
Өскеменде Құрылтай сайлауына арналған сарапшылар кездесуі өтті
Басқосуға Шығыс Қазақстан облысымен қатар Астана, Павлодар, Семей және Қостанай қалаларынан келген саясаттанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қоғамдық-саяси сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесудің негізгі мақсаты – елдегі сайлауалды үгіт-насихат науқанының өту барысын талдау, саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларындағы өңірлік даму бағыттарына сараптама жасау және аймақтық саясаттың ел дамуына ықпалын талқылау.
2026 жылғы Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат жұмыстары 23 шілдеде басталды. Бір айға созылатын науқан барысында жеті саяси партия өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылардың сеніміне ие болуға күш салуда.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, мұндай кездесулер сайлау науқанын кәсіби тұрғыдан бағалап, қоғамдағы саяси үдерістерді жан-жақты саралауға мүмкіндік береді.
– Бүгін Өскеменде ҚСЗИ атынан кезекті сарапшылар кездесуін ұйымдастырдық. Бұл жолы тек Шығыс Қазақстанның сарапшыларын ғана емес, басқа өңірдерден де мамандарды шақырдық. Басты мақсат – сайлау науқанының қалай өтіп жатқанын саралап, пікір алмасу. Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені 23 шілдеде үгіт-насихат кезеңі басталды. Бір ай ішінде қазақстандықтар жеті саяси партияның бағдарламаларымен танысып, елдің болашағына қатысты маңызды таңдау жасайды. Бүгінже халықтың саяси белсенділігі жоғары деңгейде, – деді Жандос Шаймарданов.
Жиын барысында сарапшылар саяси партиялардың өңірлерге қатысты ұсынған бастамаларын, олардың жүзеге асу мүмкіндіктерін және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын талқылады. Сондай-ақ өңірлік саясаттың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі, жергілікті халықтың сұраныстары мен басымдықтары да сөз болды.
Саясаттанушы Индира Рыстинаның сөзінше, сарапшылардың басты міндеті – сайлауалды бағдарламаларды кәсіби тұрғыдан бағалап, қоғамдағы саяси үдерістерге ғылыми негізделген пікір ұсыну.
– Бүгінгі кездесу елдегі сарапшылық қауымның сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде саяси партиялардың өңірлік даму бағытындағы бағдарламаларының қалай жүзеге асып жатқанын талқылауға арналды. Сонымен қатар еджің даму басымдықтары тұрғысынан аймақтық саясаттың орны қарастырылуда. Сарапшылардың негізгі міндеті – сайлауалды бағдарламаларға жан-жақты талдау жасап, елдегі сайлау науқанының өту барысына кәсіби баға беру, – деді ол.
Жиынның тағы бір маңызды бағыты – өңірлердегі саяси мәдениеттің даму деңгейін бағалау және азаматтық қоғам институттарының белсенділігін талқылау. Сарапшылар жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі және өңірлердегі қоғамдық пікірдің қалыптасуы сияқты өзекті мәселелерді ортаға салды.
Әлихан Бөкейхан атындағы университеті әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин мұндай пікірталас алаңдары өңірлердің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Осындай кездесулер тек орталық қалаларда ғана емес, өңірлердегі халықтың мемлекет дамуына қатысты қажеттіліктерін анықтап, оларды талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аймақтағы саяси мәдениеттің даму деңгейі, жастардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың саяси белсенділігі жан-жақты сараланды. Мұндай пікірталас алаңдары азаматтық қоғамның дамуына және халықтың саяси сауаттылығын арттыруға ықпал етеді, – деді Аман Рахметуллин.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер