Ақын, жазушы Александр Пушкин атындағы облыстық кітапхананың 130 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір ғасырдан астам тарихы бар кітапхана өңірдің мәдени мұрасын сақтап, білім мен рухани дамудың маңызды орталығына айналып үлгерді. Осынау маңызды мерейтойға қала әкімі, кітапхана серіктестері мен қонақтары қатысты. Алдымен кітапхана аумағында орналасқан А.С.Пушкин мүсініне Ресей Федерациясының консулдығы өкілдері мен кітапхана директоры гүл шоқтарын қойды.
– Бұл кітапхана өзінің бай дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи талаптарға сай дамып келеді. Рухани орда ұлтаралық келісім мен ұрпақ тәрбиесін басты назарға қойып жұмыс істейтін кітапхана ретінде белгілі. Студент кезімде осы кітапхана маңында тұрдым. Ең алғаш компьютермен де осы кітапхана қабырғасында таныстым. Іздеп келген ақпаратыңның барлығын табуға болады. Бүгін осы кітапхана ұжымын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деп қала әкімі Алмат Ақышов.
Руханият ордасында «Кітапхана тарихы», «Кітапхананың 30 жетістігі», «Болашақтың кітапханасы» және «Жұлдызды дәуір» атты көрмелер ұйымдастырылды. Кейін жас кітапханашылар Пушкин өлеңдерін бірнеше тілде мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар өңірдің мәдени дамуына қосқан үлесі, жоғары кәсібилігі мен абыройлы еңбегі үшін кітапхана қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
– Бірнеше ұрпақты тәрбиелеген тарихы терең кітапхананың әр даму қадамы көз алдымызда өтіп жатыр. Оқу-ағарту ісімен етене байланысты бұл кітапхана қызметкерлерін құттықтаймын. Осы қабырғада өнер мен руханият иелерінің кездесулері мен түрлі шара өтеді. Осы шуақты күнде кітапхана ұжымын мерейтойымен құттықтап, дамуы мен өркендеуін тілеймін! – деді қоғам қайраткері, мәдениет пен өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.
Шара барысында ән мен биден шашу шашылды. Кітапхана серіктестері ақжарма тілектерін білдіріп, сыйлықтарын табыстады. Кітапхана директоры Назымгүл Тілеубекова қонақтарға алғысын жеткізді.
Айта кетейік, кітапханаға есімі берілген орыс ақыны А.С.Пушкиннің туған күні ертең, яғни 6 маусымда атап өтіледі. Биыл бұл дата кітапхананың 130 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Пікірлер