1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан орталығында «Дара бала» балабақшасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдіктің ресми ақпаратынша, Күршім ауылдық округінде балалар санының артуына байланысты қосымша балабақша ашу қажеттілігі туындады. Бүгінде жаңа ғимарат бүлдіршіндерді қабылдауға толығымен дайын. Аталған нысанды пайдалануға беру мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекте тұрған балалар мәселесін шешуге ықпал етеді.
Ашылу салтанатына ШҚО Білім басқармасы және аудан әкімдігінің өкілдері, балабақша ұжымы мен ата-аналар қатысты. Аудан басшысы Мейіржан Әлбековтың сөзінше, қазіргі таңда балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер санын қысқартуға назар аударылуда.
- Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Күршімде бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде аудан орталығында екі балабақша жұмыс істеп тұр. Онда 280 бүлдіршін бар. Бірақ кезекте әлі де 161 бала тұр. Жаңа балабақшаға баратын 120 баланы қоса есептегенде, күзде мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізуіміз керек. Сондықтан осы бастаманы қолдаған облыс басшылығы мен білім басқармасына алғыс айтамыз. Жаңа балабақшаға қадам басқан бүлдіршіндер жақсы тәлім-тәрбие алып, ауданның әрі еліміздің атын шығаратын білім де дарынды азаматтар болады деп сенемін, - деді Мейіржан Әлбеков.
Күршім шекара отрядына тиесілі болған ведомстволық балабақшаның ғимараты ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай, бос тұрған нысандардың бірі еді. Екі жыл бұрын оны мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін «Эпиона LTD» компаниясы сенімгерлік басқаруға алып, қайта жаңғырту жобасын қолға алды. Жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары нәтижесінде ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, жаңа терезелер орнатылды. Төрт топқа арналған бөлмелер де заманауи талаптарға сай жаңартылып, қажетті жиһаздар, құрал-жабдықтар және балаларға арналған ойыншықтар әкелінді. Жоба аясында мекеме аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер