Биыл екінші рет ұйымдастырылған сайысқа өңірдің қала-аудандарынан 14 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқауға облыстың екі қаласы мен 11 ауданынан 700-ге жуық оқушы қатысқан. Алдымен аудандық және қалалық деңгейде іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, үздік командалар облыс орталығындағы финалға жолдама алды.
«Шығыс жастары» орталығының директоры Айдос Әділбековтің айтуынша, байқаудың басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алуға шығармашылық арқылы үлес қосу.
- Бұл байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Негізгі мақсатымыз – «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттап, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту. Сонымен қатар іс-шара 2026-2027 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысындағы жастар саясатын іске асыру жөніндегі өңірлік стратегия аясында өткізіліп отыр, – деді Айдос Әділбеков.
Облцс прокурорының аға көмекшісі Сәуле Губашеваның сөзінше, мұндай жобалар жастарға заң талаптарын түсіндіріп, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
- Елімізде екі жылдан бері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Басты назар жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударылған. Себебі жастар – біздің болашағымыз. Бүгін сахнада өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген оқушылар өз шығармашылықтарын көрсетті. Қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары, – деді Сәуле Губашева.
Байқауда қатысушылар өз қойылымдары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Глубокое ауданының оқушылары кибербуллинг тақырыбын сахналаған.
- Байқауға Глубокое ауданындағы үш мектептің оқушылары бірігіп қатысып жатыр. Біз мектеп өмірі туралы қойылым дайындадық. Онда кибербуллинг мәселесін көтердік. Қазылар жұмысымызды әділ бағалайды деп сенеміз, – деді Глубокое ауданындағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы Махаббат Алмасқызы.
Ал Самар ауданының қатысушылары «Жеңіл ақша – ауыр жаза» атты қойылым ұсынды. Онда есірткі мен нашақорлықтың қоғамға тигізетін зияны көрсетілді.
Байқау қорытындысында барлық команда марапатталды. Жүлделі үшінші орынды Марқакөл ауданының командасы иеленіп, 100 мың теңге сыйақы алды. Екінші орын Тарбағатай ауданына бұйырып, командаға 150 мың теңге табысталды. Ал бірінші орынды Глубокое ауданының оқушылары жеңіп алып, 200 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Пікірлер