A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 10:05 0

ШҚО-да Республика күніне орай ақша беріле ме?

Бүгін / ШҚО

25 қазан – Республика күніне орай Қазақстанның бірқатар өңірінде азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Кей өңірде мүгедектігі бар адамдар мен балаларға, енді бірінде бірнеше санаттағы азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал бірқатар облыс пен қалада мерекеге арнайы төлем қарастырылмаған. BAQ.KZ тілшісі әкімдіктерге ресми сауал жолдап, жауаптарын жинақтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

25 қазан – Республика күніне орай бірқатар өңірде азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Әкімдіктердің ресми жауаптарына сәйкес, төлемдер негізінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж басқа да санаттарға беріледі.

Қай өңірлерде әлеуметтік көмек беріледі?

Ақтөбе облысы

Республика күніне орай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар адамдарға 13 АЕК немесе 56 225 теңге, ал мүгедектігі бар балаларға 26 АЕК немесе 112 450 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.

Әкімдік мәліметінше, көмек шамамен 27 400 адамға арналған. Төлемді қазан айында беру жоспарланған.

Атырау облысы

Атырау облысында барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жылына бір рет 20 АЕК, яғни 86 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Алайда 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар бұл төлем санатына кірмейді.

Жоспар бойынша көмек алушылардың ішінде I топтағы мүгедектігі бар 3 083 адам, II топтағы 9 833 адам және III топтағы 10 030 адам бар.

Әкімдік жауабында ардагерлерге және өзге санаттағы азаматтарға Республика күніне орай қосымша қолдау қарастырылмағаны көрсетілген.

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында барлық топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға 3 АЕК немесе 12 975 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу жоспарланған.

2026 жылы бұл көмекті 34 120 адам алады. Төлемге жергілікті бюджеттен 426 млн 363,5 мың теңге бөлінген. 2027 жылға 485 млн 842 мың теңге жоспарланған.

Облыста Республика күніне орай басқа санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек қарастырылмаған.

Павлодар облысы

Павлодар облысында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек қарастырылған.

Бұдан бөлек, биыл Конституция күніне байланысты төленетін кейбір біржолғы төлемдер Республика күніне ауыстырылған. Бұған Конституция күнінің 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылуы себеп болған.

Осыған сәйкес:

18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға 20 АЕК;
колледжде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға 30 АЕК;
жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға 60 АЕК мөлшерінде төлем беріледі.
Бұл мақсаттарға бюджеттен жалпы 748,4 млн теңге бөлініп, 17,9 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Келесі жылы осы төлемдерді Конституция күніне орай, яғни наурыз айында беру көзделген.

Түркістан облысы

Түркістан облысында Республика күніне орай әртүрлі санаттағы 760 азаматқа жалпы сомасы 15,6 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған.

Көмек алушылар қатарында мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, қарттар, жетім балалар, «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлері бар.

Қаражаттың бір бөлігі жергілікті бюджеттен, бір бөлігі демеушілер есебінен бөлінеді. Атап айтқанда, Кентау қаласында 15,1 млн теңге, Ордабасы ауданында 64 мың теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қазығұрт ауданында 400 мың теңге, Төлеби ауданында 76 мың теңге демеушілер есебінен бөлінеді.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 3 356 балаға 20 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 67,1 млн теңге қарастырылған.

Қай өңірлерде Республика күніне орай төлем берілмейді?

Әкімдіктердің ресми жауаптарына сәйкес, төмендегі өңірлерде 25 қазан – Республика күніне арнайы біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылмаған.

Абай облысы. Республика күніне орай әлеуметтік төлемдер де, әлеуметтік осал топтарға, ардагерлерге және басқа азаматтарға арналған қосымша қолдау шаралары да жоспарланбаған.
Ақмола облысы. Республика күніне арнайы әлеуметтік төлем жоқ. Қазан айында зейнеткерлерге Қарттар күніне, ал мүгедектігі бар адамдар мен балаларға Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай 3 АЕК мөлшерінде көмек қарастырылған. Бұл төлемдер Республика күніне берілмейді.
Алматы облысы. Республика күніне біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылмаған.
Шығыс Қазақстан облысы. Мерекеге орай қосымша әлеуметтік көмек, оның ішінде санаторий-курорттық емдеу, коммуналдық қызметтер мен қатты отынға төлем, тіс протездеу және жеңілдікпен жол жүру сияқты қолдау шаралары қарастырылмаған.
Жамбыл облысы. Жергілікті өкілді органдардың қағидаларына сәйкес Республика күніне әлеуметтік көмек берілмейді.
Жетісу облысы. Біржолғы әлеуметтік қолдау төлемдері қарастырылмаған.
Қарағанды облысы. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес Республика күніне арнайы әлеуметтік төлемдер жоқ.
Қостанай облысы. Мерекеге орай азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылмаған.
Маңғыстау облысы. Бұған дейін барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға 5 АЕК мөлшерінде жылына бір рет әлеуметтік көмек төленген. Алайда 2026 жылғы мамырда әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілгеннен кейін бұрын бірнеше мерекеге бөлінген төлем бір мерекелік күнге біріктіріліп, 1 мамырға белгіленген. Сондықтан 25 қазанға арналған әлеуметтік төлем жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы. Әкімдіктің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №233 қаулысына сәйкес Республика күніне біржолғы әлеуметтік көмек төлеу көзделмеген.
Ұлытау облысы. Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік төлем жоспарланбаған. Тиісінше, төлем алушылардың санаты, мөлшері мен саны белгіленбеген.
Алматы қаласы. Республика күніне біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылмаған.
Астана қаласы. 25 қазанға орай біржолғы әлеуметтік төлем беру жоспарланбаған.
Шымкент қаласы. Қолданыстағы қағидалар бойынша Республика күніне әлеуметтік көмек берілмейді. Қала әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік көмекке қатысты қосымша ұсыныстар жаңадан сайланған мәслихатқа енгізіледі.
Осылайша, әкімдіктер ұсынған ақпарат бойынша Республика күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төлеу Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында қарастырылған. Қалған өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда дәл осы мерекеге арналған арнайы төлем жоқ.

Фото: Ақорда

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив