Өскемендегі «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Қазақстанның үздік өнімі – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің үздік тауарлары мен өнімдері ұсынылған шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
– Бұл көрме – отандық кәсіпорындардың жетістіктерін кеңінен таныстыруға, сапалы өнімдерді өндіруші бағасымен ұсынуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға жол ашатын бірегей алаң. Отандық өнімдердің сапасын арттыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау – бұл шараның басты мақсаты. Бүгінгі көрмеге облысымыздың 100-ге жуық кәсіпкері қатысып, өз өнімдері мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынып отыр, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірдің 7 кәсіпорны сапа мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы беделді республикалық байқауларда жоғары марапаттарға ие болды. Бұл Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің жоғары кәсібилігінің, дамуға деген ұмтылысының және қызметін үздіксіз жетілдіруге деген талпынысының айқын дәлелі.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанған облыс кәсіпорындары қатарында «Үздік өндірістік мақсаттағы кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған «Силумин-Восток» ЖШС және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында үздік деп танылған «Эмиль» ЖШС бар.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесінде облыстың барлық дерлік аудандарынан келген 40-тан астам қатысушы өз өнімдерін ұсынды. Сараптамалық комиссия 20 жартылай финалисті іріктеп алады, олар өз жобаларын қорғауға ұсынады. Байқау қорытындысы бойынша гранттық конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болатын және 5 миллион теңгеге дейін қаржыландыруға үміткер болатын 10 жеңімпаз анықталмақ.
Облыс әкімі көрмені аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып шықты. Бал және ара шаруашылығы өнімдері, дәрілік шөп шайлар, ұлттық аспаптар, киімдер мен аксессуарлар, киізден, жүннен және табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқыма ойыншықтар, зергерлік бұйымдар, қымыз және сүт өнімдері, ағаштан жасалған бұйымдар мен үйге арналған декор заттар және басқа да түрлі тауарлар көптің назарына қойылды.
Пікірлер