Құлақтары сынған, көзқарасы сұсты жігіттер мен спортшының жақындары жуықта АҚШ-тың Лас-Вегас шаһарында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегерін қарсы алу үшін жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, жуықта мұхиттың ары жағында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жаһандық жарыс өткен болатын. Сол жерде Өскеменнің тумасы Темірлан Тұрдақын ел намысын қорғады. Шешуші сынға дейін аптықпай жетіп, 87 келіге дейінгі салмақтың финалында ирандық спортшымен күресті. Дегенмен алтын медаль алуға аз ғана жетпей, күміс медальға ие болды. Әуежайда жақындарымен жолығып, естелік суретке түскен соң жарысты қорытындылады.
– Бәрі жақсы өтті. Тек финалда тактика дұрыс болмай, ұтылып қалдық. Бірінші белдесуімде Венесуэла елінің өкілін жеңдім. Ширек финалда түрік спортшысын, жартылай финалда ресейлік палуанды ұттым. Әрбірі қиынға түсті, үш белдесуім де 6 минутқа созылды. Чемпионат алдында Алматыдағы Тау самал базасында, сосын Алматыдағы базада оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл менің үшінші Әлем чемпионатым, – деді Темірлан.
Иә, ол осыған дейін екі мәрте қола медаль алған. Осы жолы алтынға сынық сүйем қалғанда ғана сүрінді. Жеке бапкері Данияр Абиловтың сөзінше, Темірланның күміс медалі еңбектің ақталғанын көрсететін жоғары нәтиже.
– Осы жолы тағы бір саты жоғарыладық. Ендігі Әлем чемпионатында алтын аламыз деп сенеміз. Келесі жылы Олимпиада ойындарына іріктеу басталады. Бұйырса соған дайындаламыз. Осындай нәтиже көрсеткен оқушыма разымын. Төккен тер ақталды, елге жүлде әкелді, – деді бапкер.
Ол әлемдік жарыста жоғары нәтиже көрсетуге қолдау білдіріп, сапалы жаттығу жүргізуге қолұшын созған барлығына алғыс білдірді. Дене шынықтыру және спорт басқармасына, Титан-магний зауыты президентіне және грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қонысбек Төкеновке рахметін жеткізді. Айта кетейік, Темірлан ТМК зауытының залында дайындалады. Ол жерде жаттығуға жасалған жағдай жақсы көрінеді.
Әуежайға грек-рим күресінен халықаралық, құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері келді. Барлығы Темірлан үшін тақым қысқан жігіттер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер