Футболдан Қазақстан кубогы жолындағы жартылай финалдың алғашқы ойынында «Ордабасы» «Алтай-Өскеменнен» басым түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу барысында шымкенттік ұжым алғашқы минуттан белсенді болды. Жылдам гол соғуды мақсат етіп, қарсыластар қақпасына жиі жақындады. Нәтижесінде бразилиялық жартылай қорғаушы Лео Натель 22-минутта есеп ашып, артынша Берн Йонсен 38-минутта есепті еселеді. Екінші таймның 53-минутында Ги-Марселин Килам үшінші гол соқты.
«Алтай-Өскемен» тәжірибелі ұжымның үш голынан кейін де шабуылын бәсеңдетпеді. Ойынның 91-минутында өскемендік клуб сапынан Дмитрий Подстрелов бір голмен жауап қайырды.
Сөйтіп, «Ордабасы» алғашқы ойында қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Ендігі қарымта ойын 19 тамызға белгіленген.
Фото: f.c.altai
Пікірлер