөлісуді жөн көрдік. Шығыс Қазақстан аумағындағы қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Раушан Омарова (аты-жөні өзгертілген) рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Бір кездері қымбат көлік мініп, үлде мен мүлдеге оранғысы келген ол жеңіл жолмен ақша алып, темір тордан бір-ақ шықты.
Жас әйел бірнеше жыл бұрын ауқатты отбасында үй қызметшісі болып жұмыс істеді. Жұмыс берушілердің сеніміне кірген ол екі жылдай олардың шетел валютасындағы жинақтарынан аз-аздан ақша алып отырған. Бірнеше купюра жоғалса, ешкім байқамайды деп ойлады. Уақыт өте келе ұрланған ақшаға автокөлік сатып алып, еңбекақысы бір бөлек, өмір сүру дағдысы бір бөлек түрленді. Алайда дәл осы қымбат көлік құқық қорғау органдарының назарын аударып, түбі қылмыстың беті ашылды. Сот Раушанды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.
Қазір оның өмірі мүлде басқа арнаға бұрылған. Қоныс колониясында ер адаммен танысып, отбасын құрды. Енді сәби күтіп жүр.
– Бұрын бәрін ақша шешеді деп ойлайтынмын. Қазір бостандықтың, отбасы мен адал өмір сүрудің қадірін түсіндім. Істеген ісіме өкінемін. Енді аман-есен босанып, бұл жаққа ешқашан келмесем деп армандаймын, – дейді ол.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, рақымшылық – мемлекеттің гуманизм қағидатын көрсететін маңызды қадам.
– Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрады. Бұл әйел өз қателігі үшін жауапқа тартылды. Бірақ жазасын өтеу барысында өмірге деген көзқарасы өзгерді. Отбасын құрды, енді ана атануға дайындалып жүр. Мемлекет осындай жандарға түзеліп, қоғамнан шет қалмауға мүмкіндік береді. Рақымшылық – жауапкершіліктен босату емес, жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік, – деді Салтанат Ожиканова.
Иә, кезінде байлыққа шомылып өмір сүргісі келген Раушан қазір сәбиін бостандықта өмірге әкеліп, бұрынғы қателіктерін қайталамауға бекінген. Бірақ ол үшін шешім шыққанын күтеді.
Түрмелер тозып тұр
Енді колониялардың материалдың базасына сәл үңілейік. Қазақстан соңғы отыз жылда қарқынды урбанизация кезеңін бастан өткерді. Осы уақыт ішінде қалалардың аумағы бірнеше есеге ұлғайып, жаңа ықшамаудандар, тұрғын үй кешендері, жолайрықтар, өндірістік және әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бірақ қалалар кеңейгенімен, түзеу мекемелерінің орналасуы өзгерген жоқ.
Соның салдарынан кезінде қала шетінде немесе елдімекен шетінде салынған көптеген түрме бүгінде тұрғын аудандардың ортасында қалып отыр. Бұл енді тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес. Сарапшылар мұны қала құрылысы, жер ресурстарын тиімді пайдалану, көлік инфрақұрылымын дамыту және қалалардың ұзақ мерзімді жоспарлануы тұрғысынан да маңызды мәселе ретінде қарастырады.
Қазір жұмыс істеп тұрған 79 мекеменің басым бөлігі Кеңес Одағы кезеңінде, негізінен 1960-1980 жылдары салынған. Сол кездегі бас жоспарлар қазіргі демографиялық өсімді немесе қалалардың осыншалықты кеңейетінін болжай алған жоқ. Нәтижесінде бұрын қала сыртында болған түзеу мекемелерінің айналасына тұрғын үйлер, мектептер, сауда орталықтары, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер салынды.
Бүгінде мұндай жағдай Қазақстанның көптеген ірі қаласында байқалады. Бір кездері қала сыртында орналасқан түзеу мекемелері қазір көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымның ортасында орналасқан. Бәлкім, қайталанған мысал болуы мүмкін. Бірақ Өскемен іргесіндегі Красин кентінде сондай жағдай. Сол Леваневский көшесі. Үйінен қарға адым жердегі түзету мекемесі осыдан 3-4 жыл бұрын редакция назарын аударып, сол жаққа арнайы барған едік. Әсіресе, Леваневский көшесі, 60, 62 мекенжайында тұратын қалалықтар үй маңында тасыр-тұсыр дыбыстан ұйқы мен күлкіден айырылғандарын жанайқаймен жеткізген болатын. Темір тордың ары жағындағы көкелеріне, ауылдасына «сәлемдеме» жеткізуге ұмтылғандар төңірек тыныштығын бұзған. Қауіпсіздік мәселесі осы жерде қылаң береді. Өскемендегі ҚАЖД өкілдері түрмедегілерге көбінесе ұялы телефондар, ішімдік және тропикомид сынды тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттері жыл көлемінде жалғасатынын айтты. Әу баста маңайы мамыражай шақта бой көтерген мекемелер қазір тұрғын үйлердің дәл жанында, беймаза мезеттің есігін айқара ашқан.
Өскеменнен бөлек, Павлодар өңіріндегі жағдай бұл мысалды қуаттап тұр. Қалада қылмыстық-атқару жүйесінің төрт мекемесі жұмыс істейді.
Олардың екеуі – №45 және №46 мекемелері – әлі күнге дейін өндірістік аймақта орналасқан және бастапқы жоспарлау қағидатына сәйкес келеді. Ал №44 мекемесі мен №63 тергеу изоляторы өндірістік аймақта тұрғанымен, іс жүзінде қалыптасқан қалалық кеңістіктің бір бөлігіне айналған. Олардың маңында тұрғын үйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, қоғамдық орындар және халық көп шоғырланатын өзге де нысандар орналасқан.
Осындай жағдай Өскемен мен Павлодардан бөлек, Семей, Ақтау және басқа қалаларда кездеседі. Бұл түзеу мекемелерін орналастыру мәселесі бүгінде қылмыстық саясаттың ғана емес, қалаларды дамыту стратегиясының да маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Қазіргі урбанистика тұрғысынан алғанда, колониялардың көптігі мен қала ішінде орын тебуі бірнеше мәселені қатар туындатады. Ең алдымен, режимдік нысандар қаланың әрі қарай дамуын тежейді. Мұндай аумақтарда жаңа тұрғын үй немесе қоғамдық кеңістік салу мүмкіндігі қиындайды һәм шектеледі.
Екіншіден, қала ішіндегі жердің құны жыл сайын артып келеді. Сондықтан мұндай қымбат аумақтарды жабық режимдегі мекемелерге пайдалану олардың экономикалық тиімділігіне қатысты сұрақ туындатады.
Үшіншіден, тығыз қоныстанған аудандарда орналасқан ескі түзеу мекемелерін күтіп ұстау қауіпсіздік, инженерлік желілер мен көлік логистикасына қосымша шығын шығаруды талап етеді.
Сонымен қатар мұндай нысандар тұрғындардың белгілі бір аудан туралы қоғамдық пікіріне де ықпал етеді. Сондықтан бұл мәселе қалалардың ұзақмерзімді даму жоспарларын әзірлеу кезінде міндетті түрде ескеріледі.
Мекемелердің мәселесі неде?
Ең алдымен, өткен ғасырда салынған түзеу мекемелері мүлде басқа қағидатқа негізделіп жобаланған. Ол кездегі типтік жобалар нысандардың барынша жабық болуын, қатаң режимдік тәртіпті және ішкі кеңістіктің орталықтандырылған құрылымын көздеді. Яғни сәулеттік шешімдердің негізгі мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен бақылауды күшейту болды.
Ал сотталғандарды оқыту, медициналық көмек көрсету, психологиялық қолдау немесе кәсіптік даярлау мәселелеріне бүгінгідей басымдық берілген жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – көптеген мекеменің халықаралық стандарттарға толық сай келмеуі. Соңғы ондаған жылда жазаны орындау жүйесіне деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Соған сәйкес пенитенциарлық инфрақұрылымға қойылатын талаптар да жаңарды. Қазір түзеу мекемесі тек сотталғандарды оқшаулайтын орын ретінде қарастырылмайды. Ол адамның түзелуіне, қайта қылмыс жасау қаупін азайтуға және қоғамға бейімделуіне жағдай жасайтын әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналады.
Сондықтан заманауи түзеу мекемелерінде оқу сыныптары, өндірістік шеберханалар, медициналық бөлімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған кабинеттер, сондай-ақ оңалту бағдарламаларын өткізуге арналған арнайы орындар қарастырылады. Дамыған елдерде мұндай нысандардың сәулеті қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, сотталғандардың қайта әлеуметтенуіне қолайлы орта қалыптастыру қағидатына сүйеніп жобаланады екен.
Ал Шығыс Қазақстанда неге түрме көп деген сауал жауабын сарапшылар кеңестік заманнан қалған пенитенциарлық инфрақұылыммен және өңірдің тарихи ерекшелігімен байланыстырып отыр.
Асыл АЙТБАЕВ
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер