
ШҚО-да экологиялық қолдау бюросы ашылады
Өңір басшысы Ермек Көшербаев бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтты. Отырысқа қатысушылар қалада қай мекемелер көп мөлшерде түтін шығарып, қай бағытта зерттеулер жасау керектігі туралы ой білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қоғамдық топқа ғалымдар тартылуы керек»
Ермек Беделбайұлының сөзінше, Өскемен ауасының ластануы ең алдымен әлеуметтік мәселе. Мұның артында денсаулық сақтау тақырыбы да менмұндалайды.
– Кейбірі мұны саясатқа қарай бұрмалайды. Өзекті тақырып кезінде көптің ойы керек. Егер бір жиналыс өткізілсе, «кей адам керексіз басқосулар қаптады» деп жатады. Менің ойымша, қоғамдық кеңес деген керек нәрсе. Біз климатты өзгерте алмаймыз, географиялық орнымызды өзгерте алмаймыз. Ал Өскеменнің ауасы бұл бұрыннан бар мәселе. Бір есептен, халық саны көбейіп барады. Қазірдің өзінде 400 мыңнан астам тұрғыны бар. Келімді-кетімді адамдар мен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмегендер қаншама, – деді өңір әкімі.
Ермек Көшербаевтың сөзінше, түрлі пештерден, көліктерден, зауыттардан, жылу электр орталықтарынан шығатын ластаушы заттар сумен қосылғанда дәл өкпеге жетеді.
– Оны қалай азайтуға болады? Зауыттарды тоқтата алмаймыз. Бірақ та түрлі құзырлы мекемелермен тізе қосып, олармен жұмыс істейтін боламыз. «Экология ластанды» деп ол жаққа жетіп барғаннан гөрі датчиктерді орнатып, соның нәтижесіне қарай әрекет еткен жөн сияқты. Экология департаментінің қызметкерлері ауа райы нашарлаған кезде рұқсаттама алып, зауыттарға кірулері керек. Кейбірі бұған жол бергілері келмейді. Неліктен? Бәлкім бірнәрсені жасыратын шығар? Сол үшін қоғамдық топ керек. Ол топқа ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, азаматтық қоғам өкілдері қосылса, кәсіпорын өкілдері қарсылық таныта қоймас. Себебі, олар да осы қалада тұрып жатыр, – деді облыс басшысы.
Бұл ретте эколог Дәулет Асанов аталған мекемеге қатысты бірқатар статистика ұсынды. Оның сөзінше, қоршаған орта ластауына қарсы жауапты тұлғалар осыған дейін зерттеу жүргізіп, соңында қисапсыз көліктің түк қатысы жоқ деген шешімге келген.
– Өскемен ең алдымен өндірістік қала. Айталық, 100 мың көлік әрлі-берлі өтсе, оның ауаны әп-сәтте бұзуы екіталай. Ал ковид кезінде қала көлемінде қозғалыс мүлде азайды. Көлік көп кезде де, аз кезде де ауа құрамы қатты бір өзгере қоймады, – деді Дәулет Асанов. – Одан бөлек, біз көмір энергетикасына едәуір назара бастадық. Биыл күзде қаланың көрінбей қалуы сол бір ойланбай қабылданған шешімнің бір көрінісі. Айтқым келетін, Өскемен ЖЭО 10 жылдан астам уақыт бұрын миллион тонна көмір тұтынса, бүгін ол 1,5 млн тоннаға жетті. Бірнеше жыл бұрын мұны да басып озып, 1 млн 565 мың тонна қатты отын жаққан. Айта кетерлік жайт, экология департаментіндегілер оларға 1,5 тонна көмір жағуға рұқсат берді. Бірақ есеп бергенде ауа бөлінген ластау заттар шекті нормадан аспады деп айтты. Бұл бір ғажайып нәрсе секілді. Олар ұсынған мәліметтерге біз сенуіміз керек екен сонда. Ал мұның барлығы түптеп келгенде Ұлттық статистикаға енеді. Жалпы, қаладағы мониторингтік стансалар санын көбейту керек.
«Қоғамдық бақылау күшейтіледі»
Тағы бір айтқаны – қымбат болса да, өндірістік стансаларды орнату қажет. Қала сыртына қарай зауыттарда орнатылған датчиктер көрсеткішінің дұрыс-бұрыстығын тексеру үшін қосымша стансаларды іске қосу керек.
Дегенмен Ермек Көшербаев экологтың кей айтқанымен келіспеді. Оның айтуынша, қала ішінде қатынайтын қисапсыз көліктен бөлінетін түтіндерді қоршаған ортаға еш зиян келтірмейді деу әбестік.
– Жылу электр орталықтары туралы мынаны айтқым келеді. Қала дамып келеді. Бірақ энергия мен жылу тапшылығы сезіліп жатыр. Қаласақ та, қаламасақ та, энергия көзі бізге керек. Осындайда жаңа жылу электр орталығы құрылысының қажеттілігі туындайды. Шыны керек, қалада әрбір мегаватт, әр гигакалория үшін «күрес» жүріп жатыр, – деді өңір әкімі.
Қала әкімінің орынбасары Ирина Смиттің сөзінше, Өскемен бойынша 15 мыңнан астам адам әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұр. Ал олардың барлығын жылумен қамту біршама энергияны қажет етеді. Осы жайттарды есепке алғанда, ЖЭО-ларда көмір жағуды азайту арқылы мәселені шешу қиын. Абзалы, құзырлы органдарға дәл ақпарат ұсыну үшін заманауи құрылғылар орнатқан жөн. Өңір басшысының сөзінше, алда облысқа газ тартылса, тақырып түйіні тарқатылып қалуы мүмкін. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.
Ермек Көшербаев эколог келтірген дерек, яғни көлік қозғалысына қатысты өз қорытындысын ұсынды.
– Егер 100 мың көлік қала ішінде жүріп, түтін бөлсе, оның әсері тез-ақ байқалады. Ал олар қалайша ауада жұтылып келеді? Бір көліктің жанынан өтсеңіздер, тамақ лезде қарлығады. Экологияның ластануы бір бағыттан келмейді, көп нәрсе себепші болуы мүмкін. Сол үшін де қоғамдық топ немесе бюроның құрылуы орынды. «Өскемен тынысы» деп атау берсек, көпшілік қолдайтын шығар. Экобелсенділер мемлекеттік органдар мен кәсіпорындармен диалог орнату арқылы мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Қаланың әрбір тұрғыны осы ұйымның заңды өкілі деп айтуға негіз бар, – деді облыс әкімі.
Аталған экологиялық қорғау бюросын «ECOJER» Ассоциациясы ШҚО бойынша филиалының жетекшісі Елена Березинская-Әбіловаға басқаруды ұсынды. Филиал жетекшісінің сөзінше, экологиялық қорғау бюросын құру жөнінде шешім қабылдау үшін экологтар мен тәуелсіз сарапшылар шақырылды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер