2020 жылдан бері облыста «Бір қабатты Шығыс» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында жеке инвестициялар есебінен, офтейк-келісімшарттар негізінде бір қабатты тұрғын үйлер салынып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін сатып алынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде Күршім ауданында бұл бағдарлама қарқынды түрде іске асырылуда. Аудан аумағында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде.
- Қазіргі таңда 10-ға жуық баспана дайын тұр. Олар “Отбасы банк” АҚ арқылы кезек бойынша беріліп, қажетті құжаттар рәсімделуде. Электр желісіне қосылғаннан кейін үйлер толық пайдалануға беріледі. Бұл жоба көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Биыл Күршім, Барақ батыр, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім, Қайынды және Жолнұсқау ауылдарында жаңа үйлер салынып, ел игілігіне берілмек. Жалпы алғанда, ауданда 13 үй салынып, тағы 30-ға жуық баспана сатып алынып, пайдалануға беріледі, - деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Сымбат Дүйсенғазин.
Бағдарлама арқылы баспаналы болғандардың бірі — Күршім ауылының тұрғыны Ажар Мұстафинова. Ол «Бір қабатты Шығыс» жобасының арқасында өткен жылы жаңа үйге қол жеткізді.
- Кезекте үш жылдан астам уақыт тұрдық, өткен жылы өз кілтімізді алдық. Үйіміз жайлы, бастысы қыста жылы болды. Төрт бөлмелі, су мен жылу жүйесі толық жүргізілген. Барлығы көңілімізден шықты, - деді көпбалалы ана.
Қазір Күршім ауылында үш үйдің қабырғасы көтерілді. Мердігерлер айдың соңына дейін шатырын жауып, ішкі әрлеу жұмыстарын бастамақ. Құрылысқа қажетті материалдар стандартқа сай, Семей және Алматы қалаларынан жеткізілуде. Құрылыс алаңында 15 адам еңбек етуде. Жобаны қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер