Былтыр Күршім аудандық Жастар ресурстық орталығы ағымдағы жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Орталық директоры Армен Карапетянның айтуынша, жүргізілген жаңғырту жұмыстары жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және түрлі бағытта дамуына мүмкіндік берді.
- Жастар орталығы тек демалыс орны ғана емес, бұл — жастардың өз әлеуетін ашатын, білімін жетілдіретін, идеяларын жүзеге асыратын ашық алаң. Біз үшін ең маңыздысы — жастардың қауіпсіз, жайлы ортада дамуына жағдай жасау. Жөндеу жұмыстарынан кейін орталықтың мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. Жастар мұнда тек уақыт өткізіп қана қоймай, өз бастамаларын ұсынып, түрлі жобаларға қатыса алады, - деді орталық директоры.
Бүгінде орталықта үш Wi-Fi аймағы, екі жаттығу құрылғысы, кофемашина іске қосылды. “Заң мен тәртіп” кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда жастармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, полиция және прокуратура органдарымен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Нысан қазіргі таңда community-орталық ретінде қызмет атқарады. Ол бұрынғы мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Ал әкімшілік бөлімде жастар орталығының мамандары жұмыс істейді.
- Бұдан бөлек, жастар орталығында бильярд клубы бар. Оған жастармен қатар егде жастағы тұрғындар да келіп тұрады. Залда еден толық ауыстырылып, жаңа дивандар әкелініп, жарықтандыру жүйесі мен төбесі жаңартылды. Залда бір мезетте 15–20 адамға дейін жиналып, өзара жарыстар ұйымдастырылып тұрады, - деді Армен Карапетян.
Сонымен қатар орталықта киім ауыстыру бөлмелері мен санитарлық тораптар қарастырылған. Конференц-зал да жөндеуден өтті. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға пилоттық жоба ретінд арнайы кабинет жабдықталған.
Жалпы ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері толық жаңартылып, қабырғалары қайта боялды. Жылу жүйесі жаңғыртылып, теледидар орнатылды.
Орталық өкілдерінің сөзінше, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда келетін жастар саны айтарлықтай артқан. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер