Бүгін Өскемен әуежайында Түркияда өткен «Fetih Kupası» халықаралық турнирінде жүлделі екінші орын иеленген садақшы Олжас Дюсуповты жақындары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Стамбул қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додаға әлемнің 40 елінен 300-ден астам садақшы қатысқан. Байрақты бәсекеде шығысқазақстандық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Садақ атудан бас бапкер Ажар Төлеуханованың айтуынша, бұл өңір спорты үшін тарихи жетістік.
– Олжас Дюсупов «Нысана» санатында күміс жүлдеге ие болды. Бұл – облысымыздағы ерлер арасындағы алғашқы осындай жетістік. Ерлер бәсекесінде деңгей өте жоғары болғандықтан, үздіктер қатарынан көріну оңай емес. Биыл ақпан айында Ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінде садақ ату бөлімі ашылған еді. Осы бөлімнен бес спортшы аталған турнирге қатысып, барлығы үздік ондыққа енді, – деді бас бапкер.
Жеңімпазды қарсы алуға ата-анасы, туыстары, достары жиналды. Ал жеңімпаз Олжас Дюсупов Күршім ауданының тумасы.
– Алланың қалауымен жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдегер атандым. Жарысқа дайындық барысында Өскеменде екі ай, Алматыда бір апта жаттықтым. Бұған дейін Кореяда өткен халықаралық турнирде үздік ондыққа енген болатынмын. Бұл жолы бар күшімді салып, жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын, – деді мерген.
Айта кетейік, Түркияда өткен халықаралық турнирдегі бұл жетістік шығысқазақстандық садақ ату спортының дамуына серпін беріп, жас спортшылар үшін үлкен мотивация болмақ.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер