Балаларды қорғау күні қарсаңында қаладағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аумағында «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігін ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Түс ауа басталған іс-шара басында бүлдіршіндер би ұсынып, күн ысыған шақта көптің көңілін көтерді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп, рухания ошағындағы өзгерістермен танысты. Ол «Дәстүр HUB» киіз үйіне кіріп, кітапхана қызметкері оның ерекшелігіне тоқталды. Айтпақшы, бұл панорамалы киіз үй. Іште отырып, кітапхана алдын алаңсыз тамашалауға болады.
– Бұл жер біз үшін әдеби алаң болып та саналады. Түрлі іс-шара мен әралуан подкасттар осы жерде ұйымдастырылады. Подкасттар белгілі тұлғалармен, ал кездесулер ақын-жазушылармен өтеді. Біздегі подкасттардың жалпы мақсаты – рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа дәріптеу. Үйірмелер мен курстар бар. Мұнда ағылшын, түрік, орыс тілін үйренуге болады. Қазір қоғамда ерекше назар аударылып отырған ерекше балаларға арналған үйірме де жұмыс істейді. Сосын жасанды интеллекті бойынша ақпарат беріліп, оны үйретуге мүмкіндік бар, – деді кітапхана қызметкерлері.
Осындай ерекше киз үйдің ашылуына «Казцинк» ЖШС қолдау білдірген. Аталған компанияның әкімшілік сұрақтар бойынша басқарушы директоры Андрей Лазаревтің сөзінше, біреулер кітапхананы бұрынғы заманның сарқыты санаса, керісінше, ел болашағы.
– Цифрлық киіз үйде білімнің жаңа түрін алуға болады. Оқырман кітапхана жан-жақты тұрғыда өсуге болатын орын екенін сезінулері тиіс. Кейбірінің оқуға ниеті төмендесе, осында келіп, қызығышулығын қайта оятса деген тілек. Балаларды қорғау күні құтты болсын! – деді директор.
Асыл АЙТБАЕВ
Пікірлер