
Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
Жаза түрлері төмендегідей:
Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға айыппұл; түзеу жұмыстары; қоғамдық жұмыстарға тарту; қамаққа алу; шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкiн.
Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазалар: айыппұл; түзеу жұмыстары; қоғамдық жұмыстарға тарту; бас бостандығын шектеу; бас бостандығынан айыру қолданылуы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу; арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру; шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
Айыппұл – ҚР Қылмыстық Кодексінде көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу болып табылады.
Айыппұл тағайындау кезінде оның мөлшері мен төлеу мерзімін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайына, оның жалақы немесе өзге де кіріс алу мүмкіндігі ескеріле отырып айқындалады.
Айыппұл төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі және сот үкімі бойынша үш жылдан аспайды.
Түзеу жұмыстары – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды.
Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.
Бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және оны жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқып жүрген сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жазасы алты айдан аз мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған не ауыстырылған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
Қамаққа алу он тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.
Кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдерге, жас баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға қамаққа алу жазасы тағайындалмайды және жазаны ауыстыру ретінде қолданылмайды.
Бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы оны қоғамнан оқшаулаудан тұрады.
Бас бостандығынан айыруға сотталған, үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне орналастырылады.
Сондықтан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жазасыз қалмайтындығын естен шығармаған жөн.
Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу сотының аға сот приставы
Рашид Ахметов
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер