ШҚО-дағы 10 спорт нысанының құрылысына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген
Бүгінде облыс аумағында 1687 спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. 1116 нысан ауылдарда орналасқан. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері жуықта 10 айда атқарылған жұмыстарын қорытындылап, ресми ақпараттарын ұсынды. Соған сүйенсек, аймақта 300 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрамаға қанша спортшы енді?
Алдымен аталған басқармаға қарасты бұқаралық спорт, жоғары жетістіктер және спорт резерві бөлімінің басшысы Аида Жуханова ұсынған ресми мәліметтерге қысқаша тоқаталайық. Әрі қарай БАҚ өкілдері қойған сұрақтар сөз етіледі. Мәлім болғандай, облыс аумағында барлығы 35 спорт мекемесі жұмыс істейді. Онда 727 бапкер ұзын-ырғасы 17,4 мың адамды жаттықтырады.
– Аймақта барлығы 27 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резервті спорт мектебі бар. Үш жоғары спорт шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, дене шынықтыруды дамыу орталығы және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жұмыс істейді. Айта кетерлік жайт, былтыр спортты серік еткендер саны облыс тұрғындарының жалпы санынан 305 мың 989 адамға жетті, – деді бөлім басшысы.
Шығыс Қазақстан спортшылары Олимпиада сайын медаль алып жүр дей алмаймыз. Соңғысы – зілтемірші Денис Уланов. Рио де Жанейро қаласындағы (2016 жыл) төртжылдықтың басты бәсекесінде 85 келіге дейінгі салмақта қоржынға қола медаль салды. Токио Олимпиадасында (2021 жыл) еркін күрес шебері Данияр Қайсанов 74 келіге дейінгі салмақта медальға сынық сүйем қалғанда сүрінді. Биыл өткен Париждегі аламанда да бірнеше жерлесіміз жүлдеден шет қалды. Әйткенмен Ұлттық құрама сапында жүріп, әлемдік додаларда ел абыройын асырып жүргендері аз емес. Семсерлесу, жеңіл атлетика және тағы басқасы. Аида Жуханованың сөзінше, барлық спорт түрлері бойынша 735 жерлесіміз Ұлттық құрама сапында. Оның қатарында:
• ересектер – 266
• жастар – 171
• жасөспірімдер – 298.
Биыл облыс спортшылары барлығы 4359 медаль жеңіп алыпты. Оның ішінде, алтын – 1567, күміс – 1404, қола – 1388.
Өткен сайыстардың ауқымдысы деп Шығыс салбурыны, халықаралық шахмат турнирі және Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне орай өткен халықаралық сайысты атап өтті.
Алда өңір спортшыларын бұдан да ірі бәсеке күтіп тұр. Нақты айтсақ, 2025 жылдың 7-25 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Қазір шығысқазақстандық спортшылар тиісті оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр.
– Жарыстар да бар. Соның нәтижелеріне қарай Ұлттық құрама сапына өтіп, ауқымды аламанда ел намысын қорғайды. Ұзын-саны 23 спортшы дайындықтарын пысықтауда, – деді Аида Жуханова.
Анығы сол, Қысқы Азия ойындарының өңір, республика спортшылары үшін маңызы зор. Ең әуелі 2026 жылы Италия елінде өтетін ақ Олимпиада ойындары алдындағы маңызды дайындық кезеңі. Төртжылдықтың басты бәсекесі Милан мен Кортина-д Ампеццо қаласында жалауын көтереді.
Жемқорлық неге жиі тіркеледі?
Мәлім болғандай, бүгінде облыс аумағында 1687 спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. 1116 нысан ауылдарда орналасқан. Өздеріңіз байқағандай, соңғы жылдары елдімекендерде спорт кешендері бірінен соң бірі ашылуда. Аида Жуханованың айтуынша, осының барлығы аудандарда мектеп лигасын, жастар лигасын өткізіп, келер буынның шынығып өсуіне ықпал ету мақсатында қолға алынып жатыр. Талай чемпионның ауылдардан шыққандарын ескерсек, тиісті жағдайдың жасалуы қашан да құптарлық іс.
Ресми мәліметке сәйкес жалпы құны 5 млрд 512 млн болатын 10 спорт нысанының құрылысы түрлі деңгейді. Бірі – бітуге шақ қалған, енбі бірі – үш-төрт жылдан бері әлі тәмамдалмай жатыр. Мұның ішінде алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Жауапты тұлғалар мәліметінше:
• Катонқарағай ауылындағы спорт кешені – 931,5 млн теңге;
• Үлкен Нарын ауылындағы спорт кешені – 694,4 млн теңге;
• Бозанбай ауылындағы спорт кешені – 573,4 млн теңге;
• Таврия ауылындағы спорт кешені – 499,6 млн теңге;
• Марқакөл ауылындағы спорт кешені – 455,9 млн теңге;
• Ақжар ауылындағы спорт кешені – 911,2 млн теңге бөлінген.
Бұдан соң басқа спорт нысандары туралы нақты сандар мысал етілді. Соған сүйенсек:
• Риддер қаласындағы шаңғы-роллерлік трассаға – 169,8 млн теңге;
• Айнабұлақ ауылындағы (Зайсан ауданы) спорт модулі – 444,4 млн теңге;
• Өскемендегі тау-шаңғы базасы – 541,6 млн теңге;
• Ақжар ауылындағы орталық стадионды жабдықтауға – 330,1 млн теңге бөлінген.
Өздеріңізге белгілі, жуықта ғана Тұғыл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені көптің қолданысына берілді. Жыл біткенше Бозанбай мен Таврия ауылындағы спорт нысандарын қолданысқа берілуі тиіс.
Басқарма өкілдерінен өңірдегі спорт саласында неліктен жемқорлық тәуекелдері жиі тіркелетінін сұрадық. Әкімшілік-қаржы бөлімінің басшысы Азамат Қалиевтің сөзінше, қазір жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі өзекті саналады.
– Біз негізінен спорт клубтарымен жиі жұмыс істейміз. Футбол, волейбол, хоккей, үстел теннисі, жеңіл атлетика сияқты олимпиадалық спорт түрлерін мысал етуге болады. Спортшыларымыз мектеп бітірген соң ары қарай спорт клубтарына түседі. Басқарма тарапы сол клубтармен шарт жасасқан соң олар бізге ай сайын есеп береді. Яғни, бөлінген ақша қайда, қалай жұмсалды деген сұрақ туындайды. Жыл басында мемлекеттік конкурс жариялаған кезде техникалық сипаттамаға мынадай өзгеріс енгіздік: ай сайынғы есепті үстіртін емес, ұсақ-түйегіне дейін талдап айтып берулері тиіс, – деді Азамат Қалиев.
Бапкер мен спортшының айлығы, спорттық жабдықтар мен арнайы киімдерге қанша қаражат жұмсалғаны – бәрі-бәрі айтылуы қажет. Жемқорлық тәуекелдері сандар сөйлей бастаған кезде пайда болады. Азамат Қалиев қазіргі уақытта оны болдырмау үшін түрлі шаралар қабылданып жатқандарын айтты.
Үлкен Нарын ауылындағы бассейн орталығы да 3-4 жылдың жүзі болды, не аяқталмады, не құрылысы жалғаспады. Азамат Қалиевтің сөзінше, нысан салуға тапсырыс беруші – аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі.
– Мердігермен шарт жасасып, жұмысты жалғастырып жатқан солар. Біздің мақсат сол, құрылыс біткен соң оны өз балансымызға алу. Әлбетте, нысан тезірек салынып бітуіне біз де қолұшын бергіміз келеді. Егер балансқа өтіп жатса, оған қанша қаржы бөлу керек, есеп-қисабы қандай болуы тиіс – осы мәселелерді қарастырамыз. Жоспарға сәйкес биыл бітуі керек еді, оған кешігіп жатыр, – деді Азамат Қалиев.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер