A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 10:30 0

Күршім ауданында биыл қандай жұмыстар қолға алынды?

Бүгін / Күршім / Басты

Тарихы терең, табиғаты көркем ауданға тағы бір рет жол түсті. Қазір мұнда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жуықта ашылған балабақша жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуанышты жаңалыққа айналды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандарда жөндеу жүргізіліп, ауыл шарушылығы бірқалыпты дамып жатыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар ауданның әр ауылында айқын көрініс табуда. Толығырақ төмендегі мақаладан оқи аласыздар. 

Бар назар балабақшаға ауды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан орталығында «Дара бала» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. Әкімдік бөліскен ақпаратқа сенсек, Күршім ауылдық округінде бала санының артуына байланысты қосымша балабақша ашу қажеттілігі туындады. Бүгінде жаңа ғимарат бүлдіршіндерді қабылдауға толығымен дайын. Аталған нысанды пайдалануға беру мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекте тұрған балалар мәселесін шешуге ықпал етпек.
Ашылу салтанатына облыстық Білім басқармасы мен аудан әкімдігі өкілдері, балабақша ұжымы және ата-аналар қатысты. Аудан басшысы Мейіржан Әлбековтың сөзінше, қазір балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер санын қысқартуға назар аударылуда. 
– Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Күршімде бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде аудан орталығында екі балабақша жұмыс істеп тұр. Онда 280 бүлдіршін бар. Бірақ 161 бала әлі кезекте тұр. Жаңа балабақшаға баратын 120 баланы қоса есептегенде, күзде мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізуіміз керек. Сондықтан осы бастаманы қолдаған облыс басшылығы мен білім басқармасына алғыс айтамыз. Жаңа балабақшаға қадам басқан бүлдіршіндер жақсы тәлім-тәрбие алып, ауданымыз бен еліміздің атын шығаратын білім де дарынды азаматтар болады деп сенемін, – деді Мейіржан Қанатбекұлы. 
Күршім шекара отрядына тиесілі болған ведомстволық балабақшаның ғимараты ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай, бос тұрған нысандардың бірі еді. Екі жыл бұрын оны мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін «Эпиона LTD» компаниясы сенімгерлік басқаруға алып, қайта жаңғырту жобасын қолға алған. Жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары нәтижесінде ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, жаңа терезелер орнатылды. Төрт топқа арналған бөлмелер де заманауи талаптарға сай жаңартылып, қажетті жиһаздар, құрал-жабдықтар мен балаларға арналған ойыншықтар әкелінді. Жоба аясында мекеме аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінді.
Дәл осы күні аудан орталығында театр және кино актері, сатирик, «Бауыржан шоу» театрының экс-мүшесі Алмат Сақатовтың «Әзіл мен әуен» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.
Қабдолда Тұрар атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға әкімдік өкілдері мен жергілікті тұрғындар жиналды. Кеш барысында көрермен назарына әсем әндер мен әзілге құрылған сахналық қойылымдар ұсынылды. Алмат Сақатов өзінің жеке репертуарындағы әндерді орындап, жерлестерімен еркін форматта әңгіме өрбітті. Сонымен қатар кеште әнші әрі сазгер Жандос Ерланұлы мен әнші Нұрлан Қайрат өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт соңында өнер иесі көрерменге ризашылығын білдіріп, туған өлкенің қадір-қасиеті туралы тебірене сөйледі. Ал аудан әкімдігінің өкілдері құрметті қонақтың иығына шапан жауып, Алғыс хат табыстады.
 Жастар жаңашылдықты сүйеді
Былтыр Күршім аудандық Жастар ресурстық орталығы ағымдағы жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Орталық директоры Армен Карапетянның айтуынша, жүргізілген жаңғырту жұмыстары жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және түрлі бағытта дамуына мүмкіндік берді.
– Жастар орталығы тек демалыс орны ғана емес, бұл – жастардың өз әлеуетін ашатын, білімін жетілдіретін, идеяларын жүзеге асыратын ашық алаң. Біз үшін ең маңыздысы — жастардың қауіпсіз, жайлы ортада дамуына жағдай жасау. Жөндеу жұмыстарынан кейін орталықтың мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. Жастар мұнда тек уақыт өткізіп қана қоймай, өз бастамаларын ұсынып, түрлі жобаларға қатыса алады, – деді орталық директоры.
Бүгінде орталықта үш Wi-Fi аймағы, екі жаттығу құрылғысы, кофемашина іске қосылды. «Заң мен тәртіп» кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда жастармен түрлі тақырыпта профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, полиция және прокуратура органдарымен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. 
Қазір нысан community-орталық ретінде қызмет атқарады. Ол бұрынғы Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Ал әкімшілік бөлімде жастар орталығының мамандары жұмыс істейді.
– Жастар орталығында бильярд клубы бар. Оған жастармен қатар егде тартқан тұрғындар да келіп тұрады. Залда еден толық ауыстырылып, жаңа дивандар әкелініп, жарықтандыру жүйесі мен төбесі жаңартылды. Залда бір мезетте 15-20 адамға дейін жиналып, өзара жарыстар ұйымдастырылып тұрады, – деді Армен Карапетян. 
Сонымен қатар орталықта киім ауыстыру бөлмелері мен санитарлық тораптар қарастырылған. Конференц-зал да жөндеуден өтті. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға пилоттық жоба ретінд арнайы кабинет жабдықталған. Жалпы ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері толық жаңартылып, қабырғалары қайта боялды. Жылу жүйесі жаңғыртылып, теледидар орнатылды. Жөндеу аяқталғаннан кейін мұнда келетін жастар саны айтарлықтай артқан көрінеді. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Ал аудандық көпсалалы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты 1980 жылдары салынған. 2015 жылы қайта жаңғыртудан өткен нысан содан бері жастарды спортқа баулып келеді. Спорт мектебінің директоры Ерназ Зәкенұлының айтуынша, бүгінде мұнда 9 спорт түрі бойынша 32 жаттықтырушы жұмыс істейді.

788 оқушы спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
– Өткен жылы 132 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде терезелер мен есіктер, еден және жылу жүйесі толық жаңартылды. Қазір нысан қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қосымша бассейн де бар, ол қыркүйек айында қайта іске қосылады, – деді жаттықтырушысы.
Бүгінде аудан жастары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Таяуда Астанада өткен пауэрлифтингтен Азия чемпионатында күршімдік спортшылар – Ермахан Талғатбек, Айқын Бауыржанов және Рамазан Асхад алтын медаль жеңіп алды.
– Негізінен балаларды қол күрестен жаттықтырамын. Пауэрлифтингпен айналысып жүргенімізге жарты жыл болды. Дегенмен екеуінің айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Осыған дейін өткен Қазақстан чемпионатында екі спортшымыз спорт шебері атағын алды. Бұл жолы үш бала Азия чемпионы атанды. Олардың екеуі – Спорт шебері, біреуі – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Енді қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз, – деді қол күрестен аға жаттықтырушы Заңғар Ашиманов.

Бөлім биыл жөнделді
Күршім, Самар және Марқакөл аудандарының біріктірілген қорғаныс істері бөлімінің тарихы 1941 жылдан бастау алады. Аталған құрылым өңірдегі әскери есеп, әскерге шақыру және қорғаныс саласындағы негізгі міндеттерді атқарып келеді. 2009 жылы бұл бөлім жаңа ғимаратқа көшірілді. 
– Биыл жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ғимарат 4 айдың ішінде жөндеуден өтті. Ішкі бөлмелер жаңартылып, жұмыс кабинеттері ретке келтірілді. Бұл өз кезегінде қызмет сапасын арттырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді, – деді Күршім, Самар және Марқакөл аудандарының біріктірілген қорғаныс істері бөлімі бастығының орынбасары, майор Жігер Құмарбеков.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бөлімнің жұмыс қарқыны артып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсара түсті.

Баға бірқалыпты ма?
Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру қарқыны артып келеді. Наурызда Абай ауылдық округіндегі «Тоқбура» учаскесінде жаңа жылыжай кешені ашылды. Басқарушы Айгүл Мұстафинаның сөзінше, мұнда аскөктен бастап қиярға дейін көкөністің түр-түрі өсіріледі.
– «ДЕЕН» ЖШС салған жылыжайдың жобалық қуаты 15 мың шаршы метрді құрайды. Қазір 7 мың шаршы метрі пайдаланылуда. Барлығы 15 жылыжай бар. Оның 12-сінде қияр өсірілсе, қалғанында қызанақ, баялды, бұрыш, аскөк егіледі. Көшет пен тұқым аязға төзімді. Жалпы жұмыс жыл бойы жалғасады. Ол үшін қажетті жылу мен су бар, барлық жағдай қарастырылған. Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Барлығы 15 адам еңбек етеді. Болашақта тағы 20 жылыжай ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сұранысқа ие өнімдерді, соның ішінде құлпынай өсіруді қолға алудамыз, - деді Айгүл Мұстафина.
Бір күнде бір жылыжайдан 25-30 келі өнім жиналады. Күні кеше көрші Самар ауданына 720 келі қияр жөнелтілді.
Айта кетерлігі, жылыжайда өсірілетін өнімдер аудан бойынша тиімді бағамен сатылады. Аудан әкімі Мейіржан Әлбековтің сөзінше, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
– Аталған жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Былтыр қолға алынған бастама бүгінде өз нәтижесін беруде. Мәселен, облыста қиярдың келісі 650-750 теңгеден сатылуда. Ал біз өткен сенбіден бері жергілікті жәрмеңкеде оны 400 теңгеден ұсынып отырмыз. Қазір аудандағы барлық дүкен және сауда орнымен меморандум жасалуда. Одан кейін өнім басқа аудандар мен облыс орталығына тасымалданатын болады. Бұл жоба осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік бағдарламасыз іске асырылып келеді. Алдағы уақытта жылыжай санын көбейту үшін қолдау көрсетілмек, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында жылыжай аумағында 1000-ға жуық ағаш отырғызылды.

Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосуреттер: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив