A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 12:35 0

Риддерде жол жөндеу жұмыстары 2026 жылға қалдырылды

Бүгін / Риддер

Өскемен–Риддер тасжолын қайта жаңарту жұмыстары былтыр басталған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2023 жылы мердігер ұйым 30 шақырым жолды ретке келтірді, биыл қалған 75 шақырымын жөндеу жоспарланған еді. Алайда кейбір себептерге байланысты жобаның аяқталуы 2026 жылға шегерілді.
Қазір "Kurylys Group RK" ЖШС жолдың екі учаскесінде, яғни 30–70 шақырым және 70–105 шақырым аралығында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі – "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ. Осы маусымда 63 шақырым жолға асфальтбетон төселді. Екінші учаскедегі жұмыстарды мердігер ұйым осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Өскемен–Риддер тасжолы 1960 жылдары салынған. Ол осы уақытқа дейін толық күрделі жөндеуден өтпеген. 2010 жылдары кей бөліктеріне ағымдағы жөндеу жүргізілгенімен, жолдың негізі дұрыс қаланбаған. Соның салдарынан жолдың қазіргі жағдайы апатты деңгейге жетті. Әсіресе жүк көліктерінің қозғалысы жол жамылғысының тез тозуына әсер етті.
Мердігер ұйымның ақпаратынша, жолдың кейбір бөліктері құнарлы топырақтың үстімен өтетіндіктен, бұл қосымша қиындықтар туғызған. Топырақтың тұрақсыздығы салдарынан негізді тереңнен нығайту қажеттілігі туындады. Бастапқыда 5 мың текше метр топырақты шығару көзделсе, биыл су тасқынынан кейін бұл көлем бірнеше мың текшеге ұлғайды. Бұл фактор құрылыс мерзіміне де, қолданылатын технологияларға да әсер етті.
- Маусымдық өзгеретін гидрологиялық жүктемелер - таулы аймақтар үшін қалыпты жағдай. Соңғы жылдардағы климаттық өзгерістер жол негізіндегі жасырын ақауларды ашты. Бастапқы жоба мұндай тәуекелдерді ескермеген, сондықтан оны жедел түрде қайта қарауға тура келді. Біз қалпына келтіру маусымында екі ауысыммен жұмыс істедік, қажетті техника мен мамандар жеткілікті болды, - деді "Kurylys Group RK" ЖШС директоры Александр Андрейчук
Жол жамылғысы үш қабаттан тұрады. Сондай-ақ үш апаттық су өткізу құрылғысы ауыстырылды. Бұл жолдың су өткізгіштік қабілетін арттырып, ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді. Алайда ол да құрылыс мерзімінің ұзартылуына себеп болды.
Биылғы жауын-шашын да жолшылардың жұмысына кері әсерін тигізді. 120 күн бойы жауған жаңбырдан құрылыс жұмыстары тоқтап тұрды. Осылайша, жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы құны – 11 млрд теңге. Мердігер ұйым жұмыстың сапасына толық жауап беретінін мәлімдеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив