Қаланың орталық алаңында баласы ант қабылдағанда жанында болуды жөн көрген ата-ана мен жақындары мол жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгін ұзын-саны 352 сарбаз сап түзеп, Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал болуға ант етті. Салтанатты шараны тамашалауға келгендер хакім Абайды арқа тұтып, тура алдына жиналды. Қарама-қарсы тұрған – кеше еркелік пен шалдуарлыққа басып, бүгін мол жауапкершілікті мойнына алған жауынгерлер. Әскери өмір қарбаласын сезініп, ысылып үлгерген жастар бір сызық бойында еңсесін биік ұстаған күйі тік тұрды. Сосын біртіндеп ант қабылдай бастады.
– Өзіме жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын сөзсіз орындауға, әскери қызмет қиыншылдықтары мен ауыртпалықтарына табандылықпен төтеп беруге ант етемін. Әскери істі ынта қойып меңгеруге, әскери және халық мүлігін аялап ұстауға, әскери және мемлекет құпиясын қатаң сақтауға ант етемін, – деді олар.
Қала әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев сарбаздар шекара шебінде жатқан Шығыстың қоғамдық қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететіндеріне сенім білдірді. Оларды жігерлендіру мақсатында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ тапқан батырларды мысал етті.
– Сұрапыл соғыс жылдары Шығыс Қазақстан облысынан майдан даласына аттанғандар ішінде 100-ден астам жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ біздің ардақты ардагерлеріміз, «Халық Қаһарманы» атанған Қасым Қайсенов, Төлеуғали Әбдібеков сынды майдангерлер тарих беттеріне есімдерін жазып кетті. Сіздер осындай аталарымыздың ерлігін абыроймен жалғап, ел алдындағы әскери борыштарыңызды жоғары деңгейде өтейтіндеріңізге сенімдіміз, – деді ол.
Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, соғыс қимылдарына қатысушы Ертіс Ыбырайымұлы барша офицерге, командирге, тұрғындар мен ата-аналарға, сондай-ақ сарбаздарды ант қабылдау рәсімімен құттықтап, өзі де кезінде шекаралық-таулы аймақта әскери қызмет атқарғанын жеткізді. Ол осыдан 52-53 жыл бұрын болған.
– Біз де сіздер сияқты ант қабылдап, сапқа тұрдық. Енді бейбітшілік заманда Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарып, үйлеріңізге аман-есен оралуларыңызға тілекшіміз, – деді ол.
Ант қабылдау біткен соң ата-аналар балаларын бір күнге үйлеріне алып кетуге мүмкіндік алды. Бірақ жексенбі кешкі сағат 17:30-ға дейін Жаңа Ахмер қалашығындағы әскери бөлімге жеткізулері тиіс.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер