Өскеменде биыл екінші рет «Жас мерген» телетурнирі қолға алынып, облыс асып, республиканың бірнеше өңірінен оқушылар жүлделі орындарды сарап салып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жас мергендер Nurorda мектеп-лицейіне жиналды. 80-ге жуық оқушы іріктеліп, бүгін 16 қатысушы медаль үшін жарыс жолына шықты. Осалы жоқ. Дегенмен толқу, тәжірибенің аздығы мен шабан дайындығы аяқтан шалып, жүлдеден шет қалғандары түс ауа жүгін жинап, жолға шығып кетті.
Ал оған дейін өткен жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев сөз алып, аталған бастаманың ауқымы кеңейе түсуіне тілек білдірді.
– Бүгін біз сіздермен бағзыдан бері қанымызға сіңген асыл қасиет, Алтын орданың заңды мұрагері ретінде бес қаруын сайлаған бабалар жолын жалғап, ептілікке, төзімділікке баулу мақсатында арнайы бас қосып отырмыз. Nurorda мектебі, Altai телеарнасы және басқа да қолдау білдірген жандар еңбегін айта кеткен орынды. Бұл бекзат өнер. Бәріне сәттілік, – деді Айдар Серікқазыұлы.
Қазір 1/8 финал өтіп жатыр. Көбі бабында. Keremet садақ ату орталығының иесі Бибәти Тұрымтай бәрін түгендеп, аты-жөндерін бір атап шықты. Біршама мықты қатысушы бар екенін байқадық. Соның бірі – Тарбағатайдың Ақжар ауылынан келген Ерслан Рахметқазы. 1,5 жыл ішінде Әлем чемпионы атаныпты. Аз уақытта мұндай нәтижеге қол жеткізуін үздіксіз дайындық пен мықты бапкер тәлімімен байланыстырды. Дегенмен медальдан әркімнің-ақ бар таласы. 15 метр қашықтықта тұрып, нысанаға дөп тигізгендері аз емес.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет: автордікі
Пікірлер