Аудандық көпсалалы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты 1980 жылдары салынған. 2015 жылы қайта жаңғыртудан өткен нысан содан бері жастарды спортқа баулып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спорт мектебінің директоры Ерназ Зәкенұлының айтуынша, бүгінде мұнда 9 спорт түрі бойынша 32 жаттықтырушы жұмыс істейді. 788 оқушы спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
- Өткен жылы 132 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде терезелер мен есіктер, еден және жылу жүйесі толық жаңартылды. Қазіргі таңда нысанның барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қосымша бассейн де бар, ол қыркүйек айында қайта іске қосылады, — деді Ерназ Зәкенұлы.
Айта кетейік, аудан жастары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Таяуда Астанада өткен пауэрлифтингтен Азия чемпионатында күршімдік спортшылар – Ермахан Талғатбек, Айқын Бауыржанов және Рамазан Асхад алтын медаль жеңіп алды.
- Негізінен балаларды қол күрестен жаттықтырамын. Пауэрлифтингпен айналысып жүргенімізге жарты жыл болды. Дегенмен екеуінің айтарлықтай айырмашылық жоқ. Үш ай бұрын осы спорт түрінен Қазақстан чемпионатында екі спортшымыз спорт шебері атағын алды. Бұл жолы үш бала Азия чемпионы атанды. Олардың екеуі – спорт шебері, біреуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жарысқа түрлі елден 300-ге жуық спортшы қатысты. Енді қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз, - деді қол күрестен аға жаттықтырушы Заңғар Ашманов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер