
Мамыр айының соңы – балықтардың уылдырық шашу кезеңі. Осыған байланысты су айдындарының басым бөлігінде балық аулауға тыйым салынған. Бұрын осы секілді шектеулердің шағын өзендер мен көлдерге қатысы жоқ болатын, алайда енді заңнамаға өзгерістер енгізілді. Осы көктемнен бастап жергілікті маңызы бар су айдындарында уылдырық шашу кезінде балық аулауға болмайды. Көптеген балықшы бұған наразылық білдіруде. Бұған қатысты Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров осы маусымда қай жерде және қашан балық аулауға болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Шығыс Қазақстанда уылдырық шашу кезеңі қашан өтеді?
– Өңірде балықтардың уылдырық шашуының екі кезеңі бар: көктемгі (сәуір-маусым айларында) және күзгі – ақбалық тұқымдас балықтар үшін (10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін). Бұл балықтар күзде көбейеді, сондықтан сол уақытта оларды аулауға болмайды.
– Көктемгі уылдырық шашу кезеңінде қай жерлерде балық аулауға тыйым салынады? Өткен жылмен салыстырғанда өзгерістер бар ма?
– Иә, биыл бірқатар өзгеріс бар. 13 мамырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Балық ресурстары мен басқа да су жануарлары объектілерін, олардың бөліктері мен туындыларын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» бұйрығы күшіне енді. Не өзгерді? Біріншіден, жаңа бұйрықта географиялық координаттар көрсетілді. Енді балықшылар уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салынатын аумақтарды нақты анықтай алады. Бұрын тек мәтіндік сипаттама болса, енді геолокация үшін координаттар да берілген. Екіншіден, енді балық аулауға тыйым Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары аумағындағы барлық жергілікті маңызы бар су айдынына таралады. Бұрын мұндай болмаған.
– Нақты қай жерлерде және қандай мерзімдерде балық аулауға тыйым салынады?
– Зайсан-Ертіс бассейні бойынша шектеулер мен тыйымдар жоғарыда аталған министр бұйрығында нақты көрсетілген. Балықтардың уылдырық шашу және көбею кезеңінде келесі орындар мен мерзімдерде балық аулауға тыйым салынады:
1. Жайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының Қарақастан бірінші Батин шоқысына дейінгі көлдік-өзендік бөлігінде (Миролюбовка ауылы мен жазғы демалыс базалары маңы), су қоймасының екі жағалауында 83°40'23.19" 49°02.20", 83°43'11.12" 48°57'3.10" координаттарынан бастап және барлық саласында – 2026 жылдың 16 сәуірінен 30-мамырына дейін;
2. Бұқтырма су қоймасының терең бөлігінде бірінші Батин шоқысынан (Миролюбовка ауылы мен жазғы демалыс базалары маңы) бастап, екі жағалау бойымен 83°40'23.19" 49°0'2.20", 83°43'11.12" 48°57'3.10" координаттарынан Бұқтырма ГЭС-іне дейін және барлық саласында – 1 мамырдан 15 маусымға дейін;
3. Өскемен су қоймасында, Ертіс өзенінде Өскемен ГЭС-інен Шүлбі су қоймасына дейін және барлық саласында – 10 мамырдан 10 маусымға дейін;
4. Шүлбі су қоймасында, Ертіс өзенінде Шүлбі ГЭС-інен Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін және барлық саласында – 16 сәуірден 30 мамырға дейін;
5. Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары аумағындағы жергілікті маңызы бар су айдындарында, Ертіс өзенінің Абай облысының әкімшілік шекарасынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі жайылмалық су айдындарында – 16 сәуірден 30 мамырға дейін.
– Қарапайым тілмен айтқанда, 30 мамырдан кейін қай жерлерде тыйым аяқталады?
– 30 мамырда әуесқой балық аулауға қойылған тыйым жергілікті маңызы бар су айдындарында, Шүлбі су қоймасында, Зайсан көлінде және Бұқтырма су қоймасының Қарақастан бірінші Батин шоқысына дейінгі көлдік-өзендік бөлігінде аяқталады. Бұл таяз аймақтар болғандықтан, мұнда уылдырық шашу ерте басталып, уақытынан бұрын аяқталады.
– Уылдырық шашу кезінде әуесқой балық аулағаны үшін қандай әкімшілік айыппұл қарастырылған?
– Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, мұндай құқықбұзушылық алғаш рет тіркелсе, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383 бабы). Егер айыппұл жеті күн ішінде төленсе, оның мөлшері 5 АЕК-ке дейін азаяды.
– Уылдырық шашу кезеңі аяқталған соң бір адамға жолдама рәсімдемей қанша балық аулауға рұқсат етіледі?
– Резервтік қордың еркін аумақтарында бір адамға бір шыққанда бес келіге дейін балық аулауға болады. Егер одан көп аулау жоспарланса, жұмыс күндері ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан (Өскемен қ., Борис Керімбаев көшесі, 19) рұқсат алу қажет.
– Қандай жағдайда балық аулауға жолдама рәсімделуі тиіс?
– Егер балық аулау белгілі бір пайдаланушыға бекітілген балық шаруашылығы су айдындарында немесе учаскелерінде жүргізілсе, жолдама міндетті. Мұндай жерлерде балық аулауға тек жолдама негізінде рұқсат етіледі. Учаске пайдаланушыларының байланыс деректерін инспекциядан білуге болады. Әдетте жолдаманы сол жерде рәсімдеуге болады. Ал электронды жолдаманы poymay.kz коммерциялық порталы арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін облысты, су айдынын, учаскені таңдап, жеке деректерді енгізіп, төлем жасап, электронды жолдама алу қажет.
– Қай аумақтардың резервтік қор екенін және қай жерлерде жолдама қажет екенін қалай білуге болады?
– Пайдаланушыға бекітілген аумақтарда міндетті түрде арнайы үлгідегі үлкен ақпараттық тақтайшалар орнатылады. Онда учаске пайдаланушысы мен жолдама алу тәртібі туралы толық ақпарат көрсетіледі.
– Жолдама рәсімделмесе не болады? Айыппұл қарастырылған ба?
– Иә, алғаш рет құқықбұзушылық жасалған жағдайда 10 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар ауланған балықтың салмағына сәйкес келтірілген залал өтеледі.
– Қандай балық аулау құралдарына рұқсат етіледі?
– Спорттық-әуесқой балық аулау қармақтардың барлық түрімен бір балықшыға бес ілмектен аспайтын мөлшерде, суасты аулау мылтықтарымен, қақпандармен, мормышкалармен, ілмектермен және бір балықшыға үш данадан аспайтын шаян аулағыштармен жүргізіледі.
– Қазақстанның басқа өңірлерінде қауіпсіздік мақсатында түнде балық аулауға тыйым салынғаны рас па?
– Иә, кей облыстарда түнгі уақытта және таңертең балық аулауға тыйым салынған. Мұндай ереже кеңес заманында да болды. Алайда әзірге Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында мұндай шектеу жоқ.
– Балықшылар қосымша ақпарат алу үшін хабарласа алатын телефондар бар ма?
– Иә, балық шаруашылығы бөлімінің телефондары: 24-20-54, 41-52-22. Жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 08:30-дан 18:00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 12:30-дан 14:00-ге дейін.
Төменде Өскемен маңында балық аулауға болатын орындар туралы ақпарат берілген.
«Балықшы аумағы» (Сол жағалау саябағы)
Орналасқан жері: саябаққа «Magnum» супермаркеті жағынан кіруге болады, этноауыл маңы.
Шарттары: дүйсенбіден басқа күндері күн сайын форель аулауға болады.
Қармақ пен жемді жалға алу – 700 теңге.
Қосымша:
– ашық беседкалар мен 15–30 адамға арналған үйлерді жалға алу;
– балық дайындау – бір данаға 2000 теңге;
– жағажай аумағында қайық пен катамаран жалға беріледі.
Байланыс нөмірі: 8-705-123-11-20.
«Шығыс Универсал» ЖШС (форель фермасы)
Орналасқан жері: Өскеменнен Самар тасжолы бойымен шамамен 22 шақырым жерде: Самсоновка ауылынан өткен соң – солға бұрылу – Ново-Троицкое ауылы – оңға бұрылу, кейін солға және теміржол өткелі арқылы (жол бойында форель фермасына бағыттайтын белгілер бар).
Шарттары: форель аулау күн сайын сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін, сейсенбі – демалыс күні. Қармақты жалға алу – сағатына 1500 теңге. Ауланған форель үшін төлем әр келісі 5200 теңге есебімен жүргізіледі. Ферма маңында Ертіс шығанағы орналасқан. Мұнда спорттық балық аулауға жолдамалар да беріледі. Бір күннен үш күнге дейінгі жолдама – 1500 теңге, бір айға – 6000 теңге.
Қосымша:
– беседкаларды жалға алу (демалыс күндері сағатына 3000 теңгеден бастап);
– балықтарды қоректендірумен топтық экскурсия (10 минутқа 1000 теңге);
– балықты тазалау, өңдеу, ыстау және грильде дайындау;
– қайықтар мен катамарандарды жалға алу.
Байланыс нөмірі: 8-705-752-52-25.
Instagram: forel.uka.
«Алтай Альпісі» демалыс орталығы
Орналасқан жері: Таулы Үлбі ауданы, Өскеменнен 38 шақырым жерде. Мұнда демалыс және мереке күндері форель аулауға болады.
Шарттары: төлем ауланған балықтың салмағына қарай есептеледі – әр келісі 6 000 теңге. Балыққа арналған жемі бар қармақты жалға алу – 3 500 теңге. Көл жағасындағы үстелді жалға алу – екі сағатқа 3 500 теңге (екі сағаттан аз уақытқа берілмейді).
Қосымша:
– балық қуыру – бір данаға 2 000 теңге;
– беседкаларды жалға алу.
Байланыс нөмірі: 8-777-401-53-60.
Instagram: altay_alps.
«Гранд Фиш» ЖШС
Орналасқан жері: Өскемен – Алтай тасжолы бойымен, Ермаковка ауылы. «Гранд Фиш» ЖШС спорттық-әуесқой балық аулауға жолдамалар сатады.
Өскемен су қоймасының екінші учаскесі (Ермаковка ауылынан Огневка ауылына дейін). Бір реттік жолдаманың бағасы: бір адамға 1000 теңге.
Шарттары: балық аулау күн сайын, демалыссыз жүргізіледі. Жолдаманы рәсімдеу үшін 8-705-305-70-61 нөміріне хабарласу қажет.
Қосымша:
– балықшыларға барлық керек-жарақты өздері алып келу қажет;
– аумақта беседкалар мен демалыс үйлері жоқ.
Байланыс нөмірі: 8-705-305-70-61.
Instagram: @grandfish.kz.
«EcoFish.vko» демалыс және балық аулау аймағы
Орналасқан жері: Өскемен–Семей тасжолы бойымен қаладан 20 шақырым жерде, Саратовка ауылына жетпей.
Шарттары: Балық аулауға кіру тегін. Өз қармағыңызбен келуге немесе жалға алуға болады (сағатына 900 теңге).
Ауланған балықтың бағасы:
– сазан – келісі 4000 теңге;
– бекіре – келісі 8000 теңге.
Қосымша қызметтер:
– жабық беседкаларды жалға алу (күніне 30 000 теңге);
– 6–7 адамға арналған ашық беседкалар (күніне 10 000 теңге);
– балалар ойын алаңы;
– мейрамхана залын жалға алу;
– караокесі бар VIP-зал.
Кешен аумағына кіру және автотұрақ – тегін.
Жұмыс күндері жеңілдіктер қарастырылған.
Байланыс нөмірі: 8-705-135-31-15 (Дмитрий).
Instagram: Ecofish.vko.
«Изумрудный» шипажайы
Орналасқан жері: Таулы Үлбі ауданы, Өскеменнен шамамен 30 шақырым жерде. Мұнда демалыс және мереке күндері келуге болады. База аумағына кіру – автокөлікке 1000 теңге.
Шарттары: форель аулау. Төлем ауланған балықтың салмағына қарай есептеледі – әр келісі 6000 теңге. Қармақ пен барлық қажетті құралды үйден алып келуге болады немесе жалға алуға болады (қармақ пен жемді жалға алу – 3500 теңге).
Қосымша:
– балықты тазалап, ыстау – 2000 теңге;
– серуендеу, балалар алаңы, кәуап пісіру, ашық беседкаларды жалға алу.
Байланыс нөмірі: 8-777-401-53-50.
Instagram: izumrudniy_vko.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер