
Жазда жиі құқық бұзатын ШҚО тұрғындары қандай жазаға тартылуы мүмкін?
Жаз мезгілінде көпшілік саяжайларға, балық аулауға, табиғат аясында демалуға және тауға барып жатады. Алайда табиғат аясындағы демалыс кезінде де заң талаптарын сақтау қажет. От жағу, қоқыс қалдыру, ағаштарды заңсыз кесу үшін ірі көлемдегі айыппұл ғана емес, кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік те көзделген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің, ШҚО Туристік ақпараттық орталығының және Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандарына оқырман тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап алдық.
Көкке шығу
– Табиғат аясында қоқыс қалдырғаны үшін жауапершілік қарастырылған ба?
– ШҚО Полиция департаменті ақпаратынша, бұл үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (2026 жылы – 43 250 теңге). Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды немесе құқық бұзушы 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Ал егер орманда қоқыс қалдырса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 372-бабы («Орманды қалдықтармен бүлдіру, ластау») қолданылады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 20-дан 50 АЕК-ке дейін (86 500 теңгеден 216 250 теңгеге дейін) құрайды.
Полиция департаменті өкілдері әкімдіктермен, орман шаруашылықтарымен және табиғатты қорғау органдарымен бірге экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша тұрақты рейдтер өткізетінін атап өтті.
– Ормандарда, егістік алқаптарында және саяжай учаскелерінде от жаққаны үшін жаза көзделген бе?
– Иә, алайда жауапкершілік оттың нақты қай жерде жағылғанына байланысты. Ормандар мен орман қоры аумағында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 367-бабы қолданылады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 10 АЕК, ал егер от өртке себеп болса, 25 АЕК-ке дейін (108 125 теңге) ұлғаяды.
Егістік пен далада ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабы қолданылады. Айыппұл мөлшері 5-тен 15 АЕК-ке дейін (21 625 теңгеден 64 875 теңгеге дейін) жетеді.
Саяжай учаскелерінде де арнайы жабдықталған орындардан тыс жерде ашық от жағуға тыйым салынады. Кәуәп дайындайтын орын ғимараттар мен құрғақ өсімдіктерден қауіпсіз қашықтықта орналасуы тиіс. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін салдарына қарай 10-нан 30 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бұл талаптардың сақталуын Төтенше жағдайлар министрлігінің органдары бақылайды.
Өрт қаупі жоғары кезеңде (сәуір-қазан) орманда арнайы жабдықталған орындардан басқа жерде от жағуға қатаң тыйым салынады. Өрт сөндіру құралдары міндетті түрде бола отырып, қауіпсіз қашықта орналасқан стационарлық мангалдарды пайдалану ұсынылады.
Отын табудың өз тәртібі бар
– Қураған ағаштар мен сүректі дайындауға немесе ағаш бұтақтарын кесуге бола ма?
– Арнайы рұқсатсыз бұған жол берілмейді. Қураған сүрек пен құлаған ағаштарды дайындауға тек орман кесу билеті болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Ол орман шаруашылығында рәсімделеді.
Тірі ағаштардың бұтақтарын сыпыртқы жасау немесе басқа да мақсаттар үшін кесу де жасыл желекті бүлдіру болып есептеледі. Ал орман қорынан тыс орналасқан ағаштарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабы қолданылады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері – 50 АЕК (216 250 теңге). Бұдан бөлек, құқық бұзушы экологиялық залалды өтеуге міндетті болады.
Егер ағаштар орман қоры аумағында орналасып, елеулі залал келтірілсе, онда жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша қарастырылуы мүмкін. Сыпыртқыны тек кесілген ағаштардан, құлаған ағаштардан немесе орман шаруашылығының арнайы рұқсатымен ғана дайындауға болады. Бұл ретте шектеулер үй іргесіндегі, саяжай және бау-бақша учаскелерінде өсетін ағаштар мен бұталарға қолданылмайды. Олардың иелері өз аумағындағы жасыл желектерді өз бетінше кесуге немесе бұтауға құқылы.
– Шөптер мен өсімдіктерді жинағаны үшін айыппұл қарастырылған ба?
– Егер Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді жинаса, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал орман қоры аумағында өсетін кәдімгі өсімдіктер жиналған жағдайда құқық бұзушы орман пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал далада шөптер мен өсімдіктерді ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жинауға болады. Бірақ белгіленген нормалар шегінде. Мысалы, бір адамға бір ретте екі келіге дейін мыңжапырақ, үш келіге дейін шайқурай, жұпаргүл, сүйелшөп, жолжелкенді тегін жинауға рұқсат.
Балыққа барып жатсаңыз…
– Егер балықшы кездейсоқ Қызыл кітапқа енген балықты ұстап алса не болады?
– Қызыл кітапқа енгізілген балықты аулағаны үшін әкімшілік емес, ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жаза ретінде 3000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы – 12 975 000 теңге), түзеу жұмыстары немесе мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлеріне таймень, нельма, сібір бекіресі және шип жатады.
– Ау арқылы балық аулауға бола ма? Ұсталатын балық санына шектеу бар ма?
– Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми мәліметіне сүйенсек, әуесқой балықшылар резервтік қордың еркін аумақтарында бір адамға бес келіге дейін балықты тегін аулай алады. Ау пайдалануға тыйым салынады. Әуесқой-спорттық балық аулау қармақтардың барлық түрімен бір балықшыға бес қармақтан аспайтын ілмектермен, суасты аңшылығына арналған мылтықтармен, қондырмалармен, мормышкалармен, тұзақтармен және бір балықшыға үш данадан аспайтын шаян аулағыштармен жүзеге асырылады.
– Марқакөлде балық аулауға бола ма?
– Жоқ, бұл көлде әуесқой-спорттық балық аулауға тек жергілікті тұрғындардың қажеттілігі үшін ғана рұқсат етіледі. Жолдама алу үшін жергілікті тұрғындар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы қажет. Басқа өңірлерден келген азаматтарға Марқакөлде балық аулауға тыйым салынады.
Жол жүру
– Катонқарағай ауданындағы Язевое көліне бару үшін рұқсат қажет пе?
– ШҚО Туристік ақпараттық орталығы ақпаратынша, Язевое көліне тікелей бару үшін мемлекеттік шекара аймағына кіруге арналған рұқсатнама азаматтарға да, автокөлікке де қажет емес. Арнайы рұқсат тек бағытын Мұзтау етегіндегі төменгі лагерьге дейін жалғастыруды жоспарлағандарға ғана қажет болады. Дәл сол жерден шекара жолағы басталады. Егер сапар мақсаты – Язевое көлінде демалу болса, турист өзімен бірге жеке куәлігін, көлік құжаттарын және қолданыстағы сақтандыру полисін алып жүруі керек. Бұдан бөлек, ұлттық парк аумағына кіру үшін экологиялық төлем қажет. Оны Катонқарағай ауылында немесе экобекетте төлеуге болады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер