
Made in China: қытайлық автоөндіріс әлем нарығын жаулай ма
Кейінгі екі жылда Қазақстан автонарығында қытайлық көліктердің үлесі тым артқанын байқау қиын емес. Елде сатылған әрбір үшінші көлік қытайлық брендтерге тиесілі. Бұл тенденция бізде ғана емес, әлем нарығында да қайталануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform-ға сілтеме жасап.
Жаңа автомобильдердің 38 пайызын алды
Қазір Қазақстанда ресми сатылып жатқан 15 қытайлық автобренд бар. Тізбектеп айтар болсақ, JAC, Jetour, Hongqi, Chery, Changan, Haval, Tank, Exeed, Geely, Zeekr, FAW, Omoda, Jaecoo, GAC және Kaiyi. Дегенмен бұл тізбек арта беретіндей, мәселен, қарашаның басында Rox Motor маркасы да Қазақстанға келетінін жария етті.
Kolesa.kz мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстанда 83 220 жаңа автомобиль иесін тапқан. Оның 32 мыңға жуығы, яғни, 38 пайызы қытайлық көліктер екен. Ал елдегі ең өтімді 10 көлік маркасының алтауы шығыстағы көршімізге тиесілі. Осы тұста биыл Қазақстанда ең көп сатылған қытайлық автомобильдер тізіміне көз жүгіртсек.
Осы жерде ресми дилер орталықтарынан бөлек, шетелден көлік алып келетін жеке тұлғалардың да барын айта кетейік. Қаржы министрлігінің дерегіне сенсек, 2024 жылдың алғашқы 10 айында шетелден келген 143 мың автомобиль рәсімделіп, 291,4 млрд теңге кедендік баж бен салық төленген. 143 мың машинаның 80 пайызы жеңіл автокөліктер екенін айта кетейік.
Бірақ ведомство ел аумағына кіргізілген автокөліктер нақты қай мемлекеттерден келгенін жіктемеген екен. Біздің болжамымыз бойынша, қазір көлік сататын жекелеген автосалондар тым көбейді. Ондағы машиналардың басым бөлігі тікелей Қытай автонарығынан әкелінеді. Бұдан кейінгі қатарға Оңтүстік Корея мен Грузияны қоя аламыз.
Ескі көліктердің азаюына септесуде
Екінші тұстан қытайлық автокөліктердің көбеюі ел автопаркінің жаңаруына себепкер болғанын айта кетейік. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5,57 млн-ға жетіпті. Оның жартысына жуығына 20 жылдан асып кеткен. Яғни, 2004 жылдан бұрын нарыққа шыққан ескі көліктердің үлесі тым көп. Міне, осы кемшіліктің орнын толтыруда қытайлық автомобильдер айтарлықтай рөл ойнап тұрғанын жасырмаймыз.
Бәрі бағаға байланысты, шығарылғанына 10 жылға жуықтаған, тиімді саналатын жапондық көліктерді тізгіндеу үшін жағдайына қарай 10-12 млн теңге жұмсауыңыз мүмкін. Ал бұл қаржыға қажет десеңіз қытайлықтар жаңа кроссовер ұсына алады.
Қазақстанда биыл сатылып жатқан әрбір үшінші көлік қытайлық марка екенін танымал автокөлік сарапшысы Олжас Оқас та жиі қайталап жүр. Дегенмен бұл тақырыпта сынауға да, мақтауға да тұрарлық тұстар бар.
Кейінгі жылдары қытайлық автокөліктердің нарыққа жаппай кіруіне себеп – халықтың сұранысына сай өнім шығаруы. Мысалы, Қытай көліктерінің электроникасы премиум санатқа ұқсайды. Бірақ қытайлық көлікке сенімнен гөрі, скепсис басым. Негізгі үш проблема: электроника тым көп, вариатор мен робот күмән туғызады. Турбиналық қозғалтқыштардың көлемі кішкентай. Сондықтан Қытайдан алсаң, ресми автомобиль алған жөн, – дейді автосарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі қаптаған қытайық автомодельдің ішінде уақыт өте келе саусақпен санарлығы ғана қалады. Жоғарыда келтіргеніміздей, елдегі қытайлық автобрендтер саны 15-ке жетті. Бірақ соның бәрі түбінде нарық тезінен өтіп, іріктеліп, бәсекеге шыдас бере алған 2-3 марка ғана орнында қалмақ.
– Біздің халық 1-2 жыл жүрген соң құнын қатты жоғалтпайтын машинаны жақсы көреді. Қытайдың жүрілген көлігін сатып алу үлкен тәуекелге барумен бірдей. Сондықтан асығыстық танытпай тексерілген маркаларды алуға кеңес беремін. Қытай көліктері нарыққа ұзаққа келді. Оның ішінде жапон, кәріс өндірісімен нақты қайсысы бәсекелесе алатынын уақыт көрсетеді, – дейді Олжас Оқас.
Бір сөзбен айтқанда, қытайлық маркаларды сатып алу қазір асығыс шешім саналуы мүмкін. Нарықты кемі 2-3 жыл бақылап, нақты қай автомобиль түрлері бәсекелестікке қабілетті әрі болашағына сеніммен қарауға болатынын білген жөн. Алайда ескіден шаршап, жаңа көлік алуға асыққан жұртшылық уақыт оздырғысы келмейтіндей көрінеді.
АҚШ пен Еуропа қарсы ұстанымда
Жалпы, қытайлық автоөндірістің ілгерілеуі АҚШ пен Еуропа билігіне аса ұнап отырған жоқ. Әуелде сапа жағына мін тағып, тұтынушылардың көңілін айнытқысы келді. Кейін Қытай билігінің өз автоөндірушілеріне субсидия беріп, бағаны қолдан төмендеткенін айыптады. Бірақ сұраныс азаймады. Ақыры аталған елдер ресми шектеулер арқылы тосқауыл қоюға ұмтылуда. Биыл мамырда АҚШ басшысы Джо Байден Қытайдан келетін бірқатар тауар үшін сұралатын баж салығы өзгеретінін хабарлаған болатын. Негізгі өсім электромобильдерге әсер етті, себебі тариф 25-тен 102 пайызға өскен. Осылайша, ел билігі Қытай компанияларына жергілікті нарықта заңды түрде сауда жасауға тыйым салды десе болғандай.
АҚШ президенті кеден саясатындағы бұл шешімді америкалық автоөндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін жасағанын түсіндірді. Қытайдың арзан электромобильдерінің елде таралуы бүкіл салаға қауіп төндіруі мүмкін – жалпы экономикаға, әсіресе зауыт жұмысшыларына.
Алайда сарапшылар Қытай ұқсас шаралар енгізеді және бұл Америка экономикасына кері әсер етеді деп қауіптенеді. Қытай нарығында америкалық автоөндірушілер де бар, мысалы, Chevrolet және Cadillac, ал Buick үшін Қытай басты нарыққа айналды. Бұған қоса АҚШ литий-ионды аккумуляторға баж салығын 7,5-тен 25 пайызға өсірді.
АҚШ-тың негізгі United Auto Workers кәсіподағы Байденді қолдаған. Ал BMW және Stellantis сияқты бірқатар компания басшылары мұндай тәжірибе адал бәсекелестік пен еркін нарыққа әкелмейді деп мәлімдеген.
Дәл осы тәжірибені Канада мен Еуропа елдері де жалғастыра кетті. Алғашқысы қытайлық электромобильдерге 100 пайыз салық белгілесе, келесісі еуропалық брендтерге салықты азайтып, қытайлықтарға көбейтіп отырды. Дегенмен көп ұзамай Geely (19.3 %), BYD (17 %) өнімдеріне жеңілдік жасады.
Қазір тіпті әлемге танымал автобренд басшыларының өзі қытайлықтардың қарқынынан сескене бастады. Мысалы, биыл қыркүйекте Wall Street Journal басылымы хабарлағандай, жергілікті автоөнеркәсіптің даму деңгейіне алаңдаған топ-менеджерлер Қытай өндірушілері Еуропа мен Америкадан озып кеткенін мойындаған. Басылым дереккөзі Ford басшылары Қытайға америкалық концерн мен Changan арасындағы бірлескен кәсіпорын шаруасымен барғанын мәлімдеді. Сапар барысында серіктестің тест-драйвтан өткен жаңа моделінен қонақтар ерекше әсер алған. Ford басшысы Джим Фарлидың айтуынша, Қытайдағы жағдай 1980 жылдардағы жапон автомобиль өнеркәсібінің қарқынды даму кезеңін еске түсіреді, сол кезде Toyota, Honda тәрізді компаниялар беделді брендтерге айналған еді.
Осыдан сабақ алғандай Ford компаниясы 2027 жылы нарыққа арзан электрокар ұсынуды жоспарлап отыр екен. Концерн басқа өндірушілер сияқты толық электрлі көлік өндірісіне көшуден бас тартып, іштен жанатын қозғалтқыш пен гибрид құрылымын шығаруды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Дәл сол кезеңде Reuters және Bloomberg жаһанға танымал неміс маркасы Volkswagen Қытайдағы бір зауытын жабуы мүмкін екенін жазды. Жылына 360 мың көлік құрастырғанымен, сұраныс өте аз. Компания осыған ұқсас жағдайды Еуропада да бастан кешіріп жатыр, сарапшылар себеп ретінде электромобильге сұраныстың төмендеуін алға тартқан.
Қарсылықтарға қарамастан қытайлық автомобильдер саны әлемде еселене беретінін ешкім жоққа шығармайды. Жазда AlixPartners сарапшылары 2030 жылға қарай дүниежүзінде сатылатын әрбір үшінші жаңа автомобиль қытайлық болатынын болжады.
Сапасына сенім арта аламыз ба?
Енді тұтынушы назар аударатын басты мәселелер – сапа мен тиімділік жағына ойыссақ. Автокөлік өндірісінде өткен ғасырдан бері қазақстандықтар мен әлем жұртына көбіне неміс, жапон маркалары жақсы танымал болғаны белгілі. 2000-2010 жылдар аралығында жаһандық нарыққа кореялықтар толассыз автомобильдерін ұсына бастады. Бір ұқсас жағдай – сол кезеңде де ел олардың сапасына күмән келтіріп, жағымсыз көзқараспен қараған. Бірақ қазір ел неміс, жапон көліктеріне қалай сенім көрсетсе, Оңтүстік Корея өндірісіне де солай сенім артады. Яғни, тағы он жылдан кейін жұртшылық қытайлық көліктерді де жылы қабылдауы мүмкін.
Сөзіміз дәйексіз болмасын, қыркүйекте танымал J.D. Power агенттігі Қытай нарығындағы жаңа автомобильдердің сапа рейтингін жариялады. Сарапшылар кейінгі екі жылда жергілікті автоөндірушілер шығарған көліктерде ақау саны біртіндеп азайып келе жатыр деген қорытынды жасады. Тізімде Chery, Geely және GAC Trumpchi үштігі алға шықты. Және де басылым сапаны жақсарту мақсатындағы жұмыстарға қытайлық брендтер ерекше көңіл бөліп жатқанына зер салған.
Ал «Қазақстан автомобиль одағына» кіретін «Қазақстан импорттаушылар қауымдастығының» Мемлекеттік реттеу жөніндегі директоры Әділбек Орынбаевтың сөзінше, қытайлық автоөндірушілер қазір автомобильдерге сапалы материалдар қолданып бастауда, бұл қарқынмен келешекте бағасы көтерілуі мүмкін.
– Қазір қытайлық автоөндірушілер көліктерінің сапасын, соның ішінде инновациялық технологияны, жоғары сапалы материалдарды қолдану бойынша жақсы қадамдар жасауда. Сапаның артуы келешекте өнім құнының өсуіне әкеледі.
Қытай электрлі көліктерге (EV) және автономды технологияларға көп инвестиция салып жатыр. Жақсартылған аккумуляторлар, жүргізушіге көмек көрсету жүйелері (ADAS) және меншікті электр көлік платформалары сияқты жаңа әзірлемелер қытайлық автокөліктердің құнын көтеруі мүмкін. Дегенмен автоөндірістегі бәсекелестік тұтынушылардың сұранысына сәйкес қалыптасады, бұл тұрғыда қытайлықтар баға мен сапа арасындағы теңдікті сақтай алады деп ойлаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ сарапшыдан қытайлық көліктердің келешектегі бәсекеге қабілеттілігі жөнінде сұраған едік. Орынбаевтың айтуынша, олар тұтынушылардың сенімін иеленуді жалғастыра береді.
– Қытайда жасалған автомобильдердің сенімділігін бағалау бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, елімізге ресми түрде әкелінген барлық автомобильдер, соның ішінде қытайлық көліктер де қажетті тексерулерден өтіп, қауіпсіздік сертификатын алады. Бұл олардың Қазақстан аумағында пайдаланылатын көлік құралдарына қойылатын талаптарға және техникалық регламентке сәйкестігін қамтамасыз етеді. Егер бағалаудан өтпесе немесе дұрыс жүргізілмесе, онда заңнама бойынша мұндай автомобильдерді Қазақстанда қолданысқа енгізуге болмайды.
Екіншіден, кейінгі жылдары көптеген қытайлық автоөндірушілер өз өнімдерінің сапасын едәуір жақсартты, қытайлық тауарларға қатысты стереотиптер ақырындап жойылуда. Шығыстағы көршіміз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға көп қаражат жұмсап келеді. Әлемдегі жетекші компаниялармен ынтымақтасқан, жаңа технологияларды енгізуде белсенді. Менің ойымша, қытайлық автомобильдерге сенім артып келеді, келешекте де әлемдік автонарықта бәсекеге түсе береді, – деп түйіндеді сөзін.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер