A+ A A-

30 16-10-2024, 12:20 0

ШҚО-да материалдық емес мәдени мұраларды сақтау қалай іске асырылып жатыр?

ШҚО / Бүгін

Бүгін А.Пушкин атындағы облыстық кітапханаға ЮНЕСКО сарапшысы Василий Шахгулари келіп, елдік есепті дайындау барысы пысықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау бойынша әзірлік республика көлемінде жалғасып жатыр. Жиналып жатқан деректерге 2017 және 2023 жыл аралығындағы деректер енеді. Василий Шахгулари өткізген семинарда мәдениет саласының өкілдері тақырыппен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

– Қазақстанның тарихы да бай, тарихы жәдігерлері де өткен ғасырлардың сырын ақтарып тұр. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне Қазақстан тарапы материалдық емес мәдени мұраның 13 элементін ұсынған. Бұл үлкен ізденіс. Олай етпесек, егемендігімізге нұқсан келеді. Тарих пен ізденіс біте қайнасып жатыр. Материалдық емес мәдени мұраға жауапкершілікпен қарау – мемлекеттік тапсырма. Қараша айының 15-не дейін осының барлығын аяқтауымыз қажет. Одан кейін ел көлемінде жиып-терген материалдарды ағылшын тіліне аударуға біршама уақыт жұмсалады, – деді сарапшы.

Мәлім болғандай, Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам материалдық тарихи-мәдени мұра объектісі бар. Олардың 12 мыңнан астамы жергілікті және республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. А.Пушкин атындағы кітапхана қызметкері Бибігүл Шағиева материалдық және материалдық емес мәдени мұралардың аражігін ажыратып, семинар маңызына тоқталды.

– Осы сияқты семинар былтыр да ұйымдастырылды. ЮНЕСКО өкілдері келіп, оны ішінде, Шығыс Қазақстан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап жүретін Василий Шахгулари бар, жағдайды баяндап берген болатын. Шыны керек, кей адамға қозғалып жатқан мәселе түсініксіздеу болуы мүмкін. Мәселен, ескерткіш, қандай да бір қорған болсын, олар – материалдық мұра. Ал әлдебір құрылыс материалының неден дайындалатынын білу, яғни білім – материалдық емес мәдени мұра. Қазақтың қатырмасының әзіленуі, қамырының құрамы, оның қазанда пісуі сияқты жайттар да білімді қажет етеді. Домбыра материалдық болса, домбыра шертудің әралуан тәсілдері материалдық емес мұра, – деді кітапхана қызметкері.

Енді осының бәрін қорғап қалу мәдениет саласының өкілдеріне жауапты әрі ауқымды жұмыс болып саналады.

– Материалдық емес мәдени мұраны сақтап қалу арқылы ұлт ретіндегі біртұтастығымызды бекітеміз. Жергілікті халықтың ерекшелігі де айшықталады. Бастапқыда мұнымен ЮНЕСКО өкілдері айналысқан болатын. Қазір ол жұмыс әр аймақтағы мұражайларда атқарылуда. Менің ойымша, осындай маңызды қадамдар әлі де толыққанды жүзеге аспай жатыр, – деді Бибігүл Жамбылқызы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив