Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жол айырығы құрылысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол мердігерлерге жұмыс сапасы мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне басымдық беруді тапсырды. Нұрлыбек Нәлібаев құрылысты белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтау керектігін атап өтті. Айтуынша, нысанды пайдалануға беру кезінде адам өміріне қауіп төнбеуі ескерілуі қажет.
– Сапаға қатты мән беріңіздер. Егер көлік қозғалысына кедергі келтіріп, адам өміріне қауіп төнсе, нысанды толық аяқтаған соң ғана ашу қажет. Ал қауіпсіздік талаптары сақталса, жолды кезең-кезеңімен ашуға болады. Жазда келгенімде өтініштеріңізді тыңдап, Үкімет басшысына жеткізген болатынмын. Қаражат бөлінді, енді жұмысты сапалы атқарыңыздар, – деді Нәлібаев.
Бұған дейін жол айырығын келесі жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылысты созбай, келер жылдың көктемінде аяқтауды тапсырды.
– Қаражат жеткілікті. Биыл тағы 16 миллион теңге бөлдік. Екінші жартыжылдықты күтпей, мамыр айында аяқтаңыздар. Сәуірде күн жылынса, асфальт төсеу жұмыстарын бастауға болады. Оған дейін қалған ұсақ жұмыстарды толық бітіріп алыңыздар. Көпір сапасы жақсы болуы керек. Бұл – халықтың көптен күткен жобасы. Ең бастысы, жол тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болсын, – деді ол.
Белгілі болғандай, жол айырығы құрылысының жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Қазір жобаның 71 пайызы орындалған.
– Жобаны толық аяқтау үшін тағы 11 млн теңге қажет. Осы аптада Еуропадан қажетті құрылғылар жеткізіледі. Жолды кезең-кезеңімен ашуды жоспарлап отырмыз. Алдымен Сәтпаев даңғылын, кейін көлік ағыны көп әрі кептеліс жиі болатын Есенберлин даңғылын ашу көзделген, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі автомобиль жолдары сапасына да назар аударды. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы тапсырмасымен жол сапасын қадағалап, бақылау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына ғалымдар, Құрылтай депутаттары мен жол саласы мамандары кірген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жол құрылысы мен жөндеу кезінде сапа талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Қазір шаһарда 133 мың көлік тіркелген. Жаңа жол айырығы қаладағы көлік кептелісін азайтып, қозғалысты жеңілдетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Айта кету керек, жол айырығының құрылысы 2023 жылы басталды. Жоба 39 айға жоспарланған және үш кезеңнен тұрады. Қазіргі мәлімет бойынша, кірме жолдары бар айналма жол құрылысы 95 пайызға, жол өткелдері мен көпір құрылысы 61 пайызға, ал айналма жол құрылысы 47 пайызға орындалған.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер