A+ A A-

talgatzhan 47 Бүгін, 11:05 0

Қабырғаларға қарай бергің келеді: Өскеменде мурал салу трендке айналды

Бүгін / Өскемен

Қалада соңғы жылдары тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың қасбетіне сурет салу жиіледі. Ерлік пен еңбек, достық пен келбет алма-кезек дәріптелді. Қала көшелеріне көрік берген муралдар бүгінде сәулет өнерінің ажырамас бөлігіне айналып, шаһардың өзіндік келбетін қалыптастыруға үлес қосып үлгерді. Әр қабырғаға салынған суреттің өз айтары, мән-мағынасы бар. Бірі ұлт тарихы мен құндылықтарды ұлықтаса, енді бірі табиғат әсемдігін, адамзатқа ортақ ізгі ойларды бейнелейді. Апталап уақытын сарп еткен жігіттердің еңбегі қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударып келетіні рас, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мексикадағы қозғалыстың муралға әсері

Мурал – ғимараттар мен көпқабатты үйлердің қабырғасына салынатын көркем туынды. Бұл атау испан тіліндегі «mural» сөзінен шыққан, мағынасы – «қабырғаға қатысты».

Әдетте муралдар белгілі бір кезең тынысын, халық тарихы мен мәдениетін, қоғамдағы өзекті мәселелерді бейнелейді. Біз көріп, көзайым болғанымыз да заман ағымында заңғар тұлғаға айналған жандар.

Аталған өнер түрінің тарихына көз жүгіртсек, ежелгі өркениеттерде адамдар үңгірлердің, ғибадатханалар мен тұрғын үйлер қабырғаларына түрлі бейнелер салған. Мурал өнерінің заманауи қоғамдық бағыт ретінде кеңінен танылуына ХХ ғасыр басындағы Мексикадағы қозғалыс үлкен ықпал етті. Ал 1920 жылдардан бастап суретшілер қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына ел тарихын, ел-жұрт тұрмысы мен әлеуметтік өзгерістерді бейнелейтін көлемді туындылар сала бастады.

Соңғы жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғимараттардың қасбетін көркем суреттермен безендіру кең етек алды. Өскемен де бұл жаңашылдықтан тыс қалған жоқ. Қаладағы әралуан ғимаратқа көз тіксеңіз, тоқтаусыз өте шығу мүмкін емес. Бір сәт кідіріп, осындай өзгеше өнердің астары мен әсемдігіне таңдай қағасыз.


Қалада қанша мурал бар?

Қала әкімдігі ақпаратынша, алғашқы мурал 2023 жылы М.Горький көшесінде салынды. Хоккейші бала бейнеленген туынды Өскеменнің қашан да қысқы спорттың қайнаған қазаны болғанын айқындайды. Жалпы, нақты қанша және қандай муралдар салынғаны туралы ақпаратты тізім түрінде ұсынуды жөн көрдік.

2023 жыл:

1. Хоккейші баланың бейнесі (Максим Горький көшесі, 82);

2. Әлихан Бөкейханов бейнеленген мурал (Көкжал Барақ көшесі, 2/1);

3. Мемлекеттік туды ұстаған бала (Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 43);

4. «Бәрі жақсы болады» муралы (Көкжал Барақ көшесі, 7/1);

5. Қабырғаға сурет салып тұрған қыз (Облыс әкімдігінің шаруашылық корпусы);

 

2024 жыл:

1. Ахмет Байтұрсынұлына арналған (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 25/1);

2. Мұзтау көрінісі (Әміре Қашаубаев көшесі, 6);

3.«Өскемен» әуе шары (Қазақстан көшесі, 65);

4. Туға қарап тұрған қыз (Мызы көшесі, 35);

5. «Өскемен» жазуы бар кішкентай қыз (Шәкәрім даңғылы, 182);

 

2025 жыл:

1. Бауыржан Момышұлына арналған мурал (Қабанбай батыр көшесі, 136);

2. Ұлттық киімдегі қыз (Әуезов көшесі, 16);

3. Қар барысы (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 11);

4. Астана күніне арналған мурал (Әміре Қашаубаев көшесі, 13);

5. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл (Крылов көшесі, 106);

6. Металлург бейнесі (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 33);

7. Полицей бейнесі (Гагарин бульвары, 12);

8. Әлия Молдағұловаға арналған мурал (Протозанов көшесі, 79);

 

Ал биыл «Әділетті Қазақстан» муралы (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 10), Көкжарлы Көкжал Барақ батырға арналған мурал (Есенберлин даңғылы, 8), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған мурал (Жастар көшесі, 15) салынды. 

 

Авторы – алматылық суретші

«Стрит-арт» стиліндегі суреттерді салу оңай шаруа емес. Бұл жұмыс суретшіден шығармашылық ізденісті, кәсіби шеберлік пен үлкен шыдамдылықты талап етеді. Олардың еңбегі көзге бірден көріне бермегенімен, нәтижесі қала ажарын аша түседі.

Өскемендегі бірқатар муралдың авторы – алматылық суретші Ержан Танаев. Ол бейнелеу өнерімен бала кезінен айналысады. 7 сыныптан бастап сурет үйірмесіне қатысып, 9 сыныптан кейін О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне оқуға түсті. Кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Кескіндеме» мамандығы бойынша тәмамдады.

– 2007 жылдары колледжде оқып жүрген кезімде хип-хоп мәдениетіне қатты қызықтым. Сол бағытта сурет сала бастадық. Топтасым Әли Закирмен бірге «Tigrohaud» командасын құрып, көлемді қабырға суреттерін салуды армандадық. Ол кезде Қазақстанда мурал өнері әлі кең тарала қоймаған еді. Алматыдағы алғашқы муралды Ресейден келген суретші салды. Ал біз алғашқы қабырға суретімізді Талдықорғанда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жасадық, – деді Ержан Танаев.

Оның сөзінше, тапсырыстардың басым бөлігі әкімдіктерден түседі. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды насихаттап, елге еңбегі сіңген танымал тұлғаларды дәріптеу.

– Көлемі мен күрделі болуына қарай бір муралды бес-алты күнде аяқтаймыз. Негізінен фасадтық бояуларды пайдаланамыз, ал ұсақ бөлшектерді аэрозольді бояу баллондарымен саламыз. Бағасы әртүрлі. Ең алдымен, суреттің көлемі мен күрделілігі, жұмсалатын материалдар және басқа да шығындар ескеріледі, – деді суретші.

«Tigrohaud» командасы Өскеменде екі-үш жылдай жұмыс істеді. Ержан Танаевтың айтуынша, қалада мурал салуға болатын қабырғалар жеткілікті. Бұл тұрғыда алып Алматы шаһарында орын табу қиынға түседі екен.

– Өскеменнің келбеті жаңарып, қаланың дамуы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Осы уақыт ішінде жақсы жобалар жүзеге асты. Өзіме ерекше жақын туындылардың бірі – Әлихан Бөкейхановтың портреті. Жалпы, Қазақстанның бірқатар өңірінде жұмыс істедік, елдің жартысын аралап шықтық деуге болады. Қазірге дейін 50-60-қа тарта мурал салдық. Соңғы жылдары бұл салаға қызығатын жастар да көбейіп келеді. Мұны қуантатын үрдіс деп білемін, – деді Ержан Танаев.

 

Барақ батырдың бейнесін салған

Жуырда әлеуметтік желіде Өскеменде салынған Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың муралы кеңінен тарап, қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Тарихи тұлғаның бейнесін қабырғаға түсірген автор – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, суретші Олжас Ризабек.

– Сурет салып жүргеніме он жылдай, ал мурал өнерімен айналысып келе жатқаныма төрт жыл болды. Тапсырыс берушілердің көбі өздері қалаған дизайнды ұсынады. Ал әкімдік тарапынан белгілі бір идея беріледі. Соған сәйкес біз 10-15 нұсқа әзірлеп, ішінен ең қолайлысын таңдаймыз, – деді ол.

Суретшінің сөзінше, жұмыс барысы ауа райына байланысты. Орта есеппен бір муралды салуға он күндей уақыт қажет. Себебі жаңбыр мен жел сияқты табиғи құбылыстар кедергі келтіретін кездер болады.

– Қасымда әріптесім Олжас Халилла бар, екеуміз бірге жұмыс істейміз. Қолданатын материалдарымызды Алматыдан алдырамыз. Олар күн сәулесіне, қар мен жаңбырға төзімді. Өзім үшін әр жұмыстың өз орны бар. Дегенмен Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың муралы мен үшін ерекше. Осы туынды арқылы Өскемен жұртшылығына кеңірек таныла бастадық. Қала тұрғындарынан жақсы пікірлер көп естідік, – деді Олжас Ризабек.

Оның айтуынша, Өскеменде мурал өнері қарқынды дамып келеді.

– Биылдың өзінде шаһарда екі мурал салдық. Бұдан бөлек, Риддер қаласы мен Алтай, Күршім, Самар аудандарында да қабырғалар жаңаша келбетке ие болды. Алдағы жоспарларымыздың бірі – Өскеменнің көркем табиғатын бейнелеу. Бұл өлкенің табиғаты ерекше, сондықтан оны мурал арқылы көрсетудің өзі қызықты шығармашылық жұмыс болар еді, – деді алматылық суретші.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив