Қалада төрт жылдан бері балалардың дамуына, мектепке дайындалуына және қабілеттерін ашуына көмектесетін «Умничка» балалар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға облыстық Кәсіпкерлер палатасы өкілдері, бүлдіршіндер мен ата-аналары, сонымен қатар қала тұрғындары қатысты.
Орталық жұмысы басталғалы «Умничка» балаларды ерте дамыту жолындағы танымал орталықтардың біріне айналды. Бұл жер балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған сабақтар мен қолайлы атмосфера арқасында ата-аналардың сеніміне ие болды.
Бүгінде орталық өз қызметтері мен білім беру бағыттары аясын кеңейтті. Мұнда мектепке даярлау, сөйлеу мәнерін дамыту, оқу мен жазуды үйрету, математика және логика сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар, есте сақтау қабілетін, зейінді дамыту, ұсақ моториканы және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Балалар үшін топтық та, жеке сабақтар да ұйымдастырылған.
Орталықтың басты ерекшелігі – оқытудың ойын түрінде жүргізілуі. Сабақ барысында танымдық қабілетті дамытуға, сенсорлық жаттығулар мен шығармашылық тапсырмалар қолданылады. Бұл балалардың ақпаратты оңай, тез қабылдауын және өздерін сенімді сезінуіне мүмкіндік береді. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, «Умничканың» негізгі мақсаты сол, балаға бастапқы білім беру ғана емес, оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Орталық әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енгізілген. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері орталық ұжымын қызмет аясын кеңейтуімен құттықтап, өңірдегі жекеменшік білім беру бастамаларын дамыту маңыздылығын атап өтті.
– Мұндай жобалар қосымша білім беру саласының дамуына үлес қосып, ата-аналарға балаларын оқыту мен дамытуда заманауи форматтарды таңдауға мүмкіндік береді, – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин.
Самғар Мұқашұлы
Пікірлер