
КСРО және Қазақ КСР оқу ағарту ісінің, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің бірнеше мәрте Мақтау марапаттарының иегері – Жәдігер Есімханұлы Қазыкенов бүгінде өзінің соңына мыңдаған шәкірт, ізбасар қалдырған, еліне қалтқысыз адал қызмет етіп, бүкіл саналы ғұмырын мектеп өміріне арнаған, сандаған дарынды ұрпақтың жұлдызын жарқыратып, солар арқылы білім мен ғылымның көкжиегін кеңейткен, тоталитарлық саясаттың темір құрсауын түбегейлі үзуге бар күш-жігерін жұмсаған, мұз жарғыш кемедей ескінің сеңін бар пәрменімен бұзған аңыз әрі абыз тұлға, кемеңгер педагог.
Ол Шығыс Қазақстанның облыс орталығы – Өскемен қаласының қақ ортасында орналасқан 9 жылдық қазақ мектеп-интернатын алдымен 11 жылдыққа айналдырып, соңынан 1991 жылы жаңашылдыққа құмар тұлға өзінің педагогтық ізденімпаздығымен, табан ет, маңдай терімен, қайтпас қайсарлығымен заманауи сипаттағы Облыстық политехникалық қазақ лицей-интернатын ашқан.
КСРО құрамынан енді ғана бөлініп, еліміз 70 жыл бойы аңсап келген тәу еткен Тәуелсіздікке сонда ғана қолы жетіп, Егемен ел ретінде етек-жеңімізді толық жиып үлгермеген шақта Шығыс өңірінің түкпір-түкпірінен 7 – сыныптан бастап дарынды, талантты білімге құштар балаларды жинап, байқауға қатаң талап қоя отырып, қазақтың қара домалақ ұлдары мен қара көз қыздарын сүзгіден өткізгендей іріктеп, құшақ жая қарсы алып, лицей-интернатқа қабылдаған болатын.
Жәдігер Есімханұлының ұзақ жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесінің нәтижесінде аталмыш лицей-интернаттың ашылуы талай шалғайда жатқан аудандардар мен ауылдардағы дарынды балалардың үкілеген үміттерінің отын жағып, «өмір мектебіне» жол ашып, қалаған оқуларына түсіп, арман еткен мамандықтарының иесі атануларына төлқұжат сыйлады деуге әбден болады.
Ғұмыры ғибратқа, өмірі өнегеге толы Жәдігер Есімханұлының есімі бүгінде сол лицейден әр жылдары түлеп ұшқан әр тұлғаның жылы жүрегіне ұя салып, рухани әкесіне айналған десем еш артықайтпаған болар едім.
«Ұстазы жақсының ұстамы» жақсы демекші, қазақ баласының қамын ойлаудан әсте жалықпаған, елінің ертеңін көрегендікпен болжаған «Жанын жеген Жәдігер» оларға білім нәрін беретін, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін, тәлім мен тәрбиені саналарына сіңіретін кадрларға да, яғни педагог мамандарға да өте ыждаһаттылықпен қарап, ең озық деген тәжірибелі, терең білімді мұғалімдерді ғана таңдап алғанын білеміз. Сондай-ақ интернатқа да, бүгінгі тілмен айтқанда нағыз креативті, позитивті, эрудициясы мықты, интелектісі жоғары, жүректері мейірімге толы жаны жайсаң жандарды сұрыптаудан өткізіп, тәрбиеші қызметіне алған.
Осының барлығында да Жәдігер Есімханұлының өскен ортасынан алған тәлім-тәрбиесінің, өмір мектебінің мол тәжірибелік ізі жатыр деуге болады. Ұлағатты тұлғаның туған өлкесі баурайына бақ, тауы мен тасына тарих қонған, сайы мен саласына сыр тұнған, өзені мен көліне небір жақұт пен жауһардың асылы шөккен киелі мекен – Катонқарағай болып саналады. Осы орайда Жәдігер Есімханұлының жеке басына қатысты өмірбаянының кейбір тұстарын парақтар болсақ, 1939 жылдың 5 желтоқсанында біз сөз етіп отырған Катонқарағайдың Қайыңды (Березовка) деп аталатын ауылында дүниеге келген. Көзі көргендерден жеткен естеліктерге мән берсек, кішкентайынан - ақ өте зерек, алғыр боп есейіп, ер жеткен екен. Қазақтың «жемістің жақсысы ағашынан, адамның жақсысы нағашыдан» дегеніндей оның мінезі, әсіресе Жазира шешесінің әкесі - Шөжікей атасына тартқан екен. Ол кісі кезінде сол өңірге аты мәшһүр аузы дуалы, ақыл иесі Мамырхан бидің баласы болса керек.
Жәдігер Есімханұлы қазағынан орысы көп туған аулының мектеп табалдырығын 1947 жылы жеті жасында аттап, онда 7 - сыныпқа дейін оқып, ары қарайғы орта білімді көрші ауылда орналасқан тарихи тамыры тереңге бойлаған, талай қазақ зиялылары білім алған киелі қара шаңырақ – Шыңғыстай мектебінде жалғастырмақ болады. Алайда, ойнап жүріп аяғынан қатты жарақаттанып, көбірек сабақ босатып алғандықтан, бір жылды араға салып, аудан орталығында орналасқан Ленин орта мектебінің 8 – сыныбынан қайта жалғастыруына тура келіп, оқуын сол жерден толық тәмамдайды.
Жәдігер Есімханұлы еңбек жолын 1956 жылдары Катонқарағай ауданының Алтай совхозында қарапайым жұмысшысы боп бастаған. 1959 -1967 жылдар аралығында Катонқарағай ауданының әртүрлі мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған. Аталмыш қызметте жүріп, 1961 жылы Республика көлемінде беделі жоғары Өскемен педагогикалық институтының «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының сырттай бөліміне түсіп, 1966 жылы үздік тәмамадайды.
1967 жылы Березовка мектебінің меңгерушісі, 1971 жылдың тамыз айында осы мектептің директоры болып тағайындалады. 1973 жылы Өрел орта мектебінің директоры қызметіне ауыстырылып, осы жылы «ҚазССР ағарту ісінің үздігі» атағына ие болады. 1977-1986 жылдар аралығында Талдықорған облысының бірнеше мектептерінде, оның ішінде Қарабұлақ ауданының Н.Алдабергенов атындағы мектеп-интернаттарында да директорлық қызмет атқарған. Ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі мен қажырлы қызметінің нәтижесінде 1984 жылы «КСРО ағарту ісінің үздігі» атағына ие болады.
1986 жылдың тамыз айының 13 жұлдызында Өскемен іргесіндегі Таврия ауданының Ново-Явленка мектебінің директоры қызметіне тағайындалады.
Жаңалыққа қашанда жаны құмар, ізденуден жалықпайтын Жәдігер Есімханұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын халықтың баласын оқытуға, ағартушылық қызметке арнағанын біз тізбелеп, шолу түрінде берген өмір белестері мен өсу сатылары толық дәлел бола алады.
Жоғарыда айтқанымыздай 1990 жылы Облыстық политехникалық лицей-интернатты ашқан жылдары «Жаңа үлгідегі мектеп моделі» тақырыбы бойынша Атырау қаласында өткен республикалық семинарда «Білім беру жүйесіндегі инновациялық тәсілдер» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның оқыту үрдісінде ақсап жатқан өзекті мәселелерді сөз етіп, олқылықтардың орнын толтырудың тың жолдарын, заманауи технологияларды алғашқылардың бірі әрі бірегейі ретінде қозғаған. Жаңа бағдарлама мен оқулықтарды енгізе отырып, сабақта оқушылардың ойлау және танымдық іс-әрекеттерін жандандырудың өзіндік әдістемесін әзірлеген.
Сол кезде-ақ оқушылардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттырып, фукционалдық сауаттылықтарын қалыптастырып, «Мен» менталитеттерін дамытуға, сындарлы ойлауға шақыратын озық идеяларын насихаттаған. Лицейдің әр білім алушысын жеке тұлға ретінде қабылдап, ой-пікірімен санасып, тең дәрежеде сұхбат құрып, өздерін еркін ұстап, еркін сөйлеуге дағдыландыруды жүзеге асырды. Әлі есімізде қазір қолға алынып жүрген академиялық адалдық мәселесін, сондай-ақ ұлттық және адами ізгі құндылықтарды лицей қабырғасының «алғашқы қарлығашы» бола жүріп, біліммен қоса сол тәрбиені баршамыз бойымызға сіңіре білдік.
Оқушыларының қандай сында болмасын сүрінбесі үшін, өмір жолында кез келген кедергіні жеңулері үшін, адамдық қалыптан таймас үшін, білім мен ғылым жолында ізденуден жалықпас үшін берген ақыл-кеңестері ұшан теңіз. Үнемі қазақ мақал-мәтелдерін ғана емес, шетелдің де, ұлы ғұламалардың да нақыл сөздерін сөз саптау барысында астын сызғандай етіп жиі қолданатын әдеті бар еді. Айтып болған соң «не түйдің», «осыдан не ұқтың» дегендей көзінің астарымен бір қарап, айналасын шолғыншыдай шолып шығып, жауап күткендей біраз жөтеліп алып, арасына бір сәт үнсіздік салып барып, ой тастап, әңгімесін ары қарай жалғай беруші еді.
Әсіресе, сынға түсерде жеңетініңе көзің жетіп тұрса да «секірмей жатып, алдын ала «хоп» деп қол соқпа» дейтін, ал, енді бірі балалыққа салынып тәрбиеден тайып бара жатса «түзу ағаштан қисық көлеңке түспейді, қисық ағаштан түзу көлеңке түспейді» деп қытай мақалдарын айтып, ескерту жасап отыратын. Ғұлама Сократтың мына бір сөзін «Тек бір ғана жақсылық бар ол - білім», бір ғана жамандық бар ол – надандық» деп жиын барысында жиі аузынан тастамайтын.
Қалай болған күнде де Жәдігер Есімханұлы кезінде Бөлтірік шешен баласына өсиет еткендей: «Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл...» дегеніндей өзінің ораторлық кескін келбетімен, бітім - болмысымен, үлгі - өнегесімен ұғындыратын. Осының өзі-ақ қазақтың «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегеніндей, оның би-шеншен ұрпағы екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.
Ізденуден шаршамайтын новатор педагог, іскер басшы 1999 жылы лицей-интернатты 12 жылдық лицей-колледж етіп, әу бастан ойында жүрген ісін жүзеге асырады. Соның нәтижесінде колледжді тәмамдаған білім алушы уақытын үнемдеп, өзі қалаған мамандықтың иесі боп шыға келуіне алғашқы мүмкіндік алған. 12 жылдық білім беру Республика көлемінің әр жерінде саусақпен санайтындай сынамадан өтіп, енді күшпен қолға алынып жатқан тұста Жәдігер Есімханұлы көрегендікпен алдын ерте болжап, іске асырудың жобасы мен жоспарын баяғыдан-ақ жасап, ойын тоғытып, пісуін жетілдіріп, сана сүзгісінен өткізіп, таным таразысына сап, шынайы нәтижеге қол жеткізді деуге әбден болады.
Осы орайда Жәдігер Есімханұлның 60 жасқа толу мерейтойында арнайы құттықтаған Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры, профессор, ҚР ғылым акадмиясының корреспондент мушесі Ю.В.Баталов: «Сіздің талмай ізденісіңіз бүгінгі таңда облысымызда, тіпті Республика деңгейінде белгілі білім ордасы қазақ техникалық лицейінің болашақта мәртебесі арта бермек. Іргелі колледжге айналдырып, біздің оқу орнымыздың мамандықтарына бейімделген білімді, еңбекқор жастарды тәрбиелеп, аяулы алтын ұясынан ұшыра беретініңізге кәміл сенеміз!» деген тілегі көп кешікпей орындалғанының куәсі іспетті.
Сонымен 1999 жылдың 15 қарашасында «Шығыс Қазақстан облыстық 12 жылдық мерзіммен оқыту техника – экономикалық лицей-колледжі» ашылып, оған мемлекеттік куәлігі беріліп, жаңа тұрпатты оқу орнында эскперимент ретінде 87 студент білім алып, 2000-2001 оқу жылында 92% үлгерім сапасымен аяқтап, 24 оқушы білімдерін жоғары оқу орындарында ары қарай 3-курстан жалғастырған. Сонымен қатар колледжді бітірген 22 студент үздік дипломға ие болған.
Осыған орай сол кездегі Облыстық білім беру басқармасының бастығы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин медалінің иегері В.К. Зуенко Жәдігер Есімханұлын құттықтау барысында: «Мен өмір жолымда нағыз ұстаз-тірбиешімен, үлгілі отбасымен, жақсы доспен кездестім. Бүкіл өміріңізді облыстың білім беру жүйесіне арнадыңыз. Сіздің қажымас жігеріңіз, кәсіби тәжірибеңіз, жоғары талапшылдығыңыз өзіңізге және әріптестеріңізге қарапайым білім беру мекемесін элиталық оқу орнына айналдыруға мүмкіндік берді...» деп шынайы құрметін, ыстық ықыласын білдірген екен.
Ұлы педагог Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» дегеніндей осындай жетістіктерге қол жеткізуде, заман талабына сай білім мен тәрбиені бойға сіңіріп, қалаған мамандықтарының иесі атанып, бағыт-бағдар алуларына ең алдымен ұстаздарының тигізер игі әсері ерекше екенін жоғарыда да сөз еттік. Осы орайда Жәдігер Есімханұлы мектеп ұстаздарына ғана емес, жоғары оқу орындарынан арнайы сабақ кестесі бойынша апта күндерінің бейсенбісінде кеп, тереңдете білім беруші оқытушы-профессорлар құрамына да аса мән беріп, мықтыларын іріктеп шақырып отырғандығын баса айтуға болады. Солардың қатарында жаратылыстану ғылымдары бойынша Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық универсиеті мен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінен келіп сабақ берген білікті оқытушылар: Н.Г. Хисамиев, Н.Ч. Буентинова, А.Б. Бигалиева, М.Б. Усманова, Ш.Б. Носохова, Ұ.Б. Жанасбаева, А.Б. Базарбеков, О.А. Апышев, Қ.Н. Сахариева, т.б. және қазақ әдебиеті бойынша шығармашылыққа баулыған ақын-журналист ағаларымыз М. Тастағанов, С.Ғ. Ғаблуллин, тілші А.Ш. Жылқыбаева, тарихшы, философтар: М.Т. Мағзұмов, Р.Қ. Нұрбековалар сынды тұлғалар әсіресе, лицейдің «алғашқы қарлығаштары» атанған 1976 жылы туған түлектердің есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Осы орайда Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы: «Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ» деген сөзі жайдан жай айтылмаса керек.
Жәдігер Есімханұлының тікелей бастамасымен Шығыс Қазақстанда алғаш рет лицейді бітіру мен университетке түсу емтихандары біріктірілген болатын. Сол кезде «Лицей – колледж - ЖОО» өзінің оқу жоспарымен, жарғысымен, заңды ережесімен дәл осындай жаңа білім беру құрылымының ТМД елдерінде де теңдесі жоқ екенін дәлелдеді. Қазіргі уақытта киелі шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер білім мен ғылымның сан саласында, мемлекеттік түрлі құрылымдарда абыройлы қызмет жасап келеді. Сонымен қатар Қазақстанның өркендеуіне үлестерін қосып, экономиканың нақты секторларын да дамыту үстінде.
Жалыпы адам баласы өмірінде екі нәрседен шатаспау керек деген қағида бар: «бірінші, мамандық таңдауда, екінші, жар таңдауда», осы тұрғыдан алғанда Жәдігер Есімханұлының жолы болғанға ұқсайды. Сүйген жары Роза Ахметжанқызы - бастауыш сынып мұғалімі, ол нағыз өмірлік серік бола білген, жаны жайсаң, түсінігі мол, парасатты адам ретінде ел есінде қалған. Бір – бірімен түсінісіп, «жанкешті» ұстаздық өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, қолдау жасап, екеуара таптырмас досқа да айнала білген жандар. Отбастарында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген үлгінің өнегесін көрсетіп, ұлдарын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған. Бүгінде артында қалған балалары мен 7 немересі ұрпақ жалғастығының куәсін танытып отыр десек болады. Үлкен ұлы Асылан – Д.Серікбаев атындағы ШТУ-да Бизнес мектебінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі, қызы – Рахметуллина Сауле Жәдігерқызы сол оқу орнының ректоры, профессор, техника ғылымдарының кандидаты, екінші ұлы Расұл – қара шаңырақ иесі, Саратов ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, сол бағыт бойынша Ново - Явленкада жеке кәсіпкер.
Ұлы Абай өзінің «Он сегізінші қара сөзінде»: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дегеніндей ұлағатты жанұяның балалары мен немерелері де өздеріне тартып, бірінен-бірі оза шауып, салиқалы ұрпақтар қатарынан танылғандығына анық көз жеткізуге болады. Ұяларында ата-анадан көрген тәрбиелерін көрсетіп, ұлағатты жандардың қадірлі есімдеріне қылаудай да қылшық жұқтырмай, биіктіктің үдесінен түспей келе жатқаны баршамызға үлгі.
Жәдігер Есімханұлы зейнеткерлікке шыққан соң, кіші ұлының қолында ұзақ жыл тұрып, 2016 жылдың 3 қарашасында татар дәмі таусылып, сырқатының соңы тау тұлғаны бұл әлеммен хош айтыстырған.
Көзі тірі болса биылғы жылы ғұмыры ғибратқа, өмірі өнеге толы аңыз әрі абыз пегог – ұстаз Жәдігер Есімханұлы 85 жасқа толар еді. Біз аяулы тұлғаның өткен күнінен қанша алыстасақ, рухани әлеміне соншалықты жақындай түсеріміз анық. Тәлімі мен тәрбиесін алған, шарапатына бөленген лицейдің әр жылдардағы түлектері биылғы жыл «жәдігертану» бағытында ерекше сілкініс жасап, еңбектерін насихаттаудың күретамырына қан жүгірткендей түрлі шаралар жоспарын жүзеге асыруды бастап кеткенін аңғаруға болады.
Қорыта айтсақ, «жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді дегендей, Жәдігер Есімханұлын ұлықтау әрі ұмытпау үшін туған қаламызда өзі іргесін қалаған мектеп - лицей мен ұзын көшелердің біріне есімін берсе құба – құп болар еді. Өзі іргесін қалаған лицей демекші, ол әбден ескіріп, қырық құрау болып, көнетозға айналғалы қашан, жаңа ғимаратқа көшу - кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде 1000 мектеп салу міндетін алдыға қойғанын білеміз. Сонымен қатар Президент: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», - деген болатын. Олай болса, елдің ертеңін ойласақ, бүгінгі ұрпақтың сапалы білім алуына шындап алаңдасақ, Президенттің жолдауында айтылған аталмыш мәселелердің шарапаты лицей-интернатқа да тиіп, еңселі жерден ақшаңқандай боп бой көтеретін сәттің ауылы алыс емес деп үміттенеміз.
Бүгінде атауы неше қайтара өзгергерсе де «ШҚО Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей - интернатын» бұрынғы түлегі Кемешева Лаура Оралбекқызының басқарып отыруы алып тұлғаның ізі өшпегенін, ағартушылық – жаңашыл идесының өміршеңдігін танытатыны сөзсіз.
Аталмыш білім ордасына, оның ұжымы мен шәкірттеріне мықты денсаулық, қажырлы еңбек, толайым табыстар тілей отырып, абырой – беделдің биігінен көрініп, Жәдігер Есімханұлының игілікті ісі ары қарай да жалғасын тауып, рухы мәңгілік жасай берсін демекпіз!
Сейпутанова Айымгүл Қамзақызы
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер