
Қазақстанда фармацевтика өндірісі үш жылда 37%-ға өсті
Қазір елімізде 200-ден астам фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші жұмыс істейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Отандық дәрі-дәрмек өндірісі ұлғайып, өңірлердегі медициналық инфрақұрылым кеңейіп келеді. Сонымен қатар кадр тапшылығын азайту және медициналық қызметтерді цифрландыру бағытында бірқатар шара жүзеге асырылуда.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары аясында жүргізілуде. Президент отандық дәрілік заттардың көлемі мен ассортиментін арттыруды, медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылауға заманауи цифрлық құралдарды енгізуді тапсырған.
Отандық дәрі-дәрмек өндірісі артып келеді
Соңғы үш жылда қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 30%-ға артты.
Қазір елімізде 209 фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші, оның ішінде 43 дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Отандық өнімнің үлесі заттай есептегенде 40,3%-ға жетті.
Фармацевтика саласында сегіз ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны – 391,3 млрд теңге. Жобалар аясында 1 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, Қазақстанда 494-тен астам дәрілік зат шығару жоспарланған. Олардың қатарында онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған препараттар бар.
Медицинадағы кадр тапшылығы азайып келеді
Медицина қызметкерлерін өңірлерге тарту және әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді. Әлеуметтік қолдауға ие болған дәрігерлер саны 2024 жылғы 796-дан 2025 жылы 1 760 адамға дейін өсті.
Ауылға баратын тапшы мамандық иелеріне берілетін біржолғы төлем 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. 2025 жылы мұндай қолдауды 529 дәрігер алды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда елдегі дәрігер тапшылығы 20%-ға, орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 7%-ға төмендеді. Ауылдарда дәрігер тапшылығы 30%-ға қысқарды.
Ауылдық жерлерде медициналық көмек қолжетімді бола түсті
2019 жылдан бері Қазақстанда 1 263 денсаулық сақтау нысаны салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды.
Нәтижесінде 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне дейін жаңғыртылып жатыр, оның 12-сінде жұмыстар аяқталған.
Жаңғырту толық аяқталғаннан кейін 4 млн-нан астам ауыл тұрғыны облыс орталықтарына бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады.
Цифрландыру 40 млрд теңгеден астам экономикалық әсер берді
2025 жылы Қазақстанда көрсетілген 215 млн-нан астам медициналық қызметтің 190,8 миллионы немесе 88,6%-ы электрондық форматта ұсынылды. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланған.
Цифрлық бақылау қаржының негізсіз жұмсалуын азайтуға да мүмкіндік берді. Face ID технологиясының көмегімен медициналық көмекті негізсіз тұтыну 7,5%-ға қысқарып, шамамен 10,6 млрд теңге үнемделді. «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмекті негізсіз тұтыну 3,5 млрд теңгеге азайды. Ал медициналық қызметтердің көлемі мен құнын асыра көрсету бойынша 6,1 млрд теңгенің негізсіз есептеулеріне жол берілмеді.
Жалпы 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласына енгізілген цифрлық шешімдердің экономикалық әсері 40 млрд теңгеден асты.
Өмір сүру ұзақтығы рекордтық көрсеткішке жетті
2025 жылы Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгей тіркелді. Нәресте өлімі 15%-ға төмендеп, тірі туған әр мың балаға шаққанда 5,85 жағдайды құрады.
Халықаралық бағалау бойынша Қазақстан Орталық Азияда күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша бірінші орында. Сондай-ақ ел Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға қысқарту жөніндегі нысаналы көрсеткішіне қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
Осылайша, денсаулық сақтау саласындағы жаңғырту отандық фармацевтиканы дамытудан бастап, ауыл медицинасының инфрақұрылымын кеңейтуге, кадрларды қолдауға және цифрлық бақылауды күшейтуге дейінгі бірнеше бағытты қамтып отыр. Негізгі міндет – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын күшейту.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер