Сәтбаев даңғылы бойында салынып жатқан екі деңгейлі көлік айрығының құрылысы аяқталып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нысанның негізгі тірек конструкцияларының басым бөлігі дайын. Жаңа жол айрығы көлік ағындарын бөліп, бағдаршамдардағы аялдамалар санын азайтуға мүмкіндік береді. Жобаға сәйкес, Сәтбаев даңғылы бойымен қала және Жібек маталар комбинаты ықшамауданы арасындағы негізгі көлік қозғалысы жоғарғы деңгейдегі жол өткелі арқылы бағдаршамсыз жүзеге асады. Ал Есенберлин даңғылы бағытына жеке жол өткелі мен одан шығу қарастырылған.
Айрықтың төменгі деңгейінде бес бағытқа шығатын көлік шеңбері орналасады. Ол арқылы Жібек Жолы және Базовая көшелеріне де шығуға болады. Қазір жол өткелдерінің барлық тірегі орнатылған. Негізгі арқалықтардың басым бөлігі қойылып, енді 32 арқалықты орнату қалды.
Арқалықтары орнатылған учаскелерде жол өткелінің жоғарғы бөлігі бетондалды. Қазір тағы екі аралық бетондалуы тиіс.
Сонымен қатар Сәтбаев даңғылы жағынан жол өткеліне апаратын жолдарды салынуы тиіс. Жібек маталар комбинаты жағындағы үйінді шамамен екі метрге, мешіт жағындағы үйінді бір метрге көтерілді.
Есенберлин даңғылы тарапынан жол өткеліне апаратын жолдың дайындығы шамамен 80 пайызға жетті.
Пікірлер