A+ A A-

talgatzhan 46 Бүгін, 12:20 0

Поэзия кеші, айтыс, көкпар мен Димаштың концерті: «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі қалай өтті?

Бүгін / Катонқарағай / Руханият

Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданында ұйымдастырылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі екі күн бойы келген меймандар мен жергілікті тұрғындарға қайталанбас әсер сыйлап, түрлі іс- шарамен есте қалды. Поэзия кешінен басталып, ұлттық спорт пен айтысқа ұласты. Ал әлем назарын аударған ауқымды шараның нүктесін қазақтың танымал әншісі Димаш Құдайберген түйіндеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кәсіп қызған кез

Былтыр алғаш рет қолға алынып, келімді-кетімді қонақ саны ендігіде 4-5 есе көп болуы мүмкін деген ой сол кезде қалыптасқан көрінеді. Осы жолы алып сахна айналасында жалғасатын қауырт тірлік тоқтамауы үшін ауқаттанатын орындар, ыстықтан пана іздеген жандарға әр ауданның киіз үйлері тігіліп, көпшілік жиналатын жер тегістелген. Атшабар маңы да ретке келтіріп, ақындар бас қосатын Патшалар жазығындағы арам шөп шабылған. Шара шымылдығы Берел ауылындағы «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кешімен түрілді. Іріктеуден өткен 16 ақын сахнаға көтерілгенде олардың өнерін алаңсыз тамашалау үшін жайлы орындықтар молынан қойылып, жүрек жалғап алғысы келетіндерге дәл іргесінде кәуіп әзірленіп, сусындар сатылды.

Кеш басталмай тұрып, алыс-жақыннан келген қонақтар сол маңдағы Берел мемлекеттік табиғи мұражай қорығына барды. Көбі сондағы табылған жылқы мүрделерін көруге асығып, қолдарындағы билеттерін қызметкерге көрсеткен күйі асыға ішке еніп жатты. Поэзия кеші тиегін ағытпас бұрын рухани азық алған олар межелі уақытта сахна маңына топтала бастады.

Фестиваль өз алдына, шет жақта сауда қызып жатты. Кәсіп пен қауырт жұмысқа ден қойғандардың айтуынша, осындай меймандар көп келетін жиын-концерт, фестиваль кезінде табыс тауып, жырғап қалады. Солардың бірі – Жамбыл ауылының тумасы Данияр Рамазан. Қонақтар үшін бұғының қанынан жасаған сусын сатып тұр. Ел арасында пантокрин деп аталады. Бұғының қаны ұзақ сақталуы үшін сироп ретінде дайындалады.

– Бұған емдік пайдасы бар тамырлар қосылады. Сироп қайнатылып, бұғының қаны араққа қосылады. Жалпы, бұл иммунитет пен қан айналымына жақсы. Геммоглабинді көтереді, ер адамдарға күш береді. Бұрын біз Шұбарағаш деген ауылда тұрған болатынбыз. Ол жерде марал шаруашылығы дүркіреп тұрды. Әкемдер мұнымен айналысып жүргенде мен кішкентай болатынмын. Кейін солардың жолын жалғап мен қолға алдым, – деді Данияр Ришадұлы.

Айтуынша, Қазақстан бойынша саудалайды. Өздері жеткізіп береді, кейде InDrive арқылы салып жібереді. Бірақ ұшаққа салып жібере алмайды. Лицензия сұрайды екен. Сол үшін сертификат қажет.

– Иммунитеті төмендеп кеткен балаларға да беруге болады. Көп емес, кішкентай қасықпен бір қасық жетеді. Егер ауырмаса, ішпегендері дұрыс. Әсіресе, иммунитет әлсірегенде пайдалы. 0,5 көлемдегі шыны ыдыстағы пантогематогенды 6000 теңгеден сатамыз. Бұл ғана емес, тұнбаның да түр-түрі бар, – деді ол.

Одан таяқ тастам жерде кәуәп иісі мұрынды жарып, кезекті сауда жалғасын тауып жатты. Өрел ауылынан келген Мөлдір Съезқызы фестиваль қарсаңында сұраныс жоғарылағанын айтты.

– Өрел ауылында дүкеніміз бар. Берелде наубайхана мен дүкеніміз жұмыс істеп тұр. Сол жерден келіп, сауда-саттық жасап, кәуап пісіріп, балмұздақтап сатып отырмыз. Фестиваль жақсы өтіп жатыр. Сұраныс жақсы. Осы секілді ауқымды іс-шаралар жыл сайын өтеп тұрса деген тілек бар, – деді ол.

Сөзінше, шілденің 9-ы күні кәуап сатып бастады. Жұма күні Патшалар жазығында тұрақтаса, фестиваль қызатын шілденің 11-і күні жұмыстарын Катонқарағайда жалғастырды.

 

Барлық ақын 500 мың теңгеден алды

Туристер назарына түскен тұрғындардың бірі – Бақытбек Манайұлы. Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінен қос қыранын әкеліпті. Әрине, құс ұшырып, аң аулау мақсатында емес, фотоаймақ ұйымдастырады. Фестивальге арнайы шақырылған. 2019 жылдан бері қыран баптап келеді. Бүркіт бір жылқының соғым етін жеп қоятынын айтты. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Сойлыған мал етін мұздатқышқа салып қатырып, кейін біртіндеп жібітіп беріп отырады. Ал аңшылық маусым ашылып, рұқсат алған соң қыран құсын ұшырады. Қыс кезінде алған аңның етін береді. Қысқасы, қыс пен жазғы күтім екі түрлі. Ал жарты жылда бір соғым етін жейтін көрінеді. Бақытбек Манайұлы әкелген қос қыранның лақап аттары – «Қыран» және «Мұзбалақ». Әкелу кезінде бәлендей қиындық сезілмепті. Көліктің артқы салонынан орын дайындап, екеуін аман-есен жеткізген.

– Бізге әсіресе туристер көп назар аударады. «Еее, қолында құсы бар екен» деп тоқтай қалып суретке түсіп, таң-тамаша болып жатады. Табиғаттың сұлулығы мен бүркіттің сұлулығы қатарласып, тамаша көріністің куәсі болғандарын айтып кетеді. Біз де қуанамыз. Жалпы, қыран деген сөз аңды қырып алған құс дегенмен астасады. Кезінде бір ауылды асырған құс қой, шіркін, – деді Ұланнан келген мейман.

Ымырт үйірілген шақта күн де салқындады. Жаураған жұрт күртешелерін киіп, кейбірі шайдан ұрттап отырды.

Ал кеш шымылдығын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, Қазақстанның әр түкпірінен келген ақындарға лебіз білдіріп, бірнеше күнге жалғасатын іс-шараға келген барша мейманға алғысын білдірді.

– Мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарихы сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана басқосудың өзі асқан бақыт. Бүгін біз осы өңірден түлеп ұшқан көрнекті ақын, қазақ поэзиясының көркем көкжиегін кеңейткен Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін жиналып отырмыз. Олай болса, ең алдымен барша қонаққа қазақы дәстүрмен қош келдіңіздер дейміз. Хакім Абай сөз патшасына теліген қасетті қара өлеңді халқымыз жай ғана өнер деп бағалмаған. Қазақ үшін сөз – аманат. Сөз – ар. Сөз – ұлттың жадын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір. Ал рухтың өзегі – әдебиет пен өнер, – деді әкім.

Поэзия кешінің ұйымдастырылу форматы ерекше. Екі-екіден сахнаға беттеп, екі-екі өлең оқыды. Болған соң төмендегі алауға отын лақтырып шықты. Ол әрекеттің астары сол – өлең отын одан ары маздасын деген тілек. Ашық аспан астында тамашалап отырған кейбірі мұны «Мұзтаудың мұзбалағы» Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» шығармасымен байланыстырып отырды. Ал сахнаға беттегендердің көбі Халықаралық фестивальдердің лауреаттары. Олардың қатарында Ербол Алшынбай (Абай облысы), Индира Кереева (Ақтөбе облысы), Шерхан Талап (Астана қаласы), Ділдә Уәлибек (Астана қаласы), Айбек Оралхан (Павлодар облысы), Піржан Сандыбай (Қызылорда облысы), Әскерхан Ақтай (Шығыс Қазақстан облысы), Мұратхан Кенжеханұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Олжас Керейхан (Шығыс Қазақстан облысы), Оразай Жеңісұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Қызырбек Дүргінбайұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Есенбол Наурызбай (Шығыс Қазақстан облысы), Естай Жаңабай (Шығыс Қазақстан облысы), Құмар Зиятхан (Шығыс Қазақстан облысы) және Мақсат Дауылбайұлы (Астана қаласы) бар. Барлығына жарты миллион теңгеден берілді. Ауқымды фестивальдің алғашқы күні осылай аяқталды. Ал шілденің 11-күні таңсәріден бәйге басталуы тиіс. Мұның барлығы ат спорты түрлерінен XXIX Халық ойындары аясында өтіп жатты.

 

Самардың сәйгүліктері озды

Атшабар маңында рауан таңнан жиналған көпшілік алдымен 7,5 шақырымдық құнан жарысын тамашалады. Қуанарлығы сол, айналымнан жылдам шығып қалу жағдайлары тіркелмеді. Қылқұйрықтылардың көбі соңына дейін жылдамдығын жоғалтпаған. Тек мәре жақындаған сайын Самар ауданындағы өңірге белгілі атбегі Руслан Шайырғазиннің аттары серпіле шауып, қара үзе бастады. Сол күйі жеткізбей, Құлынжон ауылынан әкелінген жүйріктер мәре сызығын бірінен соң бірі кесті. Атбегінің сөзінше, Катонқарағай топырағында Самар ауданының қылқұйрықтылары үнемі жүлде алады.

– Жарыс деңгейі жоғары. Катон жұртына зор алғыс. Аллаға шүкір, шабандоздарымыз бүгін олжалы. Осы аудан топырағы бізге құт пен сәттілік әкелетіндей. Халық ойындарына екі құнан әкелгенбіз, үмітті. Бұл биылдыққа екінші жарысымыз. Кішігірім бәйге болып, үздік үштікке ілінді аттар. Топ жарған «Көктерек» атты жүйрігіміздің екінші жарысы. Оған қоса, ипподром да жақсы екен, – деді Руслан.

Айтпақшы, осы аралықта дауыс күшейіткіш құралы арқылы барлық ата-анаға балаларынан көз жазбау туралы ескертілді. Себебі, жиналған қара саны мол. Әп-сәтте нөпір арасында жұтылып кетуі мүмкін. Бұл жағынан облыстық Полиция департаменті өкілдері жедел әрі сауатты қимылдады. Абдыраған ата-ана талтүс таяғанда тәртіп сақшыларына жүгініп, баласы жоғалғанын айтқан. Қуанышқа орай, адасып кеткен екі жасар сәби тәртіп сақшыларының шұғыл әрекеті нәтижесінде ата-анасына аман-есен қайтарылды.

Айта кетерлік жайт, фестиваль барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету күшейтілген режимде жүргізілді. Облыстық Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Қарлығаш Жүсіпова көпшілік арасынан жалғыз қалған бүлдіршінді байқап, сабырға шақырып, ата-анасын іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған.


Үмітті ақтаған «Үміт»

Ал «Көктеректі» тізгіндеген шабандоздың есімі – Кирилл Соколов. Ұлты орыс болса да, қазақшаға судай екен. Соңғы айналымда аттың басын жібердім деді. Артынша топ бәйгеде үздіктер анықталды. Сөреге 24 ат тізіліп, әуелде топ арасы сиремей, ешбірі тұтамдап алға оза қоймады. Дегенмен айналым сайын Күршім, Глубокое ауданынан әкелінген жүйріктер шеңберін аясында үстемдік таныта бастады. Соңғы айналымда жүйріктердің арасы созыла түсіп, біршама ат жарыс жолынан шығып қалды. Ал мәреге 500 метр қалғанда Күршім ауданынан әкелінген екі ат қатарласа шапты. Соңғы метрге дейін кім озатынын болжау мүмкін емес болып, жұрт соңғы метрлер қалғанша не боларын күтті. Дегенмен «Үміт» мәре сызығын бірінші кесіп, «Қарқын» оның ізін ала жетті. «Үмітті» тізгіндеген Нұрсұлтан Әнуархан Тарбағатай ауданының тумасы. Біршама тәжірибелі екен. Қазір 13-те.

– Біраз бәйгеге қатыстым. Павлодарда өткен бәйгеде үшінші іріктеуде бірінші болып келдім. «Үмітті» соңғы айналымға дейін ұстап отырдым. Атбегі берген нұсқаулық сондай. Әйтпесе, ол өзін өзі алға сүйрей береді. Әуелі екінші топ ішінде, сосын алдыңғы топқа ілестім, – деді ол.

Негізі Нұрсұлтанды жақындары мен ауылдастары Вася деп атайды екен. Неге олай деп сұрасақ, кішкентай күнінен солай еркелетіп айтып кетіпті бәрі. Бапкеріне «осы бәйгеде Вася шауып берсін» деп қолқа салған соң күршімдіктер ұсынысын қабыл алған.

Мәреге екінші келген ат та Күршім ауданынан. «Үмітпен» қатарласып шапқан «Қарқын» иесінің көңілін шыққан көрінеді. Ат иесі Алихан Камалхановтың сөзінше, Катонқарағай ауданындағы жарысқа арнайы дайындалған.

– Бұл «Қарқынның» биылдыққа бірінші бәйгесі. Бәйге өте жоғары деңгейде өтті. Бәрі дұрыс. Бұл бес жасар ат. 2024 жылы Ресейден әкелінген. Ат шабысы көңілімнен шықты. Үштікте болады деп сендік. Алланың қалауымен 2-орын иелендік. Шабандозға соңына дейін атты ұста деген тапсырма берілді. Негізі өзі де тәжірибелі, – деді Алихан.


«Ұланды» ұтатын команда болмады

Келесі – көкпар. Сағат 10:30-да финалдық ойын басталды. Көпшілік Ұлан мен Самар аудандары арасындағы дербиді күткен еді. Олай болмады бірақ. Неге екенін сәл кейінірек жазамыз. Оның алдында бірнеше күн бойы топтық ойындар өткізіліп, шілденің 10-ы күні жартылай финал жалғасын тапқан болатын. Самар шешуші сынға өте алмай, чемпиондық Ұлан мен Күршім ауданы азаматтары арасында анықталды. Межелі уақытта тұлпарларымен екпіндете шапқан палуандар барынша тартысты бәсеке өрбітуге тырысты. Дегенмен Ержан Заманбеков бастаған Ұлан ауданының командасы сөзсіз басымдық танытты. Есеп 12:2, айқын жеңіс.

– Жарыстың деңгейі жақсы. Бұл спорт. 11 команда арасында жеңімпаз болдық. Былтырғы нәтижеміз қайталанды. Самар ауданының командасымен ойын қиынға түсті. Жартылай финалда жолықтық. Олардың жеңіп, бүгін финалда Күршім жігіттерінен басым түстік. Командалардың деңгейі де өскен. Бастысы төзім керек. Өзім 17 жасымнан көкпар тартып келемін. Қазір жасым – 46-да, – деді ол.

Ержан Амангелдіұлының сөзінше, командадағы ең ересек көкпаршы өзі. 50-ге аяқ басса да, еш қиналмағанын айтты. Серкенің салмағы – 30-35 келі аралығында. Көкпардағы тәртіп бойынша солай болуы керек.

– Чемпион болу деген мақсат қойдық алдымызға. Бір айта кететіні, мұнда аттың мықтылығы маңызды. Палуанның сәтті өнер көрсетуінің 70 пайызы соған байланысты. Қалған 30 пайызы, серкені ілу-ілмеу палуанға байланысты. Шайнаркөк деген атымыз. Қашқыш. Серкені ілген соң жеткізбей кетеді, – деді ол.

Осы команда мүшесі Досым Мусиннің айтуынша, бір топ мықты болып кетті.

– Біз Самар ауданымен бір топқа түсіп қалдық. Көбі финалда Ұлан мен Самардың ойынын күтті. Оларды жартылай финалда 4:2 есебімен жеңдік. Жеребе солай тартылыпты. Ойын тартысты өтті, – деді ол.

Түс ауа алдағы аламан бәйгеге аз уақыт қалғаны айтылды. Жырдан нөсерлеткен ақындар айтысы тәмамдалып, қазылар шешім шығаруға кеткен. Сәлден соң сахна маңында жиналған адам саны одан әрі молайып, Ақтан Нұрбаевтың ұлы Ержан Нұрбаев тіккен автокөлік кімге бұйырғанын білуге асықты.

 

Айтыс пен аламанда кім озды?

Жалпы, өнер додасында республиканың әр өңірінен келген 12 айтыскер бақ сынады. Олардың қатарында Мақсат Ақанов (Қарағанды облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Мейірбек Сұлтанхан (Астана қаласы), Абай Жолмағамбет (Маңғыстау облысы), Дәурен Ақсақалов (Түркістан облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Қуандық Кенжебекұлы (Абай облысы), Жанерке Қамбар (Жамбыл облысы), Нұрлан Есенқұл (Шымкент қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) және Жұлдызай Маратбекқызы (Шығыс Қазақстан облысы) бар.

Айтысты ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізсе, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман болды. Сондай-ақ қазылар құрамында Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Қойлыбай Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан және айтыс сарапшысы Өміржан Көпбосынов төрелік етті.

Айтыскерлер Ақтан Нұрбаевтың әдеби мұрасы туралы айтып, ұлттық құндылықтар, бірлік, тәуелсіздік және руханият сынды түрлі тақырыпты қамтыды. Көбі жергілікті ақындар жолына үмітпен қарағанмен, жан-жақтан келген жігіттердің өткір шумақтарына қол соқпай тұрмады. Сәлден соң Аманжол Әлтай сахнаға беттеп, қорытындыны жариялады. Соған сәйкес 3 орын Шұғайып Сезімхан мен Дәурен Ақсақаловқа бұйырып, әрқайсысына 750 мың теңгеден берілді.

Ал 2 орынға лайық деп танылған Абай Жолмағамбет пен Мақсат Ақанов 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Бірінші орын алған Мейірбек Сұлтанхан 2 млн теңгені қанжығасына байласа, бас жүлде мен автокөлікті жергілікті ақын Серік Қуанған жеңіп алды. Сөз бұйдасын ұстаған басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді. Бұл жердегі тағы бір ерекше сәт, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтыс ақтангері Жүрсін Ерманға Шығыс Қазақстан жұрты атынан темір тұлпар сыйға тартылатынын мәлімдеді. Ізін суытпай, барлығы төменге түсіп, Жүрсін Ерманды демеп, көлікке дейін жеткізді. Айтыс өнеріне өшпес қолтаңба қалдырған ұлттық өнер жанашыры биыл 75 жасқа толғанын айта кетейік. Мерейтой аясында осындай сыйлыққа ие болды. Көлік есігі ашылғанда халық та қол созым жерге дейін жақындап, суретке түсуге асықты. Осы бір қуанышты сәттен соң Серік Қуанған қуанышымен бөлісті.

– Бұл менің 15 жыл айтыста жүргенде ұтқан алғашқы көлігім. Алтай төрінде осындай жүлде бұйырғанына қуаныштымын. Бұл жерде осал ақын жоқ. Барлығы Қазақстанның әр облысынан іріктелген, республикалық айтыста ойып тұрып алар орын бар ақындар, қаншама «Алтын домбыра» иегері келді. Қай-қайсысы алса да, лайықты деп есептеймін. Мүмкін бабымыз, мүмкін бағымыз шығар – бұйырғанына қуаныштымын. Өткен жыл мен биыл мен үшін жемісті болып жатыр деуге болады. Мұның бәрі мол тәжірибемен келеді, – деді ақын.

Ендігісі – аламан. Көмбеге 30-ға тарта жүйрік тізілді. Төреші белгісінен соң қалың шаң көтеріліп, Алматы мен Абай облыстарынан әкелінген аттар бірден ішке шеңберге қарай ойысты. Әлдебірі алға шығып, көпшілігі бел ортаға ұйлыққан. Дегенмен жарыс қашықтығының тура жартысы артта қалғанда аралық созылып, шығысқазақстандық аттар да алдыңғы лектен қалмауға тырысты. Ал нәтиже төмендегідей:

І орын – Манап Әбумансұр (шабандоз) Толағай атымен ( Абай облысы)

ІІ орын – Мерей Гариппулин (шабандоз), Бозбиік атымен (Алматы обл. Балқаш ауд.)

ІІІ орын – Амангелді Нұралы (шабандоз), Наурыз атымен (ШҚО)


Дүйім жұрт Димашты күтті

Кешқұрым жұрт «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің гала-концертін күтті. Қазақты әлемге танытқан әнші Димаш Құдайберген дегенді естігелі баннер дайындап, апталап күткендері қоршауға барынша тақау тұруға тырысты. Бірі Катонқарағайға демалуға келіп, Димаш өнер көрсетеді дегенді естіп қалып қойса, өзгесі әр облыстан, шет мемлекеттен әншіні жүзбе-жүз көруге ұмтылды. Бірақ оған дейін Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан (РФ), Тыва (РФ) және Қарақалпақстаннан (ӨР) келген танымал өнерпаздар да сахнаға шығып, хит әндерін орындады. Бірі қырғыздың жұлдызы JAX-пен қосыла әндетсе, тағы бірі қарақалпақстандық Әлішер Байниязовтың өнеріне қол соқты. Бұл жерде шетелдік меймандарды мұндағы жұртпен байланыстырған аудармашы мен еріктілер еңбегін бөле-жара айта кеткен орынды. Айталық, Өскеменнің тумасы, бірақ Астанада тұратын Бекнұр Тойболды моңғол әншілеріне бекітіпті. Айтуынша, олар ағылшын тілін біледі дегенде қатты таң қалған. Одан бөлек, Мажарстан өнерпаздары да ағылшынға судай екен.

– Аудармашы керек болып жатыр деп таныс адамдарым шақырды. Мен үш тілді білемін. Жұмыс қатты қиын емес. Мен Моңғолия елі әншілеріне көмектессем, тағы бірі мажарларға жауапты. Таң атқанннан кеш батқанша, дайындық біткенше жандарында жүремін, – деді ол.

Ал сағат 20:30 шамасында мыңдаған адамның Катонқарағай ауылына ағылуына себеп болған Димаштың өзі сахнаға шықты. Бас-аяғы үш сағаттан астам уақыт ішінде әлемдік хит әндерін орындап, біршама адам көз жасын төкті, көңілі босады. Сол уақытта тараған ақпаратқа сенсек, Димашты көруге Қазақстанның, шет мемлекеттің әр түкпірінен 50 мыңға тарта адам келді. Келімді-кетімді адамдар аядай ғана ауылға мұнша адам қалай сыйып кетті деген сауалды қойыпты. Қонақүйлер, жалға берілетін үйлер жетпегенде, талайы ашық аспан астында шатыр тігіп ұйықтады. Айтуларынша, Димашты көру үшін сондай жағдайларға бейімделу қиындық келтірмеген.

Ендігі сұрақ сол, осы іс-шара келер жылы тағы ұйымдастырылса, басты қонақ ретінде кім шақырылады? Талай адам осы сауалды бір-біріне қойып жатты. Ал жуықта өткен фестивальдің ұзақ уақыт ұмытылмайтыны анық.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив