A+ A A-

talgatzhan 32 19-09-2024, 09:55 0

Өскеменнен 50 минуттық жердегі Ақтөбенің қазіргі тіршілігі қандай?

ШҚО / Ұлан

Ұлан ауданына қарасты аядай елдімекен. Бірнеше жыл бұрын редакция тілшісі осы ауылға арнайы барып, тыныс-тіршілігін көріп қайтқан. Жуықта жұмыс бабымен сол жаққа тағы бір жол түсті. Бастысы, тіршілігі үзілмеген. Ғұмыр кешіп жатқан қара саны азайған, бірақ шаруашылық жүргіземін деген адамға бой үйрету қиынға түспес деп ойладық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ертіс бойындағы еңбекші ауыл


Таврияға жеткен соң оңға бұрылып, тас төселген тарам, тар жолмен жүріп келеміз. Жолдың оңы мен солы күн көзімен шағылысқан алтын алқап: бидай мен күнбағыс. Жол жаман демесеңіз, әдебиетте бейнелейтін нағыз күз көрінісін алаңсыз көріп, ләззат алуға болады. Тавриядан шығаберісте орналасқан алып диірмен, біраз жүре бергенде астықты алқаптың жемісін жинаған қалың техника, бәрі-бәрі қыстың қамына әзірлік. Бұндайда осы қамданысты қолға алған еңбекші ауылдың бар екені еске түседі. Біз де сол ауылдың тынысын көрмекке астыдағы темір тұлпармен жүйткіп келеміз.


Алыстан зәулім шатырлар, күмбезі көз тартатын мешіті я шіркеуі, тым құрығанда ауылдың аты жазылған тақтайша да көрінбеді. Ауылға таяй бергеніміз сол еді, сүрепеті қашқан, қисайып қараусыз қалған темір қазықты көрдік. Атаулы тақтайша бұрын осы темірге орнатылса керек деп, көліктен түсіп белгіні іздей жөнелдік. Қазықтан бір адым аттай қалғанда қалың шөптің арасында, топырақтың астында көміліп, шеті ғана көрініп тұрған «Ақтөбе» атауы жазылған белгіге көзіміз түсті. Бірден көтеріп, қолдағы бар сым темірмен бекітіп, белгіге қайта жан бітіргендей болды газет ұжымы. Жолдың келесі жағындағы елдімекеннің біткенін көрсететін белгінің де халі мүшкіл тәрізді. Тақтайша анық көрініп тұрғанымен жерге бекітіліп тұрған қазық қыс түсіп, қарлы боран үдетсе құлап қалуы ғажап емес. Ендігі жұмысты ауыл округінің әкімдігі қолға алар деген ниеттеміз.  


Аядай ауылда шамамен 35-40 тұрғын 10-15 үйдің түтінін тұтатып отыр. Ауыл көшелерінде жайылып жүрген ұсақ мал мен бір топ қаз журналистер қауымын күтіп алды. Қос көшемен шектелген Ақтөбені бір аралап, сан салалы техникаға көзіміз түсті. Ауылдағы үйлерден техника көп. Бұл тұрғындардың егін шаруашылығымен айналысып, күн көрістің қамы деп жүргендігін көрсетеді. Қаңырап бос тұрған, қабырғалары құлап іргетасы ғана қалған үйлер ауылдың көркіне кедергі болып тұрғаны рас. Басты жолда қаланғанына көп болса да, құламай тұрған аялдама бар екен. Иә, аялдамаға аялдамақ тұрмақ, көшеден жан баласын кездестіру қиын болды. Біраз уақыт өткен соң бір үйдің ауласынан баласын ерткен жас келіншекті көзіміз шалып қалды. Жөн сұрасып, ауыл азаматы бұндағы тыныс-тіршілікті баян етті.


 - Ауылда жарық та, тас төселген жол да бар. Тұрғын саны аз, сондықтан интернет желісі жақсы орнатылмаған. Алыстан хабарды тау-тасқа, я үйдің шатырына өрмелеп жүріп алғызамыз. Қыс түссе жолды уақ-уақ тазалап тұрады. Денсаулығымыз сыр беріп, жедел жәрдем шақыртсақ, алыстағы асфальтталмаған жолға көлік әрең жетеді, жетсе де уақыт жоғалтады.  Ауылда жалғыз дүкен жұмыс істеп тұр. Бір сағат ашық тұрса да, тұрғындар бар керек-жарағын үлгеріп алып жатады. Кей қажетті заттарды іргедегі Таврия ауылынан алғызамыз, - дейді Оля есімді ауыл тұрғыны.


Шағын паром шаруаға тиімді


Шығыстың басты ерекшелігіне айналған, Самар мен Күршімді, Ертістің арғы беті мен бергі бетін жалғайтын Қызылту өткелінің паромы бірер уақытта өз жұмысын тоқтатады. Елдегі ең алып көпірдің құрылысы аяқталып, паром қолданыстан алынатыны көпшілік үшін жағымды жаңалық болғанымен, паромды сағынатындар табылатыны анық. Бұндай жағдайда шығыстың тағы бір паромына мініп, мауқыңызды басып алсаңыз болады. Ақтөбе ауылының маңында шағын болса да, тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған паром бар. Екі жеңіл көлікті тіркеп алып, Ертістің арғы бетіне зулап өтуге болады. Оң жағалаудағы республикалық маңызы бар Өскемен-Шемонаиха-Ресей Федерациясының шекарасы жолындағы, Глубокое ауданына қарасты Предгорное ауылы мен сол жағалаудағы Өскемен-Семей жолының бойындағы Таврия, Ақтөбе ауылдарын қосады бұл паром.


 

- Жеке катерімізге екі жеңіл көлік сиятын паромды тіркеп, 12 сағат үзіліссіз жұмыс істейміз. Өзен бетінде мұз қатқанға дейін көліктерді тасымалдау жалғаса береді. Екі ауылдың тұрғындары да, паромды тізгіндеген серігім екеуіміздің де көңіліміз тоқ. Бұл паром елдімекендерді жалғап қана қоймай, жергілікті азаматтардың кәсібіне септігін тигізуде. Ауылдағы кәсіпкерлер екі ауылды өз өнімдерімен паром арқылы еш кедергісіз қамтамасыз етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр, - дейді паром жүргізушісі.


 Ертіс жағасындағы көз тартар табиғат, екі ауданды қосқан шағын паром, елім деген еңбек ерлері - аядай ғана ауылдың қазіргі тыныс-тіршілігін суреттейді. Шығыстың Ақтөбесі ауыл мәртебесінен айырылмай, түтіні түзу ұшып, әлі де қарыштап дамысын дейміз.


Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ


Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив