Биыл Miss Qazaqstan 2024 титулының иегері Бағым Балтабаева 73-ші халықаралық Miss World 2026 байқауына Қазақстан атынан қатысады. Осы жылы байқау алғаш рет Вьетнамда өтеді. Бұл іс-шара әлемнің 130-ға жуық мемлекетінің өкілдерін біріктірмек. Олар Beauty With a Purpose (мағыналы сулулық) философиясына сәйкес, өз мемлекеттерін, ұлттық мәдениеті мен әлеуметтік бастамаларын таныстырады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бағым Балтабаева — Өскеменнің тумасы. Ол С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Бастауыш сынып педагогі» мамандығы бойынша аяқтаған. Бойжеткен 7 тамызда Вьетнамға аттанып, онда 1 ай бойы халықаралық мәдени шараларға және Miss World бастамаларына қатысады. Елге оралуы 7 қыркүйекке жоспарланған.
Халықаралық байқауда Қазақстанды таныстыратын ару жалғызбасты аналар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлгенін айтты.
Сонымен қатар ол байқаудың негізгі кезеңдерінің бірі — ұлттық киімді таныстыру бөліміне ерекше дайындалған. Бағым Балтабаева биыл қазақ әйелінің бейнесін жаңа бағытта таныстыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
- Бұған дейін қазақ әйелдерін көбіне жауынгер Томирис бейнесі арқылы таныстырса, мен әлемге олардың сұлулығын, нәзіктігін, даналығы мен ішкі гармониясын көрсеткім келеді. Менің ұлттық киімімнің негізі ретінде тазалық пен адалдықтың символы — аққу бейнесі алынды. Аққу — Қазақстанның табиғаты мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі және ол Каспий теңізімен де тығыз байланысты. Осы бейне арқылы мен қазақ әйелінің нәзіктігін, абыройын және бай ішкі әлемін жеткізгім келеді, - деді Бағым Балтабаева.
Пікірлер