A+ A A-

talgatzhan 8 Бүгін, 17:30 0

Өскеменде полицейлер сот алдында жауап беруі мүмкін

Бүгін / Өскемен

Өскеменде үш бап бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген әжейдің ісі бойынша күтпеген жағдай болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұған дейін қарт адам билік өкілдеріне күш қолдану, оларды қорлау және азаматтық тұлғаға дене жарақатын салу баптары бойынша сотталған болатын. Енді осы оқиғаға қатысы бар екі полиция қызметкері Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы («Қызметтегі әрекетсіздік») бойынша тексерілетін болды.
Бұл шешім Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыстық полиция департаменті басшысының атына жеке қаулы шығарған соң қабылданды. Қаулыда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетсіздігіне назар аударылған. Атап айтқанда, олар өздері шақырған эвакуатор жүргізушісінің зейнеткерді көліктен күшпен шығарып, оған жеңіл дене жарақатын салуына кедергі келтірмеген.
Сот сондай-ақ жеке тұлғаның құқық қорғау органдары қызметкерлеріне нұсқау беруі аталған жағдайдың күш қолданумен аяқталған жанжалға ұласуына себеп болғанын атап өтті. Осыған байланысты сот эвакуатор жүргізушісінің әрекеттеріне де құқықтық баға беріп, оған қатысты тергеу жүргізуді ұсынды.
Айта кетейік, оқиғадан кейін әжей эвакуатор жүргізушісіне қатысты арыз жазғанымен, ол өтініш тиісті деңгейде қаралмаған.
Облыстық прокуратура мәліметінше, полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қылмыстық іс облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өндірісінде жатыр.
Сонымен қатар Өскемен қалалық Үлбі полиция бөлімінде эвакуатор жүргізушісінің әйелге дене жарақатын келтіру фактісі бойынша да қылмыстық іс тергелуде. Облыс прокуратурасы хабарлауынша, бүгінде іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Тергеу қорытындысында заңға сәйкес шешім қабылданады.
Облыстық Полиция департаменті де өз қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Фото: pexels

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив