A+ A A-

talgatzhan 63 14-11-2024, 09:30 0

ШҚО-да жастардың есірткі саудасымен айналысулары жиілеп кетті

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Көгілдір экранның ары жағынан жиі еститініміз – интернет алаяқтық, ұрып-соғу мен зорлау, есірткі тасымалдаушылар туралы толассыз жаңалықтар. Жыл басталғалы облыста есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін 100-ден астам адам жауапқа тартылды. Оңай жолмен ақша табуға қызыққандардың басым бөлігі 18-25 жас аралығындағы жастар. Енді олар ойланбай жасаған әрекеті үшін он жылдан астам уақытын темір тордың арғы жағында өткізеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ақша табудың амалы

Саят Өмірбаев (аты-жөні өзгертілген) Солтүстік Қазақстан өңірінде туып өскен. Тұрақты табысы жоқ 24 жастағы жігіт қарызға да белшесінен батқан. Жұмыс таппай, ақшадан қиналған ол ақырында заңсыз іске араласты. Танымал мессенджерлердің бірінде оған белгісіз біреу Шығыс Қазақстанға келіп, есірткі тасымалдаушы болып жұмыс істеуге ұсыныс білдіреді. 

Сөйтіп, былтыр көктемде Саят інісі Ерназбен бірге (аты-жөні өзгертілген) Өскеменге көшті. Ағайындылар пәтер жалдап тұрды. Олар «синтетиканың» үлкен партиясын белгіленген орыннан алып кетіп, дозаға бөліп, қаланың әр жеріне қалдырып кетіп отырған. Мұндай жұмыстан жақсы табыс түсе бастады. Ағасы мен інісі қарыздарын өтеп, тіпті аналарына да көмектесе бастады. 

Алайда бұл ұзаққа созылмады. Сол жылдың күзінде оларды тәртіп сақшылары байқап, заңсыз әрекеттерін әшкереледі. Екеуі де заңсыз есірткі таратуға қатысып жатқандарын мойындады. Тінту кезінде олардан тыйым салынған заттар табылды. Тұрып жатқан жалдамалы пәтерде тінту жүргізіліп, тергеу амалдары мен сот процесі басталып кетті. Ақырында ағайындылар он жылға бас бостандығынан айырылды. 

ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Жұмаділовтің сөзінше, өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 217 құқық бұзушылық анықталды. Оның 96-сы сатумен байланысты. Осының салдарынан 100-ден астам адам жауапқа тартылған.

   – Марихуана, гашиш, апиын және синтетикалық есірткі сынды 250 келіден астам тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде, синтетиканың салмағы 6 келіні ғана құрайды. Бірақ есірткінің бұл түрімен күрес әлі жүріп жатыр. Өйткені оны сату электронды ақпараттық ресурстар арқылы жүзеге асырылатындықтан, пайдалану мен таратуға көбіне жастар тартылған, – деді ол. 

Адам өміріне зиянды химиялық қоспалар облысқа басқа жақтан әкелінеді немесе осында өндіріледі екен. Мысалы, биыл Өскемендегі қоймада орналасқан «синтетика» шығаратын есірткі лабораториясы жойылды. 

  – Зертханадан 1,4 келі мефедрон, сондай-ақ 1,5 тонна прекурсорлар табылды. Бірақ марихуана көлемі одан да көп. Шығыс Қазақстан облысына оны оңтүстіктен жеткізеді, я жасырын өсіреді. Биыл біз қарасора өсірілетін үш шөп зертханасын жаптық, – дейді Дәулет Жұмаділов.

Оған қоса, Өскеменде марихуана сататын интернет-дүкеннің қызметін ұйымдастырған ер адам ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, фитолабораториялардың орнын анықтау өте қиын. Себебі олар жертөле, гараж, техникалық ғимарат сияқты көзге көрінбейтін жерлерде ұйымдастырылған.

 

Ауру қалса да, әдет қалмайды 

Жандос Еділов (аты-жөні өзгертілген) марихуана есірткісін 10 жылдай қабылдаған. Тіпті сол үшін сотталып, біраз уақытын түрмеде өткізді. Бірақ ол өз қателігінен сабақ алмады. Абақтыдан босап шыққан соң баяғы әдетіне қайта басты. Ақша табу мақсатында үйіндегі марихуананы бөліп, такси арқылы қала шетіне шығармақшы болған. Дегенмен жанармай құю бекетінде полицейлер оның көлігін тоқтатты. Тінту кезінде тәртіп сақшылары көлік ішінен салмағы 1,3 келіден асатын есірткі затын тапты.

Сот отырысында Жандос көшеде келе жатып, екі үлкен жабайы қарасора бұтасын көріп қалғанын айтты. Оны кептіріп, өзі пайдаланбақшы болған. Бірақ бұрын сотталғаны үшін үйіне учаскелік инспектордың келетінін біліп, сақтауға қорықты. Сондықтан оны жасыру мақсатында қаладан тыс жерге апаруды ұйғарған. Алайда тергеу барысында Жандостың сөзі жоққа шығарылып, сот оны он жылға бас бостандығынан айырды.

ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Жұмаділов есірткі саудасымен айналысқандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін айтты. 

 – Есірткі тарататын қылмыскерлердің орташа жасы 18 бен 35 аралығында. Ал «синтетиканы» жеткізумен айналысатындардың көбі 18-25 жас аралығындағы жастар. Заңсыз әрекеттері үшін олар 10 жылға темір торға қамалады. Өзіңіз елестетіп көріңізші, 20 жастағы жап-жас бала өмірінің ең жарқын сәттерін түрмеде өткізеді. Ал құрдастары білім алып, жұмысқа орналасып, отбасын құрады. Ойланбай жасаған ісі үшін талай уақытын зая кетіреді, – деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ ол белгіленген жазаның еш жеңілдетілмейтіндігін атап өтті. 

– Сотталушылардың туыстары жиі шағымданып, істі қайта қарауды сұрап жатады. Бірақ біз бәріне жұмсақтық танытатын болсақ, ертең мұндай қылмысқа баратындардың саны екі еселенеді ғой. Әдетте ескірткі тасымалдаушыларын не қызықтырады? Бұл жұмыс физикалық және психикалық тұрғыдан ешқандай ауырлық туғызбайды. Сондықтан жастар жеңіл нәпақа табуға құмар. Алайда заңсыз әрекеттер арқылы пайда болған ақша мен мүлік бәрібір тәркіленетін болады, – деді Дәулет Жұмаділов.

 

Табыс табамын деп түрмеге кетті

 Ал 21 жастағы өскемендік Азамат Беріков (аты-жөні өзгертілген) мефедрон сатып, ақша табамын деп шешкен. Сөйтіп, әлеуметтік желілердің бірінен есірткінің ірі мөлшері қайда жасырынғанын білетін куратормен танысады.

Азмат белгіленген жердегі тауарды алып, оны бөліп сату арқылы өз «бизнесін» бастайды. Жас жігіт есірткіні әр жерге жасырып, кураторға қажет ақпаратты жіберіп, сол үшін қомақты ақша алып отырған. 

Бірақ бозбаланың бастамасы ұзаққа созылмады. Оны полиция қызметкерлі ұстап, есірткінің үлкен партиясы салынған сөмкеге тінту жүргізді. Тергеу әрекеттерінен соң сот үкімі шығарылды. Азамат қанша ақталса да, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. 

 – Бүгінде есірткі тарату мен сатудың қаншалықты қауіпті екенін қоғам жақсы біледі. Бұл туралы сериалдар мен фильмдер де түсіріліп жатыр. Бірақ жастар заңсыз әрекетке баруды тоқтатпай отыр. Биыл біз былтырғыдан қарағанда әлдеқайда көп қылмыстың бетін аштық, – дейді ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Жұмаділов. 

Жауапты тұлғаның айтуынша, полиция қызметкерлерінің басты міндеті – есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу. 

  – Біз профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлеміз. Балалар мен жастар арасында акция, кездесу, лекция сынды 300-ден астам іс-шара өткіздік. Осы тұста ата-аналардан да мұқият болуды сұраймыз. Жасөспірімдердің мінез-құлқына ерекше мән беру керек. Өкінішке қарай, мұндай кәсіп түрімен кәмелетке толмағандар да айналысып жүр. Егер балаңыздың бойынан қаңдай да бір өзгерістерді байқасаңыз, дереу дабыл қағыңыз. Әсіресе, жасөспірімдердің қалтасынан бағалы заттар мен қомақты сомадағы ақша табылса, міндетті түрде оның қайдан келгенін анықтау қажет, –  деді ол. 

Айта кетейік, есірткі бизнесіне қатысты барлық құқық бұзушылықтар жөнінде (ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының телефон нөміріне анонимді түрде хабарлауға болады: 8 (7232) 26-42-76.

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив