A+ A A-

talgatzhan 53 Бүгін, 16:45 0

Өскеменде қабылдаушы отбасылардың алғашқы кездесуі өтті

Бүгін / Өскемен

«АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының «Бала асырап алу ұлттық агенттігі» жобасының 10 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысындағы қабылдаушы отбасылардың алғашқы бейресми кездесуі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Funky Town балалар ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған іс-шараға қабылдап алған балаларды тәрбиелеп отырған өңірдің 20-дан астам отбасы қатысты.
Кездесудің мақсаты — баланы отбасына қабылдау институтын нығайту, бір-біріне қолдау көрсететін ата-аналар қауымдастығын дамыту, тәжірибе алмасуға және мамандардан психологиялық қолдау алуға мүмкіндік жасау.
- Бала асырап алу ұлттық агенттігі қабылдаушы отбасылармен тек мереке күндері ғана жұмыс істемейді. Біз оларға бала жанұяға келгенге дейін де, одан кейінгі жылдар бойы да кеңес беріп, қолдау көрсетеміз. Бұл кездесу — сол жұмыстың жалғасы. Біз үшін қабылдаушы отбасыларды бір ортаға жинап, ата-аналардың танысып, пікір алмасып, тәжірибесімен бөлісіп, бір-бірінен қолдау табуына жағдай жасау маңызды болды. Балаларға қуаныш сыйлап, ересектерге тынығып, пікірлес жандармен танысып, бір-бірін түсінетін әрі қолдайтын үлкен қауымдастықтың бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік бергіміз келді», - деді «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік өкілі Наиля Оңғарбаева.
3-15 жас аралығындағы балалар еріктілермен бірге түрлі аттракциондарға мініп, мерекелік дастарқаннан дәм татып жатқанда ересектерге арналған жеке бағдарлама ұйымдастырылды.
«АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры «Ана үйі» ресурстық орталығының психологі Лейла Әбішева ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас тақырыбында тренинг өткізді. «Қабылдаушы ата-ананың күші» және «Ата-ананың тәжірибе қоржыны» атты практикалық бөлімдер эмоционалдық қажудың алдын алуға, бала тәрбиесіндегі тиімді тәсілдермен бөлісуге және баланың жаңа отбасына бейімделу кезеңінде онымен дұрыс қарым-қатынас орнату жолдарын талқылауға арналды.
Кездесуде ата-аналар қауымдастығын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Өйткені қабылдаушы ата-аналар үшін өздерімен ұқсас жолдан өтіп келе жатқан жандармен араласудың маңызы зор.
- Біз қабылдаушы ата-ана болғанымызға тоғыз жылға жуықтады. Отбасымызда туған және тәрбиеге алған бес баламыз өсіп келеді. Осы жылдар ішінде әртүрлі сұрақтар мен қиындықтар туындайтынына көз жеткіздік. Мұндай кезде жалғыз емес екеніңді білу өте маңызды. Қабылдаушы ата-ананы кім шын түсіне алады? Бәлкім, басқа қабылдаушы ата-ана ғана түсінетін шығар. Осындай кездесулерде біз бір-бірімізді сөзсіз-ақ түсінеміз. Ұлттық бала асырап алу агенттігі мамандарының қолдауы біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Агенттіктің бізге осындай мүмкіндіктер жасап жатқаны қуантады, - деді қабылдаушы ана Людмила Голяшова.
Кеш соңында отбасыларға алғыс хаттар мен тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттар табысталды.
Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысында отбасыларға арналған бейресми мерекелік кездесулер өткізу, сарапшылар қатысатын дөңгелек үстелдер мен пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және баланы отбасына орналастыру жүйесін дамыту мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, қорғаншылық органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, сарапшылар мен қабылдаушы ата-аналар қатысады.
Бұл бағыттағы жұмыс әлі де өзекті. Өңірдегі интернаттық ұйымдарда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жүздеген бала тәрбиеленіп жатыр. Мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының бірлескен күш-жігері әр баланың отбасында өсуіне жол ашады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив