Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Елші өңірге осымен үшінші рет келіп отыр. Ең әуелі ол «Франкофония» гастрономиялық фестиваліне қатысса, екінші рет облысқа жеке сапарымен келген болатын.
Кездесу барысында француз тарапы аймақтың агроөнеркәсіптік кешен саласында жоғары сапалы тұқым материалдарын пайдалануда және мал шаруашылығындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін жеткізді.
Сондай-ақ өңірдің авиациялық құрылымына арналған авиажобаларды ұсыну жөнінде бастама көтерді.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туристер көп баратын жерлердегі әуежайларға халықты тасымалдауды бірлесіп ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
- Мұндай әріптестік туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты ұсыныстарды пысықтап, бірлескен жобаларды іске асыруға арналған жол картасын әзірлеуге келісті.
Пікірлер