Өскемендік 19 жастағы Камир Нұрғалиевті Ресейде бейтаныс адамдар қорқытып, әскери келісімшарт деп айтылған әлдеқандай құжаттарға мәжбүрлеп қол қойғызып алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.
Ата-анасы алаңдап отыр
Қазір жігіттің жақындары оның тағдырына алаңдаулы. Туыстары биыл көктемде Қазақстанда колледжді бітірген соң Ресейге табыс табам деп жол тартқан Камир жаз соңына дейін Гагарин қаласындағы шұжық өндіретін кәсіпорында жұмыс істегенін айтып отыр. Сосын Ульяновск қаласында тұратын досына барып аялдаған. Анасы «ұлым Қазақстанға қайтуды ойлап жүрген» дейді.
15 қазан күні Камир немере ағасына Telegram мессенджері арқылы бөтен адамның аккаунтынан қоңырау шалып, басынан өткен жағдайды қысқаша айтып берген. Айтуынша, Ульяновск көшесінде досымен кетіп бара жатқанда микроавтобуспен жолын кес-кестеген бейтаныс адамдар ұрып-соққан. Одан бөлек, «Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт деп көрсеткен құжаттарға қол қоймасаң, есірткі табылғаны жөнінде іс қозғаймыз» деп қорқытқанын жеткізген. Камир телефонын бөгде адамдар тартып алғанын, өзін құтқаруын өтініп Қазақстандағы отбасынан көмек сұраған.
СІМ көмек бере ме
Анасының Камир өзінің нақты қай жерде екенін білмейтінін айтып, «даладамын» деп сипаттағанын алға тартты. Және өзін Ростов жаққа «оқуға» әкетпекші болып жатқанын айтқан. Шешесі баласының жағдайын, қай жерде екенін анықтауды сұрап, Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жүгінген.
Енді үйдегілері Ресейде Камирді ұстап отырғандар оны соғысқа алып кете ме деп қауіптенеді. «Уральская неделя» басылымы оның отбасына Қазақстанның Қазандағы консулдығы қызметкерлері хабарласып, көмектесуге уәде еткен деп хабарлады.
Дереккөз: «Уральская неделя» басылымы
Пікірлер