ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, өңірде Chevrolet Cobalt маркалы көлігі тоқтатылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Рөлде бұған дейін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған 29 жастағы ер адам болған.
- Тексеру барысында көлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тағылғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізуші полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған, жол қозғалысына қауіп төндіріп, маневр жасау кезінде бұрылыс көрсеткішін қоспаған. Сондай-ақ көліктегі жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды, - делінген ресми мәліметте.
Жүргізушінің көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталған өзге де құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Көлік арнайы тұраққа қойылып, жалған нөмірлік белгілері тәркіленді. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Пікірлер