A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 12:30 0

Өскемен жылу электр орталығында жаңа энергоблок салынады

Бүгін / Басты / Өскемен

Бүгін жаңа энергоблок құрылысының басталуын білдіретін капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс-шараға ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. 
Бұл бастаманы іске асыруға жол ашқан маңызды қадамдардың бірі – Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісімнің жасалуы. 
– Жаңа энергоблок қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Өскеменнің одан әрі дамуына қажетті энергетикалық резерв қалыптасады. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, мамандар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Энергетика саласына жаңа қуат көздерімен қатар, сол қуаттарды тиімді басқаратын білікті мамандар да қажет, - деді ҚР  Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Энергоблоктың жалпы құны – 140 млрд теңге. Облыс әкімі жобаның өңірдің энергетикалық тұрақтылығы үшін маңызды екенін жеткізді. 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның сенімділігі мен тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі жоба осы міндеттерді лайықты іске асырудың көрінісі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Мамандардың айтуынша, станцияны кеңейту жобасы 2030 жылға қарай жылу қуатын 130 Гкал/сағ, ал электр қуатын 100 Мвт-қа арттырып, өңірдің энергияға деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
– Өскемен ЖЭО-ның негізгі мақсаты – қолданыстағы жабдықтардың сенімділігін арттыру арқылы қаланың дамуына үлес қосу. Бұл жоба жылу тапшылығын азайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Біздің ЖЭО қаланың 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Құрылыс барысында қосалқы 500 жұмыс орны ашылады, - деді Өскемен ЖЭО техникалық директорының жөндеу бойынша орынбасары Жандос Тұрар. 
Анықталғандай, жоба аясында сағатына 400 тонна бу өндіретін №16 қазандық агрегаты мен электр қуаты 100 Мвт болатын №13 турбина орнатылады. 
Жобаны қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары тартылған. Негізгі серіктестер қатарында Еуразиялық даму банкі мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бар.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив