Тұтынушылар дүкеннен азық-түлік сатып алғанда тауардың сапасына, шыққан күніне мән береді. Ал дәрі алғанда оның қашан және қаншалықты заңды жолмен жасалғанына көңіл бөле бермейді. Енді оны «Нақты өнім» мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады. Бар болғаны дәрілік заттағы белгіні сканерлейсіз. Ары қарай сізге препараттың қай күні, қай елде шыққаны құрамы, тіпті соңғы рет қай дәріханада сатылымда тұрғанына дейін көрсетіледі. Бұл туралы Jibek Joly арнасының жаңалықтарында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Бұл ретте ескеретіні — дәрілерді міндетті түрде таңбалау осы жылдың шілдесінен басталды. Сондықтан осы мерзімге дейін шығарылған препараттарда ақпарат не код болмауы мүмкін.
Таңба арқылы тексеру біріншіден — денсаулық кепілі. Екіншіден — тауардың қаншалықты заңды жолмен шыққанына және оған салық төленгеніне куә боласыз.
Қосымша арқылы тұтынушы «халықтық бақылау» жүргізе алады. Егер тауарда таңба болмаса немесе код жалған болып шықса шағымдана алады. Бағдарлама «Е-өтініш» платформасымен интеграцияланған. Бірден өтініш мемлекеттік органдарға түседі. Шағымды анонимді жазуға болады.
Пікірлер