
1932-33 жылдардағы нәубеттен қашқан жұрт шекара маңында қалай қырылды?
«Әкем екеуіміздің қорлығымызды түгел баяндасам, том-том романға татитын шығарма туар еді» деген Мұрат Бейсенғалидің көзі әлі бір нүктеге қадаулы. Арқасы жұмсақ креслоға жайғасып, жайлы отыр дегені болмаса, өткен ғасырдың 30-шы жылдарына шегініс жасаған сайын көңілін алаң билеп, қимылынан әлдебір жайсыздық сезіледі. Бертіндері Тарбағатайдан бөлініп, еншісін алған Ақсуат ауданы маңындағы ауылдардан үдере көшкен жұрт межелі жерге жеткенше қанды қасапқа ұшырап, әп-сәтте тоз-тозы шықты. 1932-33 жылдары ашаршылық қамсыз жатқан қаншама түтіннің шаңырағын ортасына түсіріп, қайғы тереңіне біржолата батырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атажұртқа оралу
Талай жұттан аман қалған қазақ 1920-30 жылдардағы кеңестік тоталитаризм жүйесіндегі ашаршылық нәубетін көтере алмады дейді кей сарапшы. Мұрат Бейсенғали мен әкесі Бейсенғали Садықан басынан өткерген зобалаңға зейін қоймас бұрын аз-кем кіріспе ұсынуды жөн көрдік. Тарих деректерін ақтарсақ, 1925-33 жылдары Қазақстанды басқару Голощекиннің еншісіне тиді. Көпке мәлім, ол «Ұлы қазаннан», «Кіші қазан» туындатып, өзіне қабақ шытқандарды қағып тастап отырды. Сөйтіп, маңына «көнбіс жандарды» топтастырды. Осы саясат нәтижесі қазақтардың мал шаруашылығын күйзеліске әкеліп, төрт түлік басы күрт кеміді. Сандық көрсеткіштер көпірме жалған ақпаратқа толды. Мал мамырлап, малшы демалған көктем басы бұрынғыдай көңілді емес, жұрт күңгірт кеп киді. Ал 1928 жылы бай-феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу туралы қаулы қабылданған соң Қытайға қоныс аударғандар көбейді. Көбі тәркілеу кезінде артық мал жазылып, көрінеу заң бұзушылықты көрген соң шекара асқан. Бай-кулактар мал-мүлкін сақтау, өзгесі жан сақтау қамымен дүрк көтерілді. Талғажау қылар талшық табылмай, көршілес ел көмегіне кіріптар болған жұрт жолда қаңғыған оқ пен кезеген оққа ұшатындарын білмеді.
Ашаршылық Шығыс Қазақстан аумағына қалай әсер етті деген деректердің кітапхана сөрелеріндегі еңбектерде де, архив материалдарында да молынан табыла қоймағаны рас. Әйтеуір«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» демекші, іздестіріп жүріп, Мұрат Бейсенғалиді жолықтырдық. 2007 жылы Қытайдың Дүрбілжің қаласынан Өскеменге ойысқан ол қазір балаларымен осы жаққа орныққан. Согра кентінің нулы, сулы түкпірінде аз-маз мал ұстап, оқта-санда шекараның ары жағындағы ағайындарынан амандық-саулық сұрасып тұрады. Түс ауа әңгімеміздің тиегі ағытылғанда бір шәугім шайды демдеп үлгеріп, құрбандыққа шалынған қой етін дастарханға қойды. Алдымен көршілес елдің қазіргі тіршілігіне аз-кем тоқталып, минуттар жылжыған сайын 32-нің зұлматына ойысты.
– Қытайдың тұрмысы 2010-шы жылдан бастап түзелді. Әсіресе, Шыңжаң маңына жұмысшыларды да, құрылыс материалдарын, аспап-саймандарды да әкеліп төкті. Пияладай қылып, әр ауданды жарқыратып жіберді. Осы кезге дейін Қытай өз саясатын білгенінше жүргізіп жатыр. Сол тілде оқып, сол тілде оқуға міндеттеп, дегенін орындатқызып жатыр. Жұмыс істесек те, сол мемлекеттің соқпағына түсуіміз тиіс. Өзгерістер жылдам қабылданып жатқан соң «Қой, есіміз барда, елімізді табайық» деп бері қарай ертерек қозғалдық, – деді ол.
Айтуынша, туыстарынан өзі ғана келді. Қалғаны сол жақта тұрып жатыр. Бірі – мұғалім, бірі – сұраныс мол мамандық иелері атанған. Үйреніскен соң кетуге қимай, арғы бетте қалуды жөн көріпті.
– Қазір балалары қытайша оқып, қытайша сөйлейді. Ересек буын қазақ тілін біледі, немерелер атажұртының тілін ұмытқан. Бірақ сол қытай халқының іскерлігін айтпа, қарағым. Мына жаққа келгенде ішіміз пысып кетті. Жазда түн баласы ұйықтамайды ғой олар. Бір-екі сағат көз шырымын алса алады, одан кейін болды – нендей жұмыс бар, кірісіп кетеді. Құрылысты алсақ, үш ауысыммен бір тәулікте 8 сағаттан бөліп алып істейді, – деді Мұрат Бейсенғали.
Ол кезде азаматтық алу оңай болған екен. Бас-аяғы үш айда қолдарына тиді. Жұрт енді-енді қоныстанып жатқаннан ба, тексеріс те қатты болмаған. Үкімет қолдап, қуаттап, квота беріліп, кәсіп ашамын дегендерге банк қолұшын созды. Согра төңірегі таулы-жоталы болған соң мал баққанға қолайлы. Атажұртқа оралған отбасы 30 бас ірі қара сатып алып, қауырт тірлікке кірісіп кетті. Қандастар облыстың әр түкпіріне қоныстана бастағанда олардың тыныс-тіршілігін көрсету телеарна мен мерзімді басылым басшылықтарының күн тәртібіне қойылса керек. Кейіпкеріміз 20 жылға жуық бұрын болған оқиғаны айтқанда езу тартқаны бар.
– Сонда Өскемендегі телеарна тілшілер жіберіп, далада жайылған мал мен қорамызды тартып (түсірілім жасап қайтты), келген қандастар жұмысты осылай істейді екен деп көрсетті. Келе сала мынадай жұмыс атқарып, осылардан үйренейік деген мақсат болды ма екен. Әйтеуір бізді үлгі қылды, – деді қарт жымиып. – Мемлекет қолдады, айтары жоқ. Қазір ғой, Қазақстанға қайтамыз дегендерге кедергі көп. Кейбірін кері қайтарып, кейде қағазың дұрыс емес деп жатады.
Мұрат Бейсенғали Қытайдың Дүрбілжің ауданында тұрды. Ол Шәуешектен ары қарай 60 шақырым екен. Сосын Шағантоғай деген ауданға тұрақтаған, ол да 60 шақырым. Сол кезде әңгіме, жыр-дастанға құмар жігіттер жақындап, аштық пен жоқшылық жайлаған жылдардағы оқиғаларды айтып беруін сұраған. Біз де жуықта солардың бірі ретінде бардық.
– Әкем Бейсенғали Садықан ақын-жазушы болды. 1911-жылы Ақсуат ауданында дүниеге келген. Көкпекті, сол Көкпектіден ары 400 шақырым жерде кіндік қаны тамды. 1932-жылы Қытайға ауған. Неге деген сұрақтың жауабы жан-жақты. Бір себебі сол, аштық. Екінші себебі, оның ақын-жазушы болғандығында. Ол кезде ақын-жазушыларды ұстап, қамап, маза бермей тұрған кез. Осы жылдары Маусымбай Сабанұлы деген шежіреші болды. Әкем сол кісінің шәкірті еді. Қазақтың ататегін түгендеп жүрген азаматтан көп нәрсе үйренді. Кенет тықыр таянып, қудалау басталды. Қорадағы малды әкете бастады. Ақын-жазушылардан халық ойын өзгертер қуатты күш деп қорықты. Әлихан, Ахметтерді сол үшін атқан жоқ па? – деді кейіпкеріміз.
Мұрат Бейсенғалидің сөзінше, әкесін Алаш зиялыларының жақтасы деп қабылдап, сананы басқаша серпілтер көзі ашық ерлер тегіс бақылауға алынды. Бұдан құтылу жолы – Қытай асу. Ақсуаттан кеткенде жасы жиырмадан енді асқан.
Өткелдегі өлім
Кенет кесемдегі шайдың біткенін көрген қарт қолын созып, «тағы бір кесе іш, қазақтың үйіне келіп отырсың» деп алдағы әңгіменің ұзақ болатынын білдірді.
– Әңгімені ұзақ қылып та, қысқартып та айтуға болады. Таусылмайды ғой. Өзің деректер ұсынатын болған соң, негізгісін айтайын дегем. Ол кісінің 90 жылдығы, менің 70 жылдығымды түгел баяндасам, том-том романға татитын шығарма туар еді. Әкемдер Ақсуаттан ауғанда бірнеше ауыл болып кетті. Сен білмейтін шығарсың, Зайсанның бас жағында бұрын мал базары болатын. Осы күнде әлі бар екен. Әкелерім сол кезде ары жақтан мал әкеліп, өткізіп, сауда жасап жүрді. Аяқ асты қудалау шыққан соң, ауыл болып кетуді жоспарлады, – деді Мұрат Бейсенғали.
Ақсуат аумағынан шекараға қарай өрлеп, ат пен түйені көлік қылып, өзгесі өгізге жүк артқан күйі жаяу-жалпылы жолға шықты. Соңынан өкшелеген қызыл әскер иісшіл иттей ізге түсіп, именген жұртқа әбден таяп үлгеріпті. Мезгіл жаз.
– Ауылдар сол өткелге жетіп, өтейін дегенде жыраға тап болыпты. Жартысы әлі бергі бетте, жартысы жырада, ал қалған бөлігі өтті әйтеу аман-есен. Әкеммен бірге өткен інісі 10 жаста еді. Тай мініп шыққан. Шешемде ат бар. Тағдыр жазуы шығар, әкем мен інім әупірімдеп өткенде, шешем жырада қалып қойды. Солдаттар да келе қалды. Содан пулеметті құрып жіберіп, жырадағы жұртты қырды кеп. Қырсығын қарашы, сол екіортада жаңбыр жауып, қара дүлей тасқын келді де, жырада өтіп бара жатқан нөпірді ағызып кетті. Қылқұйрықтысын да, түйесін де шайып өтті. Бергі бетте тұрған халықты кері қайтарып, бір нүктеге жинаған, – деді кейіпкеріміз.
Осымен бітті ме дегенде оқиға қайта жалғасын тапты. Арғы беттегі адамдар оқ жетер жерде екен әлі, пулеметпен тағы біразын жусатты. Бейсенғали Садықанның інісі мінген тайға оқ тиіп, жануар есеңгіреп қалған. «Дереу аттан түс те, жат ана тастың артына!» деп айқай салған ағасы да жартасты паналауға көшті. Ағалы-інілі алып тасты айналып, бірі тізе бүккен күйі, бірі жүресінен отыра қалған. Қас-қарайғанша тапжылмады. Мұрат Бейсенғалидің сөзінше, сондағы жартасқа тиген оқ дауысы «быж-быж» етіп, міне-міне тиіп кетердей ысылдаған. Тай тоңқалаң асып, сол жерде қалды. Атыс-шабыстан мең-зең болған жұрт ұлардай шуласыпты.
– Ажалдан аман қалғандар сол белден асып, домалап кетіп жатыр дейді ары қарай. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, пулемет оғы басылып, үрейлі топ бір-біріне «жүгіріңдер» деп дереу алыстап кетуге асыққан. Оққа ұша жазған әкем мен інісі бір атқа мінгесіп, Шәуешекті бетке алды, – деді зұлматты жылдарға зейін қойған қарт.
Өлім құшқандар көп болғанымен, аман қалғаны да біршама екен. «Шекара асамыз» дегенді естіген халық бір-біріне ілесіп, көптен қалмауға тырысқан. Бас-аяғы жинақы, іргесі сөгілмеген топ мана айтылған өткелге жеткенде қырылды. Арғы беттегі жылқыға, түйеге, ірі-қараға оқ тиген соң көбі ажалдан жаяу қашты. Өткенді жадында қалған естелікпен өріп отырған кейіпкеріміз «жиыны 200-дей адам аман қалған болар» деді. «Шәуешек қайдасың?» деген жұрт 100 шақырымнан астам жерді жаяу еңсеруге бекінген.
– Бір қасиеті, сондағы қазақ пен ұйғыр байлары әр жерге алып тайқазан қойып, қара көже мен бидай көже әзірлепті. Ыдысы барлардың ыдысына, ыдысы жоқтарға тегеш, астауға құйып берді. Әлсіреп келген адам абыр-сабыр күйде тамаққа бас қойып, біразы сол жерде жан тапсырды. Қомағайлана ішкен көже ашөзекке түсіп кеткен, – деді Мұрат Бейсенғали.
Оқтан аман қалып, арқа еті арша, борбай еті борша болып жеткен ауылдастардың біразы осылай көз жұмған. Ас-суды мөлшерлеп ішіп, ес жинап үлгергендері сол жерде қисая кетіп, бір күндей тынығып алды. Ертесінде Шәуешекті бетке алып, кейіпкеріміздің әкесі Бейсенғали Садықан да жолға шықты. Інісінен көз жазып қалған. Жұбайы Зылиха Абдоллақызының қайда қалғаны беймәлім. Ерлі-зайыпты соңғы рет өткелде көріскен. Анығы сол, ол да Шәуешекті бағдар еткен топ ішінде келе жатыр...
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Жалғасы бар
Фотосуреттер автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер