
Қалам ұшындағы өмір: жерлес журналист Ғафура Сәрсенбайқызы биыл 70 жасқа толып отыр
Осыдан 30-40 жыл бұрынғы облыс журналистикасының келбеті, көтерген жүні, ақпарат алу барысы бізге шынымен қызық. Жылт еткен жаңалықты желіге шығару, фото-видеоны Wi-fi көмегімен бірнеше минутта жүктеп, қайта жіберу деген атымен жоқ. Бірақ ол уақытта да талай сапалы, салмақты мақала жазылды. Кеткен бір әріп қатесінің сұрауы қатал, оған қоса, редакторлар да ағаттық жіберген тілшінің басынан сипамайтын. Ұлан ауданының тумасы Ғафура Сәрсенбайқызы облыстық DIDAR (Коммунизм туы) газетінде табан аудармай 40 жыл еңбектенген журналист. Жерлесіміз биыл 70 жасқа толды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Журналистика тілдің дамуы үшін керек»
Жуықта А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ардагер журналиспен кездесу өтті. Түс ауа тиегін ағытқан іс-шара былай күндері жолыға бермейтін бірқатар қаламгердің басын қосты. Олар да арқа-жарқа. Айтмұхамбет Қасымов, Уәлихан Тоқпатаев, Жұмағазы Игісін, Серік Құсанбаев және одан кейінгі буын өкілдері қолдап, құттықтауға келді. Ғафура Сәрсенбайқызы DIDAR газетінде 40 жыл жұмыс істеп, 2014 жылы зейнетке шыққан болатын. Іс-шара жүргізушісі 12 жылдан бері қалам суытқан журналиске сол басылымдағы алғашқы жұмыс күндері қалай өткенін, көкейде сақталған естелікпен бөлісуін сұрады.
– Облыстық газет деген – мектеп. DIDAR-ды Шығыс Қазақстандағы журналистиканың ордасы деуге болады. Неге десеңіздер, бұл жерден талай жазушы, журналист, ақындар шыққан. Ол кезде «Коммунизм туында» Тоқтарбек Қызықбаев деген журналист жұмыс істеді. Зайсан ауданының тумасы. Мені жұмысқа сол кісі алған. Басқа да азаматтар болды, ол кісілерден көп нәрсе үйрендім, – деді ол.
Ардагер журналистен ерекше ізденіспен жазылып, есте қалған, өзі үшін ыстық мақалаларын сұрады. Ұланның тумасы аз-кем ой орманын шолып, Абай ауданында болған жағдайды мысал етті.
– Ол кезде Абай ауданы Шығыс Қазақстан құрамында болатын. 2006 жыл ғой деймін. Сонда бір көркемөнерпаздар спектакль қойды. Мен оны сынап жаздым. Айтекең бар. Ол кісі бас редактордың орынбасары, «байқа, тегі» деп бір ауыз ескертті. Бірақ мен өз дегенімнен қайтпадым. Сосын шу шықты. Ішкі саясат бөлімінен хабарласып, арты айқайға ұласты. Осы бір мысал. Тағы бір мақала 2007 жылы жарияланды. Сонда кәсіпкерлер туралы материал жазып, ол сотқа дейін барды. Бірақ шын айтсам, мына жердегі азаматтардай жаза алдым деп ойламаймын. Уәлихан, Айтекең, Жүкең сияқты мысалы. Олар тамаша жазды. Ақындық жағынан Серікті айтар едім, –деді Ғафура Сәрсенбайқызы.
Замандастарының сөзінше, жерлес журналистің мақалаларынан бұрын, өлеңдері шыққан екен газетке. Яғни, шығармашылық жолы журналистикадан бұрын поэзиядан басталды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ сезімін өлеңмен өрнектеп, «Коммунизм туы» редакциясына жолдап тұрған. Ғафура Сәрсенбайқызының әр тақырыптағы туындылары сол кездегі газет бетінде жарық көріп, көпшілік ықыласына бөленді. Өзінің айтуынша, қарапайымдылықты жақсы көреді. Жазғаны да тереңдік пен сөйлем күрделілігіне емес, ақпаратты жетер жеріне жеткізумен ұштасып жатыр. Сөз арасында цифрлық замандағы дәстүрлі газет журналистикасының болашағы туралы ой бөлісті. Айтуынша, мұның бәрі қылыш ұшындағы нәрсе сияқты. Саясаттың өзі аумалы-төкпелі болып тұрған заманда кей адам шындықты айтуға жүрексінуі мүмкін. Ғафура Сәрсенбайқызының сөзінше, қазақ тілінің дамуы үшін журналистика керек. Бірақ сандық платформада әлі көп нәрсе мемлекеттік тілде айтылмайды, түсіндірілмейді. Осы жағы бірқалыпқа түссе, дәстүрлі газет журналистикасы да екінші тынысын ашуы мүмкін дегенді алға тартты. Анығы сол, қазір жаңа толқын келе жатыр. Алдыңғы буын ағалар қамтып үлгермеген кей бағытты қазіргі асау толқын алып шығады деп сенім білдірді. Келген меймандарға сөз кезегі берілмей тұрып, ардагер журналистің жастарға деген жылы лебізін сұрады. Ғафура Сәрсенбайқызы қандай мақала жазылса да, өн бойынан шынайылық байқалып тұру керектігін баса айтты. «Артымда ел тұр деп ойлау қажет. Мақала сыншысы да солар. Сосын тілшінің тілі бай болғаны абзал» деген соң ортаға Қазақстан Журналистер Одағы ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы шақырылды.
Замандастар естелігі
Ол әуелі келген қонақтарды, журналистерді 28-маусым күні өткен БАҚ қызметкерлері мерекесімен құттықтады.
– Ғафура апай, кешіңізге ең жақын деген үзеңгілестріңізді, соңыңыздан ерген іні-қарындастарыңызды жинауға тырыстық. Әйтпесе, массовка деп, жер қайыстырып алып келуге болар еді. Өзіміз ғана отырмыз. Сізге ең әуелі тілейтінім, деніңіз сау болып, бізге жол бастап жүре беріңіз. Журналистер Одағы атынан жыл сайын берілетін марапаттар рет-ретімен өз иесін тауып жатыр. Бүгін кезек өзіңізге келіп отыр. Жалпы, әр облысқа берілетін жалғыз марапат «Қазақстанның құрметті журналисі» медалі. Биыл өзіңізге бұйырды. Әбден лайықсыз, – деп медальды кеудесіне тақты.
Бұдан соң рухани бағытта қалам сілтеп жүрген Мирас Өтей Қазақстан Журналистер Одағына қабылданып, бұл да кештің бір салтанатты бөлігіне айналды. Осы аралықта концерттік нөмірге кезек беріліп, жиналғандар бір серпіліп қалды. Ғафура Сәрсенбайқызының журналистік жолынан бөлек, оның ақындығы да айтылды. Тағы бір тақырып бөгеуі ағытылмай тұрып, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың Алғыс хаты табысталды. Осыдан соң ақын, DIDAR газетінің журналисі Серік Құсанбаев сөз алды. Айтуынша, ұжымға енді жұмысқа орналасып бастағанда Ғафура Сәрсенбайқызын онша тани қоймады. Жас кезінде Шығыс Қазақстаннан кетіп, 2000-жылдардың басында қайта атбасын бұрғанын айтты. Бірақ айтыс кезінде көріп тұратын.
– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, Өскеменге көшіп келгендегі көрген адамым Ғафура апай болатын. Өзім екі жылдай университетте ақындық, шешендік өнер бойынша сабақ бердім. Сосын Тәңір жазуымен, журналистік білімім болмаса да, DIDAR газетіне келдім. Бірақ мұнда одан бұрын жаза білуің маңызды екен. Сол ағаш келгенімде осы отырған Уәлихан ағамыз, Айтмұхамбет ағамыз, Әлібек Қаңтарбаев ағамыз, Ғафура апайлар болды. Ол кісілер қатемді түзете бастағанда шамданып қалатынмын. Кейін қарасам, осы кісілердің жөн сілтеуімен көп тәжірибе жинадым. Ғафура апай тек журналист емес, қамқор апай. Туған күндер болса, нақышына келтіре әндететін, – деді ол.
Журналист, аудармашы Жұмағазы Игісіннің сөзінше, кеш иесін жас күнінен жақсы біледі. Жазу өнерін өлеңнен бастағанын айтып, ондай адамдардың тілі жатық болатын жеткізді.
– «Коммунизм туы» газетіндегі ағаларының ортасына түскен соң Ғафура ақындық ауылына орныққан Ғалым ағасынан, Тұрғазы ағасынан жасқанды ғой деймін, өзінің шамасын білді-ау деймін, өлеңмен қоштасып, очерк, сатира жанрларына ауысып кетті. Ғафураның бір ерекшелігі, сөзге деген құрметі, жауапкершілігі. Әр сөзді ойнатып, оған шуақ түсіреді. Біраз жыл бірге істедім. Сонда байқағаным, көптің дегенімен жүрмей, өз бетімен шешім қабылдауға тырысатын, – деді қаламгер.
Одан кейін сөз алған ардагер журналистер де Ғафура Сәрсенбайқызының жазған материалдарынан оның болмысы байқалып тұратынын айтты. Айтмұхамбет Қасымовтың сөзінше, бұрынғының тілшілері бір жерде тұрақтап ұзақ жыл жұмыс істеген. Замандастардың бас қосуына мұрындық болған ұландық журналистің бір басылымда аттай 40 жыл еңбектенуі ұжымға деген адалдығы, һәм жұмысын жан-тәнімен сүйгендігінен деп білеміз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер