Өскемендік клубтың белді қақпашысы Андрей Янков петропавлдық «Құлагер» командасы сапын толықтырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Янковтың басқа клубқа ауысқанын бұған дейін «Головой об лёд» дереккөзі хабарлаған. Соған сенсек, өткен маусымда ол Қазақстанның тұрақты чемпионатында ең үздік қақпашы атанды. Спортшы 21 матч өткізіп, барлық соққының 93,7 пайызын қайтарды. Сонымен қатар, оның сенімділік коэффициенті 1,5 болып, бұл көрсеткіш лигадағы ең жоғары нәтиже болды. Янков маусым барысында 5 ойында қақпасына бірде-бір гол жібермеген.
36 жастағы тәжірибелі ойыншы Петропавл жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол 2016-2021 жылдар аралығында «Құлагер» сапында бес маусым өнер көрсетіп, команданың маңызды ойыншыларының бірі болған.
Янковтың клубқа қайта оралуы команданы күшейтіп, алдағы маусымда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жан Нұржанұлы
Фото: Шайба.кз
Пікірлер