Energyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметінше, соңғы он жылда қазақстандықтардың киімге, матаға және аяқ киімге жұмсайтын шығындары айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алайда бұл тауарлардың жалпы тұтынушылық шығындардағы үлесі азайған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында киім мен аяқ киімге ең аз қаражат жұмсаған өңір – Шығыс Қазақстан облысы.
Соңғы он жылда халықтың матаға және аяқ киімге жұмсайтын орташа шығыны 72 пайызға артты. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 79,6 мың теңгеден 136,9 мың теңгеге дейін өсті. Дегенмен аталған тауарлардың жалпы тұтынушылық шығындардағы үлесі 10,5 пайыздан 6,7 пайызға дейін төмендеді.
Energyprom.kz мамандары шығындардың өзгерісін бағалау кезінде тек жұмсалған қаражат көлемін ғана емес, баға динамикасын да ескеру қажет екенін атап өтті.
- Шығындардың өсуі халықтың киім мен аяқ киімді көбірек сатып ала бастағанын білдірмейді. Өсімнің бір бөлігі бағаның қымбаттауына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан ақшалай шығындар көрсеткіштеріне ғана сүйеніп, мұндай тауарларды нақты тұтыну көлемінің қалай өзгергенін дәл бағалау мүмкін емес, – деп түсіндірді мониторинг агенттігі.
2026 жылдың алғашқы алты айында елдегі бір үйдің киімге, матаға және аяқ киімге жұмсаған орташа шығыны 136,9 мың теңге болды. Аталған тауарларға жұмсалған қаражат жалпы тұтынушылық шығындардың 6,7 пайызы, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығындардың 30,8 пайызы.
Өңірлер арасындағы көрсеткіштерге келсек, киімге, матаға және аяқ киімге жұмсалатын ең төменгі шығын Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Мұнда бір үй адамдарына шаққандағы шығын 80,3 мың теңге болды. Ал ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында байқалды. Бұл жақта шығын - 236,8 мың теңге.
Аталған тауарлардың бір үй адамдарына шаққандағы жалпы тұтынушылық шығындарындағы үлесі де өңірлер бойынша ерекшеленеді. Ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында тіркелді (11,2 пайыз), ал ең төменгі үлес Алматы облысында байқалды (4,8 пайыз). Облыста бұл көрсеткіш 4,9 пайызға тең болды.
Пікірлер