
Ұлан ауданында 7,5 млрд теңгеге жылу қазандығы салынуы мүмкін
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданы тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым және тұрғын үй мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сүт фермасы салынып жатыр
Ұлан – ауыл шаруашылығы саласы бойынша өңірдегі көшбасшы аудандардың бірі. Облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 21 пайызы аудан үлесіне тиесілі. Жыл басталғалы 71 миллиард теңгеге жуық өнім өндірілген. Аудандағы мал шаруашылығының да әлеуеті жоғары. Белгілі болғандай, қазір мұнда 62 мың бас ірі қара, 102 мың қой мен ешкі, 46 мың жылқы бар. Сонымен қатар 9 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Өндірілетін сүт көлемі 14 мың тоннаға жеткен.
Өңір басшысының сөзінше, бұл бағытта әлі де жұмыс істеу қажет.
– Қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану маңызды. Мәселен, аудандағы сегіз бордақылау алаңында жалпы 3,5 мың орын болғанымен, оның тек 520-сы ғана пайдаланылып отыр. Ал жеті айда ауданда 52 мың тонна ет өндірілген. Бұл облыстағы жалпы ет өндірісінің шамамен 60 пайызына тең, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Анықталғандай, ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемін арттыру үшін жаңа жобалар қолға алынған. Қазір 600 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, балық өсіру және оны өңдеу бағыттары дамып келеді.
Барлау жұмысы жүргізіледі
Нұрымбет Аманұлы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Қазір ауданда жылу оқшаулағыш материалдар мен кірпіш өндіретін зауыттар салу, сондай-ақ мал шаруашылығы қалдықтарын терең өңдеу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал 2028-2030 жылдары инвестиция көлемі 325 миллиард теңгеден асатын литий өндіру және өңдеу жобаларын іске асыру жоспарланған.
– 9,4 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы полиметалл кендерін барлау жұмыстары жүргізіледі. Қасым Қайсенов кенті маңында 20,3 миллиард теңгеге көлік-логистикалық орталық салу көзделіп отыр. Жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылады, – деді аймақ басшысы.
Осыған байланысты Нұрымбет Сақтағанов аудан әкіміне инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді тапсырды.
Жылу желілері қайта жаңғыртылып жатыр
Кездесуде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жағдайы жайлы да айтылды. Жалпы облыс бойынша халықты ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен. Дегенмен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары әлі жүріп жатыр.
– Қасым Қайсенов кентінде сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал Айыртау және Таврия ауылдарында су құбыры желілері мен су қабылдау құрылыстарын реконструкциялау жоспарланған. Басты міндет тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауызсумен қамтамасыз ету екенін ұмытпағанымыз жөн. Қасым Қайсенов кентіндегі сумен жабдықтау желілерін реконструкциялауды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіңіздер, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Сөзінше, жылыту маусымына дайындық та бақылауда. Қасым Қайсенов кентінде 2,5 миллиард теңгеге жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса, «Айтас-энерго» ЖШС қазандық пен жылу желілерінің жабдықтарын жөндеуге қосымша 160 миллион теңге бағыттаған.
– Ал Бозанбай ауылында 7,5 миллиард теңгеге қазандық салу және жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр. Жауапты бөлімдер мен тұлғаларға жұмыстарды уақтылы аяқтап, тұрғындарды алдағы жылыту маусымында жылумен сенімді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді әкім.
Кезекте тұрғандар кеміді ме?
Биыл Ұлан ауданында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 62 пәтерлі 31 бір қабатты үй салу жоспарланған. Қазір ауданда 1300-ден астам адам үй кезегінде тұр. Осыған байланысты облыс әкімі жоспарланған тұрғын үй көлемін орындаумен ғана шектелмей, құрылыс қарқынын кезең-кезеңімен арттыру қажеттігін айтты.
– Жыл соңына дейін жоспарланған үйлер құрылысын аяқтау және ауданда тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдау керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Фотосуреттер: ШҚО әкімдігінен
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал


Пікірлер